Мәдениет

«Ричард ІІІ» — түйткілдер туралы трагедия  

Театр

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Ричард ІІІ» трагедиясының премьерасы өтті. Қазақ труппасы сахналаған Уильям Шекспирдің әлемге әйгілі классикалық туындысы 18 жастан жоғары көрермендерге арналған.

Өйткені спектакль философиялық ойларға құрылған, ересек адамның өзі бір көргеннен бәрін түсінбеуі мүмкін… Бұны фестивальге арналған, эксперименттік жұмыс деуге болады.

— Көзі қырағы көрермен аталған қойылымның биыл Ақтөбеде өткен «Балауса»  эксперименталды спектакльдер фестивалінде ұсынылғанын және «Үздік режиссерлық жұмыс» ретінде танылғанын біледі. Балалар түсіне қоймас деп афишада «18+» деп белгіледік. Себебі қойылымның көтеретін тақырыбы ауыр, екінің бірінің қабылдауы қиын.

Жыл басынан бері дайындық жұмыстары жүргізілді. Спектакльді сахналауға бюджеттен 2,6 миллион теңге бөлінді. Қоюшы режиссері — Мейрам Хабибуллин, — дейді театр директорының міндетін атқарушы Жандос Еспанбетов.

Қоғамдағы алауыздық, билікке талас, жалпы дүниежүзі елдеріне тән мәселелер көтерілетін трагедияда Кеңес Кемалбаев, Аслан Төлентай, Рахат Төрежан, Фатима Бердібекова, т.б. актерлар ойнайды. Бір қызығы, Ричард III патшаның бейнесін сомдау соңғы аталған жас актрисаға сеніп тапсырылыпты.

Әлемдік классиканың Ақтөбе театрындағы қазақша нұсқасын жарыққа шығаруға қоюшы суретші Айзат Айжарықова атсалысса, Рахат Төрежан мен Серік Закария әнмен көркемдеген.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button