Әлеумет

Жоғары сенім, оң көзқарас

Ақтөбе облысындағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуал

(2011 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша)

Ақтөбе облысындағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалды талдау мақсатында «КОНТАКТ» жобалар мен зерттеулер орталығы» қоғамдық бірлестігі ағымдағы жылдың қаңтар-ақпанында облыс тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізді.

Жүргізілген сауалнама нәтижелері Ақтөбе облысындағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуал дамуының жағдайы мен негізгі ағымдары туралы белгілі бір заңдылықты зерделеуге мүмкіндік берді.

Зерттеудің маңыздылығы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2011 жылғы 3 ақпанда «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қоюымен байланыстырылады.

Қазақстан Конституциясына сәйкес Мемлекет басшысының Парламент палаталары төрағаларымен және Қазақстан Премьер-Министрімен кеңесуі бұл шешімнің қабылдауына жол ашты. Сайлау 3 сәуірде өтеді.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, тұрғындардың басым көпшілігі республикадағы бүгінгі экономикалық ахуалды оң қабылдап және солай бағалайды. Респонденттердің айтарлықтай бөлігі (92%-ы) еліміздің экономикалық өмірінің дамуы негізінен қолайлы деп санап, мейлінше ұстамды, бірақ оң баға берді.

Алынған нәтижелерге сәйкес, Ақтөбе облысындағы қоғамдық-саяси ахуалды респонденттердің 93%-ы тұрақты, тыныш деп бағалайды.

Ақтөбе облысы тұрғындарының көпшілігінің пікірінше, мемлекет жүргізіп отырған саясат олардың өмірлік талаптарына жауап береді.

Жергілікті атқарушы органдар әлемдік дағдарыс жағдайында Ақтөбе облысы тұрғындары үшін оның салдарларын барынша азайтып, әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз етті. «Жол картасын» жүзеге асырудың нәтижесінде жұмыссыздықтың көбеюіне тосқауыл қойылып қана қойған жоқ, сонымен бірге оның деңгейін едәуір төмендетуге қол жеткізілді.

Ақтөбе облысы тұрғындарының облыс әкімшілігі қызметіне сенім деңгейі 88,4%-дан 91%-ға дейін өсті. Респонденттер облыс әкімшілігінің қызметін тиімді деп бағалайды.

Сауалнама нәтижелері бойынша Ақтөбе облысы тұрғындарының көңіл күйін былайша сипаттауға болады: респонденттердің 57%-ы үшін тыныш, қалыпты көңіл күй тән; сұрау салынғандардың 34%-ы ертеңгі күніне сенімді; респонденттердің 4%-ы келешегін нақты айқындай алмайды және күмәнданады; респонденттердің 3%-ы тұйыққа тірелуді және шарасыздықты сезінеді; респонденттердің 2%-ы наразылық және ызалы күйді бастан өткереді. Ақтөбе облысы тұрғындарының басымдықтағы көпшілігі өмірдің жақсара түсетіндігіне үміт артады және қалыпты, тыныш көңіл күйге ие.

Республикамыздың экономикалық және саяси өміріндегі өтіп жатқан оқиғалар респонденттердің 88%-ын қызықтырады, 9%-ы бұған анда-санда назар аударады, ал респонденттердің 3%-ын мүлдем ештеңе қызықтырмайды.

Алынған мәліметтер Ақтөбе облысы тұрғындарының мейлінше жеткілікті хабардарлығын және еліміздің экономикалық және саяси өміріндегі  оқиғаларға мейлінше жоғары деңгейде назар аударып отыратындығын көрсетеді.

Қазақстанның экономикалық және саяси өміріндегі өтіп жатқан оқиғалар туралы тұрғындардың хабардарлығы көп жағдайда олардың біліміне, мекен-жайы орналасуына және жасына байланысты. Респонденттердің жасы үлкен, жоғары білімі, жұмысы болған сайын олар Қазақстанда өтіп жатқан оқиғалардан көбірек хабардар және қадағалап отырады.

Тұрғындардың белгілі бір бөлігі саясаттан өздерін сырттау ұстайды. Олардың қатарында қызмет көрсету саласы қызметкерлері, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер, зейнеткерлердің, студенттердің және жұмыссыздардың  бір бөлігі бар. Экономикалық және саяси оқиғалар туралы мемлекеттік қызметкерлер, білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлері, кәсіпкерлер, одан кейінгі орында студенттер, зейнеткерлер, ауыл шаруашылығында еңбек етушілер және жұмыссыздар көбірек хабардар.

Ақтөбе облысының тұрғындары үшін елдегі және шетелдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуал туралы ақпараттардың негізгі көздері  мыналар болып табылады: қазақстандық ТВ (44%), қазақстандық мерзімді баспасөз (18%), ресейлік БАҚ (14%), жақындарымен сұхбаттасу (6%), интернет (14%) және қазақстандық радио (4%).

Біздің зерттеулеріміздің келесі кезеңінде Ақтөбе облысы тұрғындарының ҚР Президентіне, ҚР Үкіметіне және жергілікті мемлекеттік органдарға сенім білдіру деңгейі қарастырылды.

Алынған деректерге сәйкес Ақтөбе облысы тұрғындарының басым бөлігі ҚР Президентіне (94%),  ҚР Үкіметіне (82%) жергілікті мемлекеттік органдарға (87%) сенеді. Сұрау салынғандардың 2,7%-ы жауап беруді қиынсынатынын білдірді.

Осылайша,  Ақтөбе облысы тұрғындарының басым көпшілігі ҚР Президентіне, Үкіметке және мемлекеттік органдарға сенеді деп айтуға болады.

Президенттің, Үкіметтің және Парламенттің саясатына тұрғындардың сенім дәрежесі адамдардың жынысына, жасына, ұлтына қатысты болған жоқ.

Тұрғындардың көпшілігі үшін жергілікті немесе аймақтық мүдделер басымдығын тану тән. Ақтөбе облысы тұрғындарының ауқымды бөлігі бұрынғысынша күшті мемлекетке үлкен сенім артады.

Тұрғындар арасында бұрынғы уақытты аңсаушылықты білдіретін әлеуметтік кепілдіктерге сұраныс та байқалады. Ақтөбе облысы тұрғындары мен биліктің өзара қарым-қатынасының бұл көрінісі биліктен әртүрлі игіліктерді алуды күтуге негізделген жеке адамның бір жақты тәуелділігін білдіреді.

ҚР Президентінің алдағы сайлауында сайлаушылардың 96%-ы дауыс беруге өз ықыластары барын білдірді. Сайлаушылардың 3%-ы сайлау жәшігіне келгісі келмейді. Ауыспалы көңіл күйдегі электорат сайлаушылардың 1%-ын құрайды.

Ерлер мен әйелдердің дауыс беруге ниет етуі бірқалыпты дәрежеде. Жас бойынша топқа бөлгенде орта жастағы адамдар ең белсенді топ болып табылады, ал енжарлық танытушылар — 18-ден 23 жасқа дейінгі жас адамдар. Сайлауға қатысуға шешім қабылдаушылардың үлесі жоғарылары — білімді және мейлінше қамтылған сайлаушылар,  қазақтардың үлесі жоғары.

Әлеуметтік жағдайы бойынша дауыс беруге бәрінен бұрын қызметкерлер, білім беру саласының қызметкерлері және шағын мөлшердегі медицина қызметкерлері ықылас білдіруде. Ауыспалы күйдегі электорат қатарына студенттердің, зейнеткерлердің, жұмысшылар мен қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің елеусіз бөлігі енді.

Сауалнама барысында облыстағы сұрау салынған азаматтардың басым көпшілігі Мемлекет басшысының халыққа еліміздің дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз ету үшін мәлімделген, экономикалық стратегияны жүзеге асыру және саяси модернизациялау бағдарламасы қамтылған үндеуі туралы білетіндігі белгілі болды. Қала тұрғындарының хабардарлығы селолықтарға қарағанда аздап ілгері екендігі байқалды (Ақтөбе қаласында — 96%, аудандар бойынша орташа — 91%). Аудандарды бөлектеп қарағанда хабардарлық туралы пікірлерде елеулі айырмашылық білінген жоқ.

Тұтасынан алғанда аудандар бойынша сұрау салынғандардың шамамен тең мөлшері Ел Президентінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына кезекті Жолдауы туралы білетіндігін айтқан.

Саясатқа қызығушылықтың жоғары емес деңгейі ахуалында бұл оқиға туралы хабардарлықтың мейлінше жоғары көрсеткіші халық үшін Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауының ерекше мәні бар екендігін білдіреді. Бір атап өтерлігі, бұл Жолдау дағдарыс қысымы мен сынақты бастан өткеріп отырған қазақстандық қоғам өміріндегі қиын кезеңге сәйкес келді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өз халқына жыл сайын Жолдау жасайтындығын тұрғындардың көпшілігі білетіндігінен туындата отырып, респонденттерге Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын орындаудан оң нәтижелерді қалай сезінетіндігі туралы сұрақ қойылды.

Бұл сұраққа респонденттердің 92%-ы оң жауап берді, нақтылай айтсақ, оның 72%-ы жыл сайынғы Жолдаудың орындалуынан өзіне қатысты оң нәтижелерді толығынан сезінсе, 20%-дан сәл астамының сезінуі толық күйде емес. Респонденттердің 8%-ы жыл сайынғы Жолдауды жүзеге асыру нәтижелерін күмәнділікпен бағалайды.

Олардың пікірінше, бүгінгі күнге елеулі нәтижелер байқалмайды. Сауалнаманың мұндай мәліметтерін бір жағынан Мемлекет басшысының алдыңғы Жолдауларының негізгі бағдарларын білмеу және қоғамның нақты өмірінде оған айрықша мән бермеу деп түсіндіруге болады, күмәнді әңгіменің туындауы да осыдан.

Екінші жағынан, дағдарысты құбылыстар ауанында жүргізілген саясатты сын тұрғысынан қабылдау орын алды, бұл да жыл сайынғы Жолдаудың орындалу нәтижелілігін төмендетеді. Облыста сұрау салынғандардың 6%-ы бұл сұраққа жауап бере алмады немесе жауап бергісі келмеді.

Тұтасынан алғанда, өткен жылғыдай, биылғы жылы да Жолдау тұрғындардың қолдауын және оң үн қосуын байқатады: Ақтөбе облысында сұрау салынған тұрғындардың 92%-ы Жолдауда алға қойылған міндеттердің көкейкестілігін атап көрсетті. Бұл жыл сайынғы Жолдауларды бірізділікпен жүзеге асырудың оңды нәтижелері туралы хабардар етеді.

«Төменде берілген партиялардың қайсысына басқаларға қарағанда көбірек сенесіз?» деген сұраққа респонденттердің 85,4%-ы «Нұр Отан» ХДП-ын атады. Одан соң елеулі айырмашылықта «Ақ жол» (4%), «Ауыл» (3,4%), Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы (1,9%), «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (2,4%), Қазақстан Патриоттар партиясы (1%), Қазақстан Коммунистік партиясы (1%) және «Руханият» республикалық партиясы (0,9%) келеді.

Ақтөбе облысының электоратында «Нұр Отан» ХДП үлкен деңгейдегі сенімге ие. Оны жас шамасы, әлеуметтік жағдайы, ұлты және білімі әртүрлі адамдар қолдайды. Біздің көзқарасымызша, бұл оның бастапқыда қандай да бір әлеуметтік топтың емес, Президентті қолдаушы партия ретінде дүниеге келуімен және күшті көшбасшылар бастауында тұрған, құрамы бойынша ең көп санды болуымен де байланысты болса керек.

Бұл ретте тұрғындардың көпшілігінің іс басындағы Президентті және салыстырмалы түрдегі тұрақтылығымен ерекшеленетін оның саясатын қолдайтындығын атап өтуіміз қажет. Тарихи талдау көрсеткендей, көп жағдайда партиялар «жоғарыдан» құрылады және құрылымдалып болғаннан кейін ғана өзіне қарай қолайлы қоғамдық және саяси қозғалыстарды табады немесе құрады.

Ақтөбе облысы тұрғындарының өздерінің айналасындағы нақты жағдайды негізінен алғанда оң бағалайтынын атап өте отырып, олар ешқандай проблеманы бастан кешпейді және қиындықтарға кезікпейді деп санасақ, дұрыс болмас еді.

Тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық сезіну деңгейін көтеруде және осы міндеттерді жүзеге асыру бағыттарын жасауда дұрыс басымдықтарды және шешілуі қажеттігін сұрау салынған респонденттер көрсеткен проблемаларды анықтау маңызды.

Сауалнама барысында адамдарды мазасыздандыратын проблемалар туралы сөз болғанда, қала және село тұрғындары өкілдері арасында ешқандай принципті айырмашылық жоқ екені байқалды. Рас, көрініс берген аздаған айырмашылықтар өзінің мәні жағынан, маңызы мен көкейкестілігін жоғалтпастан, шешу барысындағы басымдықтарға ғана қатысты.

Ақтөбе облысы тұрғындары кездесетін көптеген проблемалардан бірінші орынға бағаның көтерілуі және инфляция өсуімен байланысты мәселе шығады. Жұмыспен қамтушылық, сондай-ақ жұмысқа орналасумен байланысты қиындықтар бұрынғыдай актуалды күйінде қалып отыр.

Денсаулықпен байланысты проблемалардың мәні арта түсті. Денсаулық сақтау жүйесіндегі кәсібилік пен сапаны көтеру қажеттігі атап көрсетілді. Басымдықта назар аударуды қажет ететін проблемалардың көш басындағы алғашқы бестігіне тұрғын үйдің болмауы немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту, сондай-ақ жаңа тұрғын үй құрылысы және ипотека құнын төмендету кіреді.

Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысының Қазақстанға әсері туралы облыс тұрғындарының пікірі қазірдің өзінде былайша жіктелді. Сұрау салынған респонденттердің пікірінше, аймақ бойынша тұтасынан алғанда дағдарыс қандай да бір дәрежеде біздің елімізге әсерін тигізіп те үлгерді (9,2%). 66,4% жауап берушілер басқа елдерге қарағанда оның әсері Қазақстанға аз ауқымда болды деп санайды. Респонденттердің 14,2%-ы қаржы дағдарысының масштабы басқа елдермен бірдей деп болжамдайды. Қазіргі жағдайды күйректікпен бағалайтын және Қазақстанда басқа елдерге қарағанда неғұрлым терең дағдарыс бар деп санайтындар көп емес, олардың мөлшері — 2,8%.

Сұрау салынған респонденттердің жартысынан астамы (64,6%) әлемдік дағдарыстың өздерінің материалдық жағдайларына айрықша әсер етпегендіктерін нақтылайды. Облыстың сұрау салынған азаматтарының 18%-ыныңда тіпті материалдық жағдайлары біршама жақсаруға бет алған. Тұтасынан алғанда тұрғындардың көпшілік бөлігінің материалдық жағдайы күллі жыл ішінде қандай да бір ауытқушылықсыз бір деңгейде қалды.

Сұрау салынған респонденттердің пікірінше, Қазақстанда әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты мынадай кері құбылыстар орын алуы мүмкін:

* өндірістің құлдырауы (12%);

* жұмыссыздықтың өсуі, кадрлардың қысқаруы, босатылуы (15%);

* инфляция, баға өсуі (12%);

* тұрғындардың тіршілік деңгейінің төмендеуі (13%);

* тауарлар әкелінуі қысқаруы (22%);

* тауарлар әкелінуі ұлғаюы (23%);

* тауарларды шығару қысқаруы (14%);

* тауарларды шығару ұлғаюы (6%);

* билік алмасуы (1%);

* ештеңе өзгермейді (61%).

Шарасыздық көңіл күйге қарағанда, оң өзгерістер күтетін адамдар саны көптігі көрсеткіштері көңіл қуантады. Қазіргі жағдайдың қалай дамитындығы туралы сұраққа респонденттердің басым бөлігі – барлық сұрау салынғандардың 68,2%-ы ол жақсара түседі деп жауап берді. Сұрау салынғандардың 3,2%-ы жағдай нашарлай түседі деп ойлайды. Сұрау салынғандардың көпшілігі ештеңе өзгермейді деп санап, не ешқандай өзгеріс күтпейді (86,6%) немесе оқиғаның дамуын болжамдай алмайды (17%).

Тұрақты әлеуметтік оптимизмге ие адамдар саны шарасыздық пиғыл ұстанғандарға қарағанда басымдыққа ие: сәйкесінше 88% және 8%.

Егер оптимистер соңғы 2-3 жыл ішінде жағдай отбасында да, тұрған жерінде де, сондай-ақ аймақта да және тұтасынан Қазақстанда да жақсарды десе, пессимистер барлық жерде нашарлауды көреді.

Ақтөбе облысының өміріндегі оңды өзгерістер арасында респонденттер мыналарды атап көрсетеді: селоларды, қалаларды көріктендіру (88%), жарық, газ бен суды үздіксіз беру (28%), тұрғындардың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік қорғау (20%), көліктің үзіліссіз жұмысы (18%), ауылдар мен шағын қалаларды көтеру үшін жағдайлар жасалуы (28%), мәдени шаралардың жақсаруы (16%),тұрғындардың жұмыспен қамтылу проблемасын шешу (14%), қызмет көрсету салаларының кеңеюі және жақсаруы (14%), медициналық қызмет көрсетудің жақсаруы (10%), апатты жағдайда қызмет көрсету жұмыстары (8%) және басқалары (2%).

Осылайша Ақтөбе облысының тұрғындары біздің облысымыздың өміріндегі оң өзгерістердің мейлінше кең ауқымын атап көрсетеді.

Тұжырымдар:

1. Ақтөбе облысы тұрғындары үшін тұтасынан алғанда әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты, қалыпты және төзерлік. Ақтөбе облысының тұрғындары ағымдағы жылы экономикалық жағдайдың төмендегенін айтпайды. Бұның өзі ағымдағы кезеңдегі саяси тепе-теңдік пен тұрақтылықтың куәсі.

2. Ақтөбе облысы тұрғындарының өміріндегі оңды өзгерістер ауылдарды, қалаларды көріктендіру, жарық, газ бен суды үздіксіз беру, тұрғындардың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік қорғау, көліктің үзіліссіз жұмысы, медициналық қызмет көрсетудің жақсаруы, ауылдардың, қалалардың санитарлық жағдайының жақсаруы, қызмет көрсету салаларының кеңеюі және жақсаруы, ауылдар мен шағын қалаларды көтеру үшін жағдайлар жасалуы, мәдени шаралардың жақсаруы, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы мен апатты жағдай қызметі жұмыстары проблемаларының шешілуі болып табылады.

3. Жергілікті атқарушы органдар әлемдік дағдарыс жағдайында Ақтөбе облысының тұрғындары үшін оның салдарларын барынша азайтып және әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз етті. Әлеуметтік көңіл күй ахуалы қанағаттанарлық.

4. Елімізде өтіп жатқан саяси процестерді Ақтөбе облысы тұрғындарының көпшілігі оң бағалайды.

5. Республикамыздың экономикалық және саяси өміріндегі өтіп жатқан оқиғаларға Ақтөбе облысы тұрғындарының ықылас білдіруі орнықты және тұрақты. Елдегі және шетелдегі қоғамдық-саяси ахуалдардың негізгі ақпарат көздері бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады.

6. Елдің экономикалық, саяси, әлеуметтік саладағы және заңдылықты сақтау мен құқық қорғау бойынша бүгінгі жағдайы оңды және қанағаттанарлық деп бағалануда. Елімізде өтіп жатқан саяси процестерді Ақтөбе облысы тұрғындарының көпшілігі оң бағалайды.

7. Өткен жылмен салыстырғанда елдегі қоғамдық-саяси жағдай жақсара түсті. Ақтөбе облысының тұрғындары алдағы Қазақстан Республикасы Президенті сайлауы туралы хабардар етілді.

8. Ақтөбе облысы сайлаушыларының басым көпшілігі (966%) сайлаудан бір ай бұрын дауыс беруге қатысуға ықыласты.

9. Билік заңды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақтөбе облысы тұрғындарының сенімі мен қолдауына ие. Ақтөбе облысы сайлаушыларының басым көпшілігі алдағы Қазақстан Республикасы Президенті сайлауында дауыс беруге ықыласты. Ақтөбе электоратының дауыс беруге қатысуының негізгі себептері мыналар болып табылады: азаматтық парыз, елдегі ахуалға ықпал ету қалауы, өзіне жақын кандидаттың жеңісіне өз үлесін қосуға ұмтылыс және дағды.

10. Электораттың басым көпшілігі «сайлау — бұл билік органдары мен саясатқа қарапайым адамдардың ықпал етуі үшін мүмкіндік» деп есептейді.

11. ҚР Үкіметінің, Парламентінің және жергілікті мемлекеттік органдарының рейтингі елеулі түрде көтерілді. Ақтөбе облысының тұрғындары жүргізіліп жатқан реформалар бағытына сенеді және қолдайды.

12. Ақтөбе облысының тұрғындары үшін мәдениеттің патриархаттық және азаматтық түрлері тән. Тұрғындардың көпшілігі сайлау қарсаңында саяси саналы және дәстүрлі бағыт ұстануда. Электораттың елеусіз бөлігі билікке бағына отырып, одан әртүрлі игіліктер (әлеуметтік жәрдемақылар мен кепілдіктер) күтеді.

Қазақстандықтардың ділін ескере отырып, олардың көпшілігі демократиялық қоғамды құрудың стратегиялық жоспарының қажеттілігін толық көлемде сезінбейді деп айтуға болады.

13. Ақтөбе облысының сайлаушылары үшін әсершілдік және тиімді электоралды ахуал тән.

14. Қазіргі уақытта Қазақстанда демократия мен азаматтық қоғамның шешуші институттары қалыптасты, партиялық жүйе нығаюда, үкіметтік емес ұйымдар белсенділік танытып, саяси мәдениеттің демократиялық типі беки түсуде. Бүгінгі күні Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы тиісті құрылымдардың күшті және сайланып қойылған азаматтық институттарына бірігуімен емес, сандық өсу жолымен және сапалық көп қырлылық ұлғаюымен жүріп келеді.

15. Ақтөбе облысының электораты өз елінің болашағы тұрғысынан оптимистік көзқарасқа ие.

* * *

Әлеуметтік зерттеудің мақсаты Ақтөбе облысындағы қоғамдық-саяси ахуалдың дамуының негізгі ағымдарын зерттеу болып саналды.

Ақпараттарды жинаудың негізгі әдістері екінші ақпараттар мен бастапқы мәліметтерді зерттеу болды. Сырт көздер ретінде ұлттық ресми ұйымдардың жарияланымдары таңдалды. Бастапқы мәліметтер — сұрау салу, қадағалау және сұхбат алу. Сұрау салу қалыпталған анкета көмегімен жеке сұхбаттасу әдісімен жүргізілді.

Зерттеу объектісі ретінде Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысының селолық аудандарының 18-ден 60 жасқа дейінгі және одан да үлкен жастағы тұрғындары қамтылды.

Іріктеу көлемі қалада және Ақтөбе облысының он екі селолық аудандарында тұратын 1000 респондентті құрады. Жалпы массив бойынша статистикалық ауытқушылық 4%-дан аспайды.

Бұл зерттеуді Ақтөбе облысы Үкіметтік емес ұйымдары ассоциациясы (Тәттігүл Жақсыбайқызы Талаева), Ақтөбе облысы жұмыс берушілері мен кәсіпкерлер одағы (Асхат Әбдірахманұлы Айтжанов), Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы Ақтөбе облыстық филиалы (Жанат Әбдіғалиұлы Молдашев) тапсырысы бойынша «КОНТАКТ» жобалар мен зерттеулер орталығы» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button