Білім

«Алтын белгі» үміткерлеріне талап күшейтілді

«Алтын белгіге» үміткерлер қорытынды аттестаттау кезінде алгебра және анализ бастамалары пәні бойынша емтиханды Назарбаев зияткерлік мектебінде тапсырады. Жақында Білім және ғылым министрлігі осындай шешім қабылдады.

— Соңғы кезде «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты сын көп. Өйткені олардың арасында ұлттық бірыңғай тестілеуде шектік ұпайды жинай алмаған түлектер де бар. Яғни үздіктердің біразы білімін дәлелдей алмайды. Бұрын үміткер «Алтын белгіні» ұлттық бірыңғай тестілеуде қорғайтын. Білімін дәлелдегендер ғана «Алтын белгіге» лайықты болатын. Соңғы жылдары «Алтын белгіге» үміткер балаларға аталған үлгідегі аттестат мектепте өткізілетін қорытынды сынақтың нәтижесіне байланысты беріледі. Ал мектеп әкімшілігі өздері үміткер деп ұсынған баланы «құлатпайтыны» белгілі. «Алтын белгіден» үміткер балаларға Назарбаев зияткерлік мектептерінде емтихан тапсыртудың мақсаты — осы олқылықты болдырмау, оқушылардың жұмысын әділ бағалау, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.

Оның айтуынша, түлектер аталған мектепте сынақ тапсыруды қаламаса, «Алтын белгіге» үміткер болудан бас тартуына болады. Яғни өз мектебінде емтихандарды тапсыра береді. Емтихан қорытындысында барлық пәннен жұмысы 5-ке бағаланса, үздік аттестат иегері атанады.

Биыл облыс бойынша 13 587 оқушы 9-сыныпты, 8044 оқушы 11-сыныпты бітіреді. 377 бала «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер.

«Алтын белгі» иегеріне мемлекеттік білім грантын иеленуде қандай жеңілдік берілетіні туралы Гүлжан Құлыбекқызы былай дейді:

«Білім туралы» Заңға сәйкес, «Алтын белгі» иегерлері жоғары оқу орнына түскен кезде жеңілдік беріледі. Мысалы, конкурс қорытындысында екі үміткер бірдей ұпай жинаса, онда «Алтын белгі» иегеріне басымдық беріліп, грантқа ие болады, — дейді ол.

Айта кету керек, биыл түлектердің мектеп бітіру кеші мектепте өтеді. Соңғы қоңырау 25 мамырда, ал аттестат тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді деп жоспарланып отыр.

— Соңғы екі жылда пандемияға байланысты мектеппен қоштасу кеші өткізілген жоқ. Қазір эпидемиологиялық жағдай жақсарып, шараны өткізуге мүмкіндік бар. Сондықтан мектеп бітіру шараларының барлығы міндетті түрде мектепте өткізіледі, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Қазір ата-аналарға бұл іс-шараны шығынсыз өткізу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мектеппен қоштасу кешіне аниматорларды, әртістерді шақыруға,  мерекелік дастарқандарды ұйымдастыруға, жалға алған автокөліктермен экскурсия жасауға тыйым салынады. Сондай-ақ мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинауға болмайды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button