Жеңіс

Ардагерлер азайып бара жатыр…

Жеңіс мерекесі қарсаңында біз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтовпен сұхбаттасып, өңірдегі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің жай-күйін, оларға жасалған жағдай туралы білген едік.

— Қазіргі таңда облыста 8 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Олардың 6-ауы Ақтөбе қаласында, қалған 2-еуі Мұғалжар және Хромтау аудандарында тұрады. Атап айтсам, Сатылған Бекмағамбетов, Ғизат Тоқтабаев, Қазтай Тыныштықов, Әнуар Ахметзиянов, Борис Конюшенко, Василий Грецкий, Ажар Оразғалиева және  Вера Лоткова. 

Жеңістің 77 жылдығына орай биыл оларға 2 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Ал Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген 1933 адамға 50-100 мың теңге көлемінде қаражат беру қарастырылған. Бұл санатқа жатқызылғандар — Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер (800 адам), Тәжікстан-Ауғанстан учаскесіндегі әскери қызметшілер (407 адам), Ирактағы, Таулы Қарабахтағы қақтығысты реттеуге жіберілген әскери міндеттілер (130 адам), Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар (182 адам), Семей полигонындағы ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқандар (232 адам) және олардың отбасы мүшелері (182 адам). Сондай-ақ «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған 1 азаматқа 100 мың теңге, 1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина, Беларусь, Литва, Латвия, Эстония аумағында болған қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жараланған, мүгедектікке шыққан 2 азаматқа 100 мың теңге, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің  жесірлеріне 50-100 мың теңге (барлығы — 282 адам) тапсырылады.

Тыл ардагерлері, яғни 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде 6 ай жұмыс iстеген 3189 адам 50 мың теңгеден алады.

Нәтижесінде облыс бойынша барлығы 5415 адам 378,7 миллион теңге көлеміндегі бір реттік төлеммен қамтылғалы отыр, — дейді Серік Шаңғұтов.

Оның айтуынша, соғыс ардагерлерінің есімін ұлықтау, жастарға насихаттау мақсатында облыста түрлі іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Волонтерлік ұйымдар тарапынан да қарттардың ауласын тазартып беру сияқты көмек көрсетіледі. Іздестіру жұмыстарын да тоқтатпаған белсенділер бар.

— Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің қатары азайып барады. Біз олардың ерлігін қазіргі жастарға кеңінен дәріптеуіміз керек. Осы бағыттағы жұмыстардан бөлек, біздегі іздестіру топтарының да еңбегі ерен. Мысалы, ақтөбелік делегация өкілдері Ресей Федерациясына барып, соғыстың алғашқы жылдарында Ақтөбеде жасақталған 101-ші атқыштар бригадасы туралы деректерді қайта жаңғырта бастады. Осы тұста ақтөбелік Гумер Галеев бастаған «Боевое братство» қоғамдық бірлестігінің жұмысын ерекше атап өтуге болады.  Сонымен қатар ақтөбелік ізшілер Тверь, Новгород, Калуга облыстарына арнайы барып, олжалы оралғанын айта кеткім келеді. Талай жаңа тізімдер қағазға түсті, сұрау салулар бойынша тың деректер табылды, — дейді әңгімелесушіміз.

Айта кетейік, облыста жалпы саны 90 мыңнан астам еңбек ардагері бар. Олардың басым бөлігі әйел адамдар. Ақтөбе қаласында қарттарға арналған 4 Белсенді өмір сүру орталығы» жұмыс істейді. Зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мұндай орталықтарды енді Ойыл, Мұғалжар аудандарында ашу жоспарланып отыр. Ал облыстық ардагерлер кеңесіне 51 адам мүше екен. 

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button