Пікір

Конституциялық реформаның мақсаты айқын

Серік БОТАҒАРИН,

«Ардагер» қоғамдық қауымдастығының төрағасы:

— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жаңа саяси реформалар бағдарламасын ұсынды. Бұл бастамалар Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асатын болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясының сәуір айында өткен съезінде де осы мәселеге арнайы тоқталды. Съезде Президент: «Конституциялық реформалардың мақсаты — елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау», — деп атап көрсетті.

Конституциялық реформа жеке баптарға емес, Ата Заңның үштен бір бөлігіне  түзетулер, толықтырулар енгізуді көздейді. Сондықтан ПрезидентКонституцияға енгізілетін түзетулер жобасы бойынша референдум өткізуді ұсынды. Яғни Ата Заңға енгізілетін түзетулер бойынша шешім қабылдауға елдің әр азаматы қатысады. Әділетті қоғам құру, халық мүддесі бәрінен жоғары тұратын жаңа құндылықтарды орнату  баршамызға ортақ іс болғандықтан, мен бұл ұсынысты қолдаймын.

Мен халықтың ортасында жүрген адаммын. Күнделікті өмірде көп мәселелерді жұртшылықпен бірге талқылап, олардың пікірін естимін. Көп шаруаның оң бағытқа бет бұрғанына халық қолдау білдіріп отыр. Мысалы, «қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» деп,  ауыл шаруашылығы жерін алуын алып, бірақ мақсатты түрде пайдаланбай не басқаға бұйыртпай жүрген меншік иелеріне қатысты қолданылып жатқан шараларды көпшілік қолдайды.Қазақстан — аграрлы ел, сондықтан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді толықтай игеру, пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарып, нақты жұмыс істейтіндерге беру өте маңызды.

Бүгінгі бастамалардың, өзгерістердің аяқсыз қалмай, сәтті жүзеге асуын, оның игілігін халық пен болашақ ұрпақтың көруін бәріміз де қалаймыз. Ал осыған өз көзқарасымызды, ұстанымымызды білдіру арқылы да, нақты істермен де үлес қосу — біздің парызымыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button