Жеңіс

«1941 жылдың жазы»

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде қазақтың партизан батыры Әди Шәріповтің өмірі мен екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін баян еткен «1941 жылдың жазы» атты кинофильмнің тұңғыш көрсетілімі болды. Көрермен қауымға енді жол тартқан фильмді шалқарлықтарға сүйіншілеудің де өзіндік себебі бар. Осы туындыда жерлесіміз, 1917 жылы Шалқар ауданына қарасты қазіргі Есет ауылында туып, ел басына түскен аштық, репрессия сынды ауыр кезеңдерді басынан өткізіп, жапон, фин қақтығыстарына тағдыры тап келіп, екінші дүниежүзілік соғысы майданында Белоруссия жеріндегі партизандар құрамында болған Әбдіғали Төлегеновтің де өр тұлғасы, батыл қадамдары баяндалады.

Әбдіғали Нұрғалиұлының соғыстағы ерліктері туралы жазушы Әди Шәріповтың «Партизан қызы», «Арбасу», «Ормандағы от» сындыт.б. кітаптарында кеңінен жазылған. Елге есен оралған соң жерлестерінің жадында «Партизан» деп сақталған «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл Ту», I, II дәрежелі «Отан соғысы» орден-медалдарын иеленген майдангердің есімімен бүгінде Шалқар қаласында бір көше аталады.

Мәдениетүйі сахнасындағы кең экраннан көрсетілген жаңа туындының басталуында аудан әкімі Жанболат Жидеханов сөз сөйлеп, Отанға деген сүйіспеншілік тіоятатын бұл фильмнің патриоттық мәні жоғары екендігін жеткізді. Партизан жауынгердің баласы Құдайберген Әбдіғалиұлы киноны көруге ықыласпен жиналған көрермендерге ризашылығын білдірді. 1946 жылы елге оралып, ұзақ жылдар бойы жергілікті шаруашылық ұйымдарда еңбек етіп, 2004  жылы өмірден озған майдангер әкесінің тәлімін еске алды.

Фильмде кескілескен ұрыстағы майдангерлердің антқа адалдығы, батылдық пен патриотизмнің шынайы көріністері, сатқындық кесірі жалпақ көрерменге үлкен ой салды. Нақты бір желімен өрбіген туындының негізгі түсірілімі Белоруссияда, кей тұстары Алматы облысында жүргізілген.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқарқаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button