Ауыл

Ауыл келіндері сынға түсті

Шалқар ауданындағы Мөңке би ауылында «Қазақтың келіндері-ай» атты аудандық келіндер сайысы ұйымдастырылды.

Ашық аспан астында нағыз ауылдың шынайы көрінісін айқындай түскен келіндер өздеріне тән ісмерлік пен инабаттылықты көрсете білді.

Аудандық жастар ресурстық орталығының және Мөңке би ауылдық округі әкімі аппаратының бірлесе ұйымдастыруымен өткен шараға Айшуақ, Ақтоғай, Бершүгір, Қауылжыр, Жаңақоныс және Мөңке би ауылдық округтерінің келіндері қатысты. Әр ауылдың үмітін арқалап келген жас келіндер өз елін таныстырып, сиыр сауу, ұршық иіру, қазанға от жағып, самаурынға шәй қою, бауырсақ пісіру кезеңдері бойынша шеберліктерін көрсетті.

— Әр шаңырақтың ұйытқысы болып отырған келіндер сайысында ұлттық дәстүрлеріміз ұлықталды, көне ғұрыптар қайта жаңғырды. Бұл игі бастама дәстүрлі түрде жалғасатын болады, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова.

Қазақ келіндерінің ақылы мен парасаты сынға түскен сайыста Мөңке би ауылдық округінен К.Амангелдина жеңімпаз атанды. Айшуақ ауылының келіні Г.Тұрмағамбетова екінші орынды еншілесе, Жаңақоныс ауылдық округінен А.Аяпова үшінші орынға қол жеткізді.

Жүлдегерлерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Көрермендер осындай мерекелік кеш сыйлаған ауыл өнерпаздарына риза болып, көтеріңкі көңіл-қүймен тарқасты.

 А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button