Пікір

Халық даусы маңызды

Нұрлыхан ХАСЕНОВ,

саясаттанушы:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өткізуді ұсынды.

Мұндай демократиялық институт алғаш рет Швейцарияда қолданылған екен. Референдумға заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады. Оның негізгі нысаны — Конституцияны, конституциялық заңдарды қабылдау, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, республиканың мемлекеттік өміріндегі басқа да маңызды мәселелерді шешу.

Осы мәселе бойынша жұмыс тобы Ата Заңның 98 бабының 33-не, яғни үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Аталған өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңеске беріліп, ол жақын арада өз үкімін шығарады. Соған сәйкес саяси жүйедегі бірқатар өзгеріс демократиялық қоғам құрудың келесі кезеңіне қадам басты.

Біріншіден, бірқатар билік уәкілеті қайта бөліске түседі: функциялар Президенттен – Парламентке, орталық биліктен – өңірлік билікке беріледі. Суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік республикаға көшу аяқталады. Ешқандай үстем әрі айрықша уәкілеті жоқ саяси институт болып саналатын классикалық модель орнатылады.

Екіншіден, Парламент палаталарының рөлі мен мәртебесі күшейтіледі: Мәжілісті құрылымдаудың аралас моделі енгізіліп, Парламенттің бақылаушы функциялары кеңейтіледі, заңнама процедуралары оңтайландырылады. Ал өңірлік деңгейде облыс әкімдері баламалы негізде мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындалады. Сондай-ақ орталықсыздандыру саясаты одан әрі жүргізіліп, мәслихат рөлі күшейтіледі, мәслихат төрағасы қызметі енгізіледі.

Үшіншіден, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетігі күшейтіледі: Конституциялық Сот құрылып, адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдер мен иммунитет беріледі, өлім жазасына конституциялық деңгейде тыйым салынады.

Біздің ел үшін татулық пен бейбітшілік — маңызды құндылық. Бұл ретте халықтың ішкі бірлігі мығым болуға тиіс. Сондықтан  Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге — ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға әр азаматтың  мүмкіндігі бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button