Әдебиет

Уақыттың көшінде — басқа күн

Лиза БАҚЫТ

Уақыттың көшінде — басқа күн,

(Қайтейін қадірім қашқанын).

Сыр бермей,

Сыртыма сұстымын,

Жаңғақтай шағылу — тасқа мін.

 

Жанымды жырменен емдедім,

Барымды «бақытқа тең» дедім.

Көппенен көрген бұл — ұлы той,

Көппенен біргемін —

Төрдемін.

 

Кейде бір жартасты жағалап,

Кей сәтте жарқырап бар алап —

Ақ-қара алмасқан өмір ғой…

Жылт еткен үміт бар —

Қанағат…

* * *

Жылдар жылжып, жолайрықтан асыппын,

Жанарыма жуымашы, жасық мұң.

Ақ үмітпен ояна сап әр таңда,

Асықсам мен — жақсы күнге асықтым.

 

Шалдықтырмас шаршағаны білектің,

Адамға арман — тыныштығы жүректің,

Гүл өсірем есігімнің алдына,

Көзайымы болсын деп ақ тілектің.

 

Біздің мынау жалт-жұлт еткен ғасырда,

Тану қиын — жасанды ма, асыл ма?

Тек шынайы, ақ пейілін ұсынар

Жандар ғана жиылса екен қасыма…

* * *

Жапырақ төкті таныс бақ,

Жаз күнім кетті алыстап.

Өлеңге жақын болғанмен,

Бола алғаным жоқ Ақұштап.

 

Бола алмадым-ау дегенмен,

Маржан тергендей тереңнен.

Жанымның мөлдір сырларын

Шумақтап тізіп келем мен.

 

Көп күйбең, қанша-а тапсырма,

Арқалай жүріп,

Ақ шыңға —

Жыр-Ана, сендік әлемге,

Қарайлай берем, жатсынба…

 

* * *

Гүлжахан ТӨРЕХАНОВА

Ақтөбені қар жапты,

Ақ үміттер мекенін…

Аппақ сезім алғашқы,

сөз көмкерген етегін…

 

Кіршіксіз пәк, текті әлем,

күңкіл ойдан болшы алыс!..

Өмір деген отты өлең.

Өлең?..

Ол да алданыш…

 

Аңсары асқақ жауһар мұң…

Мөлдірейді маң дала…

Кірлейді тек аппақ қар,

кірлемейді Ар ғана…

 

Көктен жеткен бір әуен,

«Көктем, — дейді. — Кешірім!»

Еріп бір күн кетеді,

қарға жазған есімің…

 

* * *

 

Көңілді кейде мұң тербегенде,

Жыр тербегенде мөп-мөлдір…

Жап-жасыл етер әлемді демде,

Сәби жүректер төккен нұр.

 

Сәби жүректің лүпілі бөлек:

Көңілге жұпар шақ құйып,

Барша ғаламға жақсылық тілеп,

жүреді ғажап сәтке ұйып.

 

Мұңаяды олар күрсініп кейде,

мұңының өзі тәп-тәтті…

Олар бар жерде сәулелі үй де,

баласыз кімдер бақ тапты?!

 

Қанатын қақса, шаттық төгіліп,

ойнайды аппақ періштем.

Әр қылығынан пәктік көрініп,

аңғал қалпымен келіскен.

 

Мынау әлемді сүюді үнсіз,

сүюді нәзік сезіммен,

Жаратылыстың екенін мінсіз

үйрендім, жаным, өзіңнен!..

 

Мен үшін ләззат — күлкіңді жию,

Мендік жүректе — мекенің…

Түсіндім, тәттім, сендерді сүю —

Тәңірді сүю екенін!

 

ЖИДЕ БҮР ЖАРДЫ…

Жүректің жұпар сағынышындай,

ауылы асқақ арманның,

Періште уақыт мекені, саған

кіндігімменен жалғандым.

 

Аңқыма жылдар, аңғал кездерім —

Әуені мөлдір ғаламның.

Маңдайдан сипап кетеді кейде,

жұп-жұмсақ қолы даламның.

 

Даламның үнін шырқайды келіп,

Қараторғайым құбылтып.

Тыраулап өткен тырналар легі

естеліктерді тірілтіп.

 

Бұрқырап бүгін бүр атты жиде —

балғын шағымның бал дәмі.

Саяңда талай сары қызыңның

тербелген балаң арманы.

 

Жиде-мұңым-ау,

жұпары бөлек,

Өмірдің өзі секілдім!..

Терем деп жеміс,

тікеніңе де

тап болған талай кекілдің.

 

Тамыз туғанда ауатын саған

қаракөздердің аңсары.

Нәзік саусақтар шаршаса да, тек

тәтті теруден шаршады.

 

Жапырағыңа жазылған мәңгі

Балалығыма иесің.

Көшіріп сені әкелдік, балам

сезсін деп Дала киесін…

 

Сезсінші ұлым көрмесе-дағы,

Өмірдің алуан өлшемін.

Қажымас мықты қасиетіңнің

дарысын құйттай бөлшегі!

 

* * *

 

Маңдайыңнан жұмақ иісі бұрқырап,

Жүгіресің бір сүрініп, бір құлап.

Сенің мөлдір терезеңнен әлемге

Үңілемін, мұңның жасын сүртіп ап.

 

Тұрақтамас жанарыңа бақ қайтіп?..

Хақ жаратқан періштелік шақты айтып,

Күміс күлкің төгілмесе моншақтай,

Маған, сірә, қалатындай батпай түк.

 

Ұмытам да күйкілігін жалғанның,

Көкірегімде қоздап талай арман мың.

Иіскеп үнсіз кекіліңнен күн сүйген,

Адам болар кезіңді ойлап, толғандым.

 

Қу жанымды тоңдырғанда жел өкпек,

Сен жүресің көңілімді ойлап, өбектеп.

Мейірімді ұмытпасын деп Тәңір,

Сыйлайтындай сәбилерді бөлектеп…

 

* * *

 

Тамыз көшіп барады,

Таңдайында тағдырдың мұңын талмап.

Көкірегін жылытып көктем әні…

Өрт күндерді ол қалай ұмыта алмақ?..

Ерінінде шілденің от демі әлі…

 

Тамыз үнсіз мұңайды,

Жанарынан мөп-мөлдір сыр төгіліп.

Өтіп кеткен уақытқа ауды аңсары.

Жымиды әнтек жүзінен нұр көрініп,

Саусағымен сипалап таң самалын.

 

Өкініші өзегін жарып күнде,

әлсін-әлсін күрсінер, амал қанша?!

Сағынышын өзімен алып бірге,

кетеді жаз… қайтадан оралғанша…

 

* * *

Ақілгек МЫРЗАБАЙ

Бір күнім бір түніммен жағаласып,

Басымнан жастық дәурен бара ма асып?

Елінен балалықтың кеше келіп,

Кеттім-ау даңғазаға араласып.

 

Кештіріп қайғыны бір, бақытты бір,

Жасайды өз дегенін уақыт-қыңыр.

Өлсемде өкінбестей өмір кешем,

Жалғаннан ұтпасам да жақұт тұғыр.

 

Барынша сынай ма әлде бақ қонарда,

Жалғыз қалған жарлыдай жат ғаламда.

Езіліп кетеді ылғи ет жүрегім,

Ескі үйден қала жаққа аттанарда.

 

Көлгірсіп кімге керек көкігенім,

Мазамды алмаңдаршы, өтінемін.

Аңсайтыны болмаса анда-санда,

Ауылдың аңғал қызын көкірегім…

 

Бәрі жақсы, бәрі де орынында.

Іздесем мың себеп бар торығуға.

Әлем қалып кеткендей болады тек,

Әкем қалған ауылдың қорымында.

 

* * *

 

Бір үмітті мың күдігім тепкілеп,

Екі айырылып езіледі ет жүрек.

Күмəн, күдік… өзгесін де елемей,

Үзілмейтін бір үмітім — тектірек.

 

Мен сені ұқпай, сен де мені түсінбей,

Ілбіп баспай іркіледі ісім кей.

Сен де жүрсің абыройды түсірмей,

Мен де жүрмін намыстанып кішірмей.

 

Көзім жұмсам көз алдыма сұлбаң кеп,

Тұңғиыққа тартады ылғи мұңдар көп.

Өміріңдей сүйемісің сен мені?

Мен өмірді сүйіп жүрмін сен бар деп.

 

* * *

 

Амандаспа,

Өмір жол, маған басқа, саған басқа,

Адамның ең сорлысы мен емеспін,

Қателесе беретін қадам басса.

Уақыт арнау міндет пе амал досқа?

 

Өзектерде қалдырып өткен ісін,

Құлпырған күз, құбылған көктем үшін.

Тау мен тасқа маңдайын соғады адам

Жерден іздеп кеткенде көктегісін,

Кінәласаң кінәла, өкпем үшін!

 

Дүние секунд сайын түрленеді,

Біреуге жыр, біреуге гүл береді.

Бір адам шекарасын адалдықтың

Бұзғанда… махаббат та бірге өледі.

Сенімсіз сезім қалай күн көреді?!

 

Бос уәде, құр сөзбен көтермелеп,

Мұң артып жібердің-ау мекенде жоқ.

«Қайғыны жалғыз адам еңсереді,

Бақытқа екеу керек»,

Өтеуін екеуі де өтеу керек!

 

Арман ҚАБЫЛОВ

Жылқы        

Жылқы көрсем ерекше тебіренем,

Қаным тулап, сүйсініп, еміренем.

Жылқы жылы туған соң,

жүретінім

Өзімді-өзім қамшылап көбіне мен.

 

Күйбең тірлік ырыққа бағынбайды,

Тұлпар мінсең, ұмытылып уайым, қайғы.

Бабалардың баяғы дәуреніне

Оралғандай, жүрегім жалындайды.

 

Жылқы мінсе асқақтап, арқаланып,

Бетке ұстаған жолдардың сан тарамын —

Сол ғасырлар тарихтың қалқасында

Үзілген бе, тізгінді тарта қалып?..

 

Мінезіммен ұқсаған тегіме мен,

Күйкілікті көзге ілмей көбіне мен.

Жүйткіген желменен жарысатын

Жалғыз ғана жылқыға тебіренем.

 

 

Күз

 

Шала ұйқыдан күн көзі кіртиеді,

Қазан келіп, кетті өтіп қыркүйегі.

Сауық-сайран өткінші жаз секілді,

Оны бірақ санаға кім түйеді?

 

Аспан сұп-сұр, қуарған топырағың,

Айнала мұң басқандай атырабың…

Ізгілік, шуағы жоқ адамдарды

Ұқсатып осы күзге отырамын.

 

Кейбіреуден барады ұят қалып,

Жақсылыққа жүрмейді мияттанып.

Елестейді көзіме сондай жандар

Жапырағы жоқ ағаш сияқтанып.

Ауа райы

Ми қайнаған, шаңы шыққан даланың,

Еркелігін түсіне алмай қаламын.

Оңай екен құбылуы әп-сәтте

Ауа райы — көңіл күйі баланың.

Жанып тұрып, жауын жауа салатын,

Шаңды басып, көңіліңді табатын.

Ауа райы көңіл күйі жарымның,

Аң-таң болып, түсіне алмай қалатын.

Ауа райы мінезімдей өзімнің,

Өткір айтқан екпініндей сөзімнің.

Бала кезде жанарыма тығылған

Мөлдір тамшылары сынды көзімнің.

Шуақ төксе сәулесінен нәр алдым,

Жайлы келер көңіліне адамның.

Жүрегіндей жылы менің әкемнің,

Ауа райы құшағындай анамның.

 

Түн

 

Кейде тілсіз түнменен  тілдесемін!

Күн қадірін мен онсыз білмес едім.

Өзіме есеп беріп, ойға батып,

Мақсаты бар адам боп жүрмес едім.

 

Сағынышты сезімсіз білмес едім,

Арманыммен түсімде жүздесемін.

Бозбала шағым егер қайта оралса,

Таң атқанша мен кірпік ілмес едім.

 

Түн келсе бір толқынмен үндесемін,

Сиқырымен ғажайып күй кешемін.

Бақыттың кілтін тауып мақпал түннен

Шат-шадыман, бақытты күн кешемін.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button