
Бүгін — Қазақстанның Қарулы Күштеріне 30 жыл. Қазақстан армиясының іргетасының мықты болуына, қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқандардың бірегейі — генерал-лейтенант Болат Жанасаев. Оның өмір жолы кейінгі буынға өнеге, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерен еңбегі бүгінгі генералдар мен офицерлерге үлгі.
Болат Жанасаев, шекара әскерін айтпағанда, барлық қуатты құрылымдардың басшылық құрамында қызмет етті. 1994 жылы Мемлекет басшысы оған Ішкі әскердің тізгінін сеніп тапсырды. 2001 жылы Болат Бақытжанұлы республикалық ұланның Қолбасшысы болды. Ол ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымдарында да жемісті еңбек етті.
Болат Жанасаев Тәуелсіздігін енді алған мемлекетіміздің Отан қорғау мәселелері жөніндегі алғашқы заңдарын — «Қазақстан Респуликасы Қарулы Күштері туралы», «ҚР ІІМ Ішкі әскерлері туралы», «ҚР ҰҚК Шекара қызметі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Заңдарын және басқа да заңдардың жобасын жасап, қабылдануына үлкен үлес қосты.
Бүгінде әскери қайраткер мерейлі жасқа толып отыр. Ол 1952 жылы 29 сәуірде Темір қаласында дүниеге келген. Мереке қарсаңында біз генерал-лейтенант Болат Жанасаевпен Қарулы күштеріміздің кешегісі мен бүгінгісі туралы әңгімелескен едік.
Сенім мен жауапкершілік
— Қазіргі Қазақстанның Қарулы Күштері — қуатты, бес қаруы сай айбынды армия. Осы жылдар ішінде мемлекет тарапынан еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, заман талабына сай кәсіби армия кұруға ерекше көңіл бөлінді. Рас, бір кездері, егемендікті енді алған жылдары, кадр мәселесі күрделі болды. Ол қиындықтың бәрі артта қалды. Елімізде мықты кадр даярланатын іргелі оқу орындары жеткілікті. Ондағы оқытушылық құрамның сапасы да жоғары, — деп бастады әңгімесін Болат Жанасаев.
Қазақстан Армиясы қалай қалыптасты? Бұл туралы Болат Бақытжанұлы былай дейді:
— 1992 жылы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Сол жылы ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Оның қарамағына ел аумағында орналасқан барлық әскерлер кірді. Қорғаныс министрлігінің құрамында 3 құрылымдық әскер бар. Олар — Құрлық әскерлері, Әуе қорғаныс және Әскери-теңіз күштері. Алғашқы қорғаныс министрі ретінде генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Сөйтіп, бұл күн тарих бетінде Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылған күн ретінде қалды, — дейді ол.
Болат Жанасаев 1990 жылы Қаракемер кентіндегі КСРО ІІМ Орталық Азия және Қазақстан бойынша Ішкі әскерлер Басқармасы оқу полкінің командирі болып тағайындалды.
— Сол кездері әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оқу базасын жетілдіруге атсалыстым. Маған жоғары басшылық Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа үміткер болуды ұсынды. Содан ел арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім. Нәтижесінде халықтың қолдауына ие болдым.
Еліміздің Парламентінде халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті құрылды. Сол кезде барлық күш-құрылымдарға қатысты алғашқы заңдар қабылданды. Әрине, аз уақытта заңдардың жобасын әзірлеу оңай болған жоқ. Дегенмен бұл уақыт күтетін мәселе емес еді. Біз халықаралық тәжірибені ескере отырып, еліміздің Қарулы Күштері, құқықтық әскері, қауіпсіздік пен құқық қорғау органдарының алғашқы заңдарын қабылдадық, — дейді Болат Бақытжанұлы.
1992 жылы 22 қыркүйекте Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Қорғаныс туралы» Заң қабылдады. Төрт айдан кейін, 1993 жылы 19 қаңтарда «Жалпыға бірдей әскери міндет және әскери қызмет туралы» Заң күшіне енді. Осы жылы 1 ақпанда «Әскери қызметшілердің және олардың отбасының мәртебесі әлеуметтік қорғалуы туралы» Заң қабылданды.
— Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 26 күннен соң — 1992 жылдың 10 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан құрылды. Өйткені елге ең бірінші кезекте тыныштық пен тұрақтылық керек. Сол себепті Ішкі әскерлер алғашқы болып құрылды, — дейді генерал-лейтенант.
1994 жылы ел Президенті Болат Жанасаевқа Ішкі әскердің тізгінін сеніп тапсырды.
— Маған жүктелген міндеттің жауапкершілік жүгі ауыр болды, Отан алдындағы жауапты істі абыроймен атқаруға бар күш-жігерімді жұмсадым. Ең негізгісі — елдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, жауынгерлердің рухын көтеру-тін. Рухы мықты әскер үшін алынбайтын қамал жоқ. Әскердегі жеңімпаз рухты қалыптастыруға барынша күш салдым, — дейді Болат Бақытжанұлы.
Ол офицерлердің білімін жетілдіруге, тәжірибе жинақтауына ерекше көңіл бөлді. Еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдер мен жеке роталарды, әскери қалашықтарды аралап шығып, жауынгерлердің жағдайын білді. Әр командирдің ұсынысын ықыласпен тыңдап, барлық мәселені шешуге тырысты.
2001 жылы генерал Болат Жанасаев республикалық ұланның Қолбасшысы болды. Республикалық ұлан — салтанатты рәсімдерді орындауға қатысуға, Мемлекет басшысының және өзге де күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аса маңызды мемлекеттік объектілерді күзетуге арналған, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын арнайы әскери орган.
Ол әр жылдары «Шығыс» аймақтық қосынының қолбасшысы, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі болды. Болат Жанасаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымында да жемісті еңбек етті. Генерал-лейтенант 2010 жылы Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы ретінде құрметті еңбек демалысына шықты. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және отызға жуық медальмен марапатталған. Зайыбы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді, төрт немере сүйіп отыр.
Ғибратты ғұмыр, өнегелі із
— Әскери салада қызмет ету — бала кезгі арманым. Әкем мен анам бұл пікірімді құптап, қолдау білдірді. Мектептегі ұстаздарым да бағыт-бағдар көрсетті. Адамның тұлға ретінде қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің маңызы зор. Менің биікке жетуім — әкем Бақытжан Бейсенбіұлы мен анам Үрзия Сәрсенбайқызының адами қасиеттерді санама сіңіре білуінің нәтижесі.
Мектепті бітіргеннен кейін Кеңес Одағының маршалы Иван Конев атындағы Алматы жалпыәскери командалық училищесіне оқуға қабылдандым. Офицерлер ұстаханасы атанған әскери оқу орнында білім алдым. Саптық және дене даму дайындығы, қару қолдану тәсілдері, әскери киім кию үлгілері секілді әскери өмірдің қыр-сырын ұлағатты ұстаздарымнан үйрендім.
1974 жылы 3-курста оқып жүргенімде қазақтың дара перзенті, біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевпен кездесіп, оның алдында сөз сөйлеу мүмкіндігі бұйырды. Жиыннан кейін Димаш аға мені шақырып, жағдайымды, сабақ үлгерімімді сұрады. Бұл мен үшін үлкен мәртебе болды. Оның есімін Қапшағай қаласына беру туралы ұсынысты қолдаймын. Расында, Дінмұхамед Ахметұлының қазақ елін өркендетуге қосқан үлесі зор.
Айта кету керек, 2001 жылғы 22 қыркүйекте, ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығында II Иоанн Павел Қазақстанға тарихи сапар жасаған болатын. Қызмет бабында ол кісімен кездесу бұйырды. Танымал тұлғалармен кездесу адамға ерекше рух, ерік-жігер береді, — дейді Болат Жанасаев.
Оның алғашқы қызмет жолы Германияда басталды.
— Маған Германияда жұмыс жасауға жолдама берілді. Сондағы Кеңес әскерлері тобында взвод, рота командирі, батальон командирінің орынбасарынан бастап, кейін Сібір әскери округінде батальон командирінің орынбасары, батальон командирі болып жалғастырдым. Одан кейін жолдамамен Мәскеу қаласындағы Михаил Фрунзе атындағы әскери академиясына оқуға қабылдандым, — дейді ол.
Арада көп уақыт өтпей Болат Бақытжанұлына жауапты міндет жүктеледі. Сол жылдары одақтың әр түкпірінде қақтығыстар болып жатты. Дәл осы алмағайып кезде КСРО Ішкі әскерінің Орта Азия мен Қазақстан бойынша жаттығу полкінің командирі лауазымына Болат Жанасаев тағайындалды.
— Ішкі алауыздық, сыртқы қақтығыс жүріп жатқан аумақтарда бейбіт өмір қалыптастыруға атсалыстық. Ферғана, Баку, Таулы Қарабақтағы және тағы басқа оқиғалар кезінде әскерилердің арқасында қаншама бейбіт тұрғынның өмірі сақталды. Қаншама азамат отбасына аман оралды.
Кейін Кеңес Одағы ыдырады. Егемендік алып, азат ел болғанымызға қуандық. Дегенмен жас мемлекеттің уығын тіктеуде үлкен шаруалар күтіп тұрды. Соның бірі — еліміздің Қарулы Күштерін қалыптастыру еді, — дейді генерал-лейтенант.
Ұстаз үлгісі және отаншылдық рух
— Шәкірттерімді мақтан етемін. Олардың дені қазір еліміздің әскери саласында басшылық қызметте еңбек етіп жүр. Мысалы, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас Қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов, Ұлттық ұлан академиясының басшысы, генерал Бауыржан Әбжанов және басқа да шәкірттерім көп, — деді Болат Жанасаев.
Ол өңіріміздегі жасөспірімдерді отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында да игі іс тындырып жүр. Біздің облыстың екі ауданында Болат Жанасаев атындағы «Ақсауыт» және «Сұңқар» атты алғашқы әскери дайындық клубтары ашылды. Олардың бірі — Темір ауданындағы Қызылжар мектебінде болса, екіншісі — Шалқар ауданындағы №4 мектепте. Осы екі кабинетті де Болат Жанасаевтың өзі қомақты қаржы бөліп, заман талабына сай құралдармен жабдықтап, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту етті.
Генерал-лейтенант клубтардағы жабдықтардың бәрін Ресейге арнайы тапсырыс беріп әзірлетіпті. Әр клубқа бағасы құнды электронды тир орнатқан. Сондай-ақ кабинетте генералдың әскери киім үлгілері, алғашқы әскери дайындық пәнінің көрнекі стендтері, фотоматериалдар, т.б. бар.
Аталған аудандардағы белсенді жастар — қос клубтың мүшелері. Клуб ашылғаннан бері мектеп оқушылары арасында әскери-патриоттық сайыстар жиі ұйымдастырылады. 25 мамыр күні Темір ауданында өтетін шараға генерал-лейтенант Болат Жанасаевтың өзі арнайы қатыспақ.
— Жақында туған жеріме барамын. Шұбарқұдықта мектеп оқушыларына арналған үлкен шара өтеді. Оған әкемнің туған жері Шалқардан да оқушылар қатысады. Балалармен кездесіп, Отанды қорғау, туған жерді сүю тақырыбында әңгіме айтамын. Әскери жаттығулар бойынша сайыс ұйымдастырылады. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтарымды табыс етемін, — деді генерал-лейтенат Болат Жанасаев.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



