Жастар

Чемпионат басталды

«Worldskills Aktobe-2022»

Кеше Студенттер сарайында «WorldSkills Aktobe-2022» аймақтық чемпионаты басталды. Еңбек адамының мәртебесін дәріптеу және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, шеберлік дағдыларын дамыту мақсатында қолға алынған бұл жоба биыл облыста жетінші рет өткізіліп отыр.

Аталған чемпионат 57 құзыреттілік бойынша өткізіледі. Атап айтсақ, веб-дизайн, электрожөндеу, аспаздық, шаштараздық өнер, дәнекерлеу технологиясы, киімді модельдеу және дизайнерлік бағыт, мехатроника, тас қалау және т.б.

Шараға 16-22 жас аралығындағы 300-ге жуық болашақ кәсіпқой маман қатысып жатыр. Олардың дені — облыстағы колледждерді бітіруші түлектер.

Чемпионат барысында байқау алаңдары ретінде 11 колледж таңдалған. Олардың қатарында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, құрылыс және бизнес колледжі, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі, автокөлік-жол колледжі, өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжі, сервис колледжі, М.Мәметова атындағы жоғары медициналық колледжі, гуманитарлық колледж, байланыс және электротехника колледжі, Ш.Берсиев атындағы жоғары ауылшаруашылық колледжі, көлік, коммуникация және байланыс колледжі бар. Сондай-ақ бірқатар байқаулар «Tойота», «КамАЗ» орталығының алаңдарында өтеді.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан жыл сайын өңірдегі колледждерде мамандықтар саны артып, жас мамандарды жұмыспен қамтуда жаңа жобалар қолға алынып жатқанын жеткізді.

— Мен «WorldSkills Aktobе» чемпионатын төрт жылда бір болатын спортшылардың олимпиадасына теңеймін. Алайда бұл чемпионаттың ерекшелігі — жыл сайын өтетіндігінде. Биыл, міне, жас мамандардың кәсіби шеберлігі анықталатын чемпионат өңірімізде жетінші рет өткізіліп отыр. Сондықтан осы кәсіби байқауға қатысып отырған жастарға сәттілік және жеңіс тілеймін, — деді ол.  

Бұдан кейін сахнаға чемпионатқа қатысушы командалар шығып, өздерін таныстырды. Сондай-ақ белсенді жастар өз мамандықтарына адал болуға ант беріп, чемпионат сарапшыларына өз ризашылықтарын жеткізді.

Айта кету керек, аталған чемпионат 18-24 мамыр аралығында өтеді. Шараның қорытындысында жеңімпаздар марапатталып, үздік оқу орындары республикалық кезеңге жолдама алады.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button