Ауыл

Безендіруші Алтынгүл

Тосыннан келген қиындықтарға қарсы тұра білген қайсар жандардың өмірі өзгелерге өнеге. Хромтау ауданының тұрғыны Алтынгүл Дарбаеваның да жүріп өткен жолы көпшілікке үлгі боларлықтай. Кенеттен сырқаттанып, үш отадан өтіп, ауыртпалықтарды еңсере білген бақытты ана бүгінде табысты кәсіп иесі.

Ол мектепте белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары оқушы болды. Мектепішілік шаралардың бәріне бірін қалдырмай қатысатын. 2008 жылы мектепті, үш жылдан соң колледжді ойдағыдай аяқтап, еңбекке араласамын деп жүргенде Алтынгүл кенеттен науқастанып қалады. Дәрігерлердің көңіл көншітпейтін болжамдарын естіген бойжеткен болашаққа деген сенімін бір сәтке жоғалтқандай болады. Ауыр сырқатқа душар болып, екі жыл бойы сырқаттанып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған жас қызға оңайға соқпайды. Дегенмен ата-анасының  қолдауы оның қайсар мінезін қамшылап, алға жетелейді.

— Ата-анам менің аяғыма тұрып кететініме соңына дейін сенді. Олардың табандылығы мен мықтылығын көріп, мен де күш алдым. Олардың сенімін ақтағым келді. Тезірек жазылып, мақсаттарымды іске асыруды армандадым. Кешенді ем алғанның, жақындарымның қолдауының арқасында бірте-бірте қалпыма келіп, екі жылда жазылып шықтым, — деп өміріндегі қиын кезеңді есіне алды.

Кейіпкерімнің оқиғасы шексіз махаббат пен қолдаудың сынақтан сүрінбей өтуге күш беретінін, жан мен тәнге дауа бола алатынын тағы бір мәрте дәлелдегендей. Сұхбат барысында оның жанарынан ата-анасына деген зор алғысты, өмірге құштарлықты, келешекке ұмтылысты байқадым.

Бүгінде дертінен айыққан, өмірге құштар Алтынгүл мерекелік кештерді безендірумен айналысады. Оның «Romantic» атты студиясы түрлі мерекелік шараларды баннерлермен, қалқымалы шарлармен безендіруге, фотоаймақтарды рәсімдеуге тапсырыстар қабылдайды. Бір сөзбен айтқанда, той мен мерекенің сәнін келтіруге қажетті қызметтің барлығын ұсынады.

Әңгіме арасында Алтынгүл бізге кәсібін қалай табысты еткенін айтып берді.

— Денсаулығымды дұрыстағаннан кейін «енді немен айналысамын?» деген сұрақ мазалап жүрді. Ойлана келе, тойларға шығып, бейнежазба түсіру ісіне кірістім. Әдемі сәттерді суретке түсіріп алу ұнағанымен, бұл салада айтарлықтай тәжірибем болмады. Сондықтан YouTube желісі арқылы бейнетүсірілімге және оны монтаждауға үйрендім. Алғашында қиын болды, бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім. Тойлар мен мерекелік шараларда көп жүрген соң, безендіру саласына қызыға бастадым. Содан қалқымалы шарлармен безендіру қызметін ұсынатын кәсіп бастауға бел будым. 500 мың теңге көлемінде несие алып, студиямды аштым. Кейде тапсырыс берушілердің сұранысына қарай аниматорлармен келісіп, олармен бірге де жұмыс істейтін болдым. Ауылдардан да тапсырыстар түсіп тұрады, — дейді кәсіпкер.

Қалқымалы шарлармен безендіру — түстерді үйлестіре білуді, ойдағы пішінді дәл шығаруды, талғампаздықты қажет ететін өнер. Оны меңгерген Алтынгүлдің өз кәсібін шын мәнінде ең жоғары сапада орындайтынына шарларға тапсырыс бергенде мен де куә болдым. Күндіз-түні тынбай еңбек ететін ол әр тапсырысқа айрықша ұқыптылықпен қарайды.

Жаңашылдыққа жаны құмар ол тынымсыз тірлік арасында таным көкжиегін кеңейтіп, жан-жақты дамуға да үлгереді. Мемлекет ұсынған кәсіп жүргізуге байланысты түрлі тегін семинарларға, форумдарға барып, білімін жетілдіреді.

— Жұмыс көп болғанына қарамастан, жаңа нәрсені үйренуге уақыт бөлемін. Сондықтан тапсырыстарды түнімен орындап шықсам да, білім беруге бағытталған шараларға қалмай қатысуға тырысамын. Кәсібімді сәтті жүргізуге мемлекеттік бағдарламалардың үлесі болды. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы Ақтау қаласына екі аптаға барып, кәсіпкерлерге арналған форумға қатысып, керемет әсер алып келгенім естен кетпейді. Онда бізге кәсіп ашуға қажетті нәрсенің барлығын үйретті. Сол форумнан келгеннен кейін ісім оңға басты, — дейді ол.

Қазіргі таңда Хромтау ауданында Алтынгүлдің безендіру студиясын білмейтін адам кемде-кем. Себебі олар өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкердің тек қана сапалы өнім ұсынатынын біледі.

Жанел ӨТЕУЛІ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button