Жеңіс

Ерлік пен еңбекті еншілеген…

Кешегі күні ел қорғаған жауынгерлердің бірі Сәлім Дарбаев Орынбор облысында дүниеге келгенімен, өмірінің соңғы жылдарын Ақтөбе өңірінде өткізді. Осында белсенді еңбек етті, өзінің жұмысқа деген жауапкершілігін, міндеттерін атқаруға адал қарайтындығын көрсетіп, көпке үлгі болды.

Он жеті жасында Орынбордың Адамов ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда жұмысшы болып еңбек жолын бастаған ол соғыс басталғаннан кейін әскер қатарына шақырылып, Орынбор қаласындағы радиотелеграфистер мектебін бітіреді.

Сосын 1942 жылдың 12 желтоқсанынан қолына қару алып, майданға кірген. Содан бергі уақытта бірнеше бағытта жасалған шабуылдарға қатысып, ерлік көрсетеді. 1943 жылдың 20 қыркүйегінен 2-ші және 3-ші Украина майданында жауынгерлік сапта болған.

Ол 1943-1944 жылдары екі мәрте «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалымен марапатталады.

1944 жылдың 26 тамызында дивизион командирінің қадағалау пунктіне радиостанциясымен бет алған тұста 25 адамнан тұратын жаудың жаяу әскерімен соқтығысып қалады. Ол автоматымен немістердің тоғыз солдатын жер жастандырады, қалғандары шегінуге мәжбүр болады. Осы ұрыс кезінде ол қарсылыстардың тағы да екеуінің көзін жойып, көлік жүргізушісін тұтқынға алады.

Қиын-қыстау кезде өзін салқынқанды ұстап, батылдық көрсете білген оны марапатқа ұсынуға полк командирі Невский қол қойыпты.

1944 жылдың 28 қазанында рәсімделген бұл марапаттау қағазында 223-атқыштар дивизиясының 818 артиллериялық полкінің аға радиотелеграфисі, сержант Сәлім Дарбаевтың 3 дәрежелі жауынгерлік Даңқ орденіне ұсынылғаны айтылады. Жауынгердің өмірбаяндық деректерінде оның 1924 жылы дүниеге келгені, 1944 жылдан Коммунистер партиясының мүшесі екені айтылған.

Ол жеңіспен елге оралғаннан кейін соғыстан бүлінген шаруашылықты қалпына келтіруге белсене кірісіп кетеді. Бастапқыда Ленин атындағы ұжымшарда ферма меңгерушісі болады. Ал 1951-1954 жылдары Жосалы селолық кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Содан кейін Қайыңды МТС-ы бойынша аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалады. Көп ұзамай Куйбышев атындағы ұжымшар басқармасының төрағасы болып сайланады.

Майдангер ұзақ жылдар бойы Адамов ауданындағы «Қайыңды-Құмақ» кеңшарының №5 бөлімшесінің, «Заря коммунизма» кеңшары №4 бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін атқарып егіншілік пен малшаруашылығын дамытуға өлшеусіз еңбек сіңіреді.

1975 жылы сырқаттануына байланысты Ақтөбе облысына қоныс аударады. Бірақ мұнда да таныш демалып отыра алмайды, еңбекке қосылады. Ол өмірден өткенінше, яғни төрт жылдай уақыт Ақтөбе қаласындағы облыстық сүт комбинатында қойма меңгерушісі болып еңбек етіп, абыройлы қызмет атқарады.

Нұр ДАБЫЛОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button