Ауыл

Облыс әкімінің кубогы сарапқа салынды

Ойыл ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында облыс әкімінің кубогына арналған спартакиада өтті. Жарысқа қатысушылар суда жүзу, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы спорт түрлерінен сынға түсті.

Спартакиаданың ашылу салтанатында аудан әкімі Асқар Қазыбаев құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент директоры Әділбек Мұқашев пен Ақтөбе облысы әкімі аппаратының бас инспекторы Алмас Құрманғалиев мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының жауапкершілігін  сезініп, өз елінің патриоты болуға міндетті екенін айтып, қатысушыларға тартысты ойын көрсетуге шақырды.

Жарысқа облыстың барлық аудандарынан және облыс әкімдігі мен Ақтөбе қаласынан құрама командалар қатысты.

Ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып тұрған ерлер және әйелдер арасындағы суда жүзу сайысы жанкүйерлерінің көптігімен ерекшеленді. Жүзу спорты бойынша ерлер арасында хромтаулық Бақытбек Усмаханов жеңімпаз атанса, әйелдер арасында қобдалық М.Бекешованың бағы жанды.

Шахматтан ерлер арасында темірлік Ж.Құсайынов дара шықса, әйелдер арасында Байғанин ауданынан келген А.Әділханова үздік деп танылды.

Дойбы сайысы да өте тартысты өтті. Ұшқыр ойлы мемлекеттік қызметкерлер арасында ойылдық Ақжол Иманов жеңімпаз атанды. Әйелдер арасында шалқарлық Айгүл Қарағұлова топ жарды.

Тоғызқұмалақтан нағыз есепке мықты мамандар бақ сынасты. Нәтижесінде ақтөбелік Саят Қуантаев пен Дина Мұханбетова жеңімпаз атанды.

Қатысушылардың мемлекеттік қызметпен қатар спортты да серік етіп жүргендері қуантарлық жағдай. Спартакиадаға қатысқан барша спортшыларға арнайы медальдар мен Алғыс хаттар табысталды.

М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button