Тахауи туған ауыл
Шетырғыз ауылдық округі Шалқар ауданы орталығынан 120 шақырым қашықтықта жатыр. Орталығы — Қаратоғай ауылы. Ауыл шетінде Ырғыз өзенінің бір саласы ағып жатыр. Қазақ әдебиетіне Тахауи Ахтановтай жазушы-драматургті, қазақ эстрадасына Жанар Айжановадай әншіні сыйлаған өлке топырағынан жаралып, нәр алған мен бақытты перзентпін! «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есентүгел Елеукен де біздің ауылдың тумасы.
Біздің ауылдың тұрғындары облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің әрбір нөмірін күтіп жүріп оқиды. Ғасырға жуық тарихы бар облыстың бас газетіне өзімнің ауылым туралы жазғым келді. Қазаққа талай дарынды ұл-қыз сыйлаған құтты өлкем туралы хатымның газет парақтарында тарих болып сақталғанын қалаймын.
Бірлігі мен ауызбіршілігі жарасқан қаратоғайлықтар барлық іс-шараны бірігіп атқарады. Жыл сайын ұлттық мейрамдарды, мерекелерді ауыл болып тойлаймыз. Біздің ауылда газ да бар, су да бар. Интернет те қолжетімді.
Ауылға бірінші рет келген қонақтардың көзіне ең алдымен ауылымыздағы еңселі білім ордасы түседі. Екі қабатты жаңа мектепте оқимын деген балаға барлық мүмкіндік қарастырылған. Түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мектепті үздік бітірген оқушыға ауыл азаматтары мен түлектері қолдау білдіріп, арнайы шәкіртақыларын тағайындайды. Осының өзінен-ақ ауыл азаматтарының ұйымшылдығын байқай аласыз.
Мен де болашақта туған ауылымның дамуы мен көркеюіне өз үлесімді қосқым келеді. Түтіні түзу шыққан біздің ауылдан әлі талай патриот жастардың шығары анық.
Назым ЖҰМАХАНОВА,
Қаратоғай мектебінің 8-сынып оқушысы.
Шетырғыз ауылдық округі,
Шалқар ауданы.