Білім

Мұғалім мерейі

Кім-кім де көкірегіне білім нәрін құйған алтын ұя — мектебін, ұлағатты ұстаздарын ұмытпайды. Өйткені үлкен өмірге алғашқы қадам осында жасалады.

Осындайда ойымызға ерекше қадірлі естілетін ауыл мұғалімі деген ұғым орала береді. Қазіргіні айтпай-ақ қоялық, кешегі бір күндері қай елді мекенде болмасын мұғалім мәртебесі ерекше еді. Үлкендердің өзі оларға бөлекше құрметпен қарайтын. Қандай мәселе болмасын, солардың алдына барып жүгінетін. Жоғарыдан жетіп жататын жақсы жаңалық, өзгерістер де әуелі ауылдағы білім ошағында көрініс беретін. Ұстазы алдынан шыққанда шәкіртінің баскиімін шешіп, ізет көрсететіні қандай жарасымды еді…

Біздің бүгінгі әңгімеміз — сондай ауыл мұғалімдерінің бірі, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы аға буын қатарына еніп, жастарға ақыл-кеңесін беріп жүрген ұлағатты ұстаз Сатыбай Әбілев туралы.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында шәкірті, баспагер-журналист Раукен Отыншиннің бастамасымен діндар ғұлама, Кіші жүз өңірінің шежіресін өлеңмен өрнектеген Ыбырайым ахун Құлыбайұлының «Алтынды орда қонған жер» атты кітабы жарыққа шығып, Байғанин өңірінде баба әруағына арнап үлкен ас берілді, ауқымды жиын ұйымдастырылды. Алыс-жақыннан қонақтар шақырылып, кең далаға киіз үйлер тігілді. Мұндай мәдени шаралар әдетте көптің көтеруімен, халықтың қолдауымен жүзеге асатыны белгілі ғой. Сондай сәтте Сағыз орта мектебінің мұғалімі Сатыбай Әбілевтің де шәкіртінің игілікті ісіне қуанып, жанашырлық танытып, рухани қуаты мол кітапты насихаттап жүргенін көргеніміз бар-ды. Алғашқы таныстығымыз да сол кезден басталған екен. Қырықтың үстіне енді шыққан жас жігіт ешкімді жатырқамайтын жақсы мінезімен, сыпайы жүріс-тұрысымен, елгезектігімен есімізде сақталып қалыпты.

Одан бері қанашама уақыт өтті. Жақында көптен көрмеген жақсы ағамен жүздесудің сәті түсті. Сәкең жетпістің желкенін көтеруге дайындалып жүр екен. Қазір Ақтөбе қаласына қоныс аударған. Бірақ, бүйрегі атамекенге — Байғанин өңіріне бұрып, елге жиі қатынап тұратындығын сөз арасында айтып қалды.

Иә, оның саналы ғұмыры ауылда, Ноғайты деп аталатын ерекше елді мекенде өтті. Ұзақ жыл ұстаз болды. Алдынан талай шәкірттер өтті. Сол жайларды ауыл мұғалімі атанған ақжарқын адамның өз аузынан тыңдауға ниет білдіргенмін.

— Бір кездері әкеміздің жұмыс бабымен Атырау облысында тұрған екенбіз. Сондай ретпен мен сол жақта, Миялы деген жерде өмір есігін ашқанмын. Әкем Маңғыбай Әбілев ферма зоотехнигі болып еңбек етті. 1956 жылы Байғанин ауданына көшіп келдік, — деп бастады ол әңгімесін.

Елуінші жылдардың ортасында «Сағыз» кеңшары қаракөл қой шаруашылығымен шұғылданған екен. Соның алдында Темір совхоз-техникумын бітірген Маңғыбай Әбілев осы салаға маманданыпты. Туған мекенге оралып, жаңа істі өрістетуге үлес қосуды қалаған оның ізгі ойы оңынан жүзеге асыпты. Сол тұста «Сағыз» кеңшары үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, облыс деңгейінде ілгеріге шыққан, тіпті одақтық марапаттарға да ие болыпты. Ал Маңғыбай ферманың аға зоотехнигі, ферма басқарушысы ретінде көп шаруаның ортасында жүрген. Сол кезеңдерде қысы-жазы тірлігі қызып жататын шаруашылықтың әртүрлі  науқаны бірінен біріне ұласып, әсіресе мал мамандары күндіз-түні тыным таппайтыны көпшіліктің жадында. Елге беделді, сөзі өтімді, іс ұйымдастыруға келгенде кеуделі, бір жағы ақкөңіл әке тәлімі бала Сатыбайға да ықпал еткені анық. Оның үстіне анасы Шолпан да үйде отырып қалмаған. Қой қырқымы, басқа да шаруашылық науқандары кезінде қараша үйін тігіп жіберіп, жұмысшылардың ас-суын дайындап, басқа да тірліктерге кірісіп кете береді екен. Тумысынан сөзге шешен, бала-шағаның бәрін «жарығым, құлыным!» деп айналып отыратын, үйде бір қой сойылса, соның етін айналаның бәріне жеткізіп, ауыз тигізетін оны көрші-көлемі, ағайын-туыс та ерекше қадір тұтқан. Көршіге қамқорлық жасаудың үлгісі болған Шолпан анадай асыл жан туралы елде әлі күнге дейін айтылып жүр.

Осындай ынтымақты, ырысты отбасында үш перзент дүниеге келіп, бірінің ізімен бірі сыйласып өскен. Сатыбай баланың үлкені болғасын інілері Сәтжан мен Талғатқа ылғи да жол көрсетіп жүреді екен. Соңынан ерген Сәтжаны өкінішке қарай, елу жасында өмірден өтіпті. Талғат бүгінде әкеден қалған қара шаңыраққа ие, ауылда шаруа қожалығы жұмысын жайластырып отыр.

— Менің інілерімнен бір ерекшелігім — әжемнің баласы болдым, оның есімі де ешкімге ұқсамайтын, Қама еді,  — дейді Сатыбай аға. — Марқұм мені өте қатты жақсы көретін. Зейнетақысын да қалтасына қымтап ұстап, маған сақтап отыратын. Тоқсан жеті жасқа келіп дүниеден өтті. Өмірі жатып ауырмаған, дәрі-дәрмек ішпеген адам. Көзі ауырғанда ғана шекермен жуып отыратыны есімде қалыпты. Тоқсанға келгенше үйдің жанында өскен жоңышқаны қол орақпен өзі шауып, баулап отыратын. Содан кейін «белімнің ауырғаны кетті ғой» деп бір рахаттанып қалушы еді. Таңертең ерте тұрып, келіндері сауып жатқан сиырдың сүтінен бір кесе ішіп алатын. Жазда марқаның етін жейді, күзде арнайы құнан қой сойдырып, соның екі сүбе қабырғасын бөлек сақтап, баптап пісіреді. Біреудің үйіне қонаққа, той-садақаға барғанда наннан ауыз тиіп, бір кесе ғана шәй ішетін. Артық әңгіме айтпайтын, былайынша сұсты адам еді…

Сәкең сипаттаған әже бейнесі бірден біздің көз алдымызда қалып қойғандай еді. Бір жағынан ақ кимешегін басынан тастамай, өзінің шәй-суын әспеттеп бөлек қамдап, тірлігін баптап ұстайтын өз әжелеріміз ойға оралған…

Сондай әженің сүйікті немересі болған Сатыбай жас кезінен білімге құштар болған. Әкенің ұйғарымымен тоғызыншы-оныншы сыныпты қазіргі Қандыағаш қаласындағы №465 орта мектепте оқыды. Сірә, ел көрсін, жер көрсін деген болар.

Ол орта мектепті бітірген соң, ауылына оралып, екі жыл еңбек етеді, шаруашылық жұмыстарына араласады. Сосын барып Ақтөбе педагогика институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. «Деканымыз Мәжит Тумышев, кураторымыз Ақжарқын Шоқаева болды, екеуі де өз мамандықтарын жетік меңгерген, ұлағаты мол ұстаздар еді, олардан көп нәрсе үйрендік», — дейді Сәкең студенттік шақтарын еске алып. Жастық кезді ойға түсіргенде институтта алғашқы екі жылда қатар оқыған, бір бөлмеде жатқан аяққұмдық досы Виктор Қонысбаев туралы айтпай тұра алмайды. «Бисенғали деген де аты бар, нар жігіт еді, сөзге де, іске де өтімді болатын. Кейін оқуын Алматыда жалғастырды, Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп, туған жері Шалқарда қызмет етті, мектеп директоры болды. Арада біраз уақыт өткенде мені ұмытпай, өзі іздеп тауып алғаны бар. Өкініштісі, қырық бес жасында өмірден ерте кетті. Ондай жолдастыққа адал, сөзге шешен, көпшіл азаматтар сирек болар», деп бір қайырған кейіпкерім тіршілік тағылымдарына ерекше мән беретіндігін де байқатқандай еді…

Институт бітірген жас маман жолдамамен Қарауылкелдідегі №163 кәсіптік-техникалық училищеге жіберіледі. Мұнда сол кездегі ең ықпалды ұйым — комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. Жастар жетекшісі болудың жауапкершілігі жоғары, болашақ жұмысшы мамандармен жұмыс істеуге ол құлшына кіріседі. Көпшілікті де соңынан ерте біледі, өзі де шыңдалады.

Бірер жылдан соң өзі білім алған Сағыз орта мектебіне оралады. Жалғыз емес, қасында институтта бірге оқыған, алдағы тағдырын қосақтаған жары, Қобданың қызы, Әлия батыр ауылынан қанат қаққан Самиға Жұмағазина бар. Екі математикке аядай ауыл мектебінен мамандығына сай сағат табыла қоя ма? Сатыбай бұдан да өзі жол табады, Самиғасын алға шығарды да, өзі дене тәрбиесі пәнін қолға алады. Институт қабырғасында алған білім-тәжірибесі бар, өзінің де бейімдігі бөтен емес, жас ұрпақтың жан-жақты жетілуіне, дене жаттығуларына ерекше күш салады. Осындай дұрыс бағдардың нәтижесі болар, бұл мектеп түлектері арасынан кейін спортқа бейім жастар көптеп шықты.

Арада шамалы уақыт өткенде Самиға мектеп директорының орынбасары лауазымына көтерілді де, ал үй қожасы Сәкең сол сабырлы қалпын сақтап, мектептегі бұрыннан қалыптасып қалған қалың математиктің ортасына қарай ентелей қоймады. Оның орнына енді еңбек пәні тізгінін ұстады. Бағамдап қараса, бұл да қажетті шаруа екен. Ауыл баласы қашаннан еңбекке бейім келеді ғой. Қай-қайсысы да сабақтан кейін әке-шешесіне көмектеседі, бұғанасы қатқандары шаруашылықтың науқандық жұмыстарына қатысады, көктемде қой қоздатып, жазда тіркемеші болып, шөп шабысады, қыстақтарға мал азығын тасиды, күзде қырқым пунктінен табылады дегендей.

Сатыбай Маңғыбайұлы шәкірттерін техника негіздерін игеруге көбірек бейімдейді. Машинатану әліппесінен бастап, оқушыларға техникаға күтім жасау, көлік жүргізу ерекшеліктерін таныстырады. Бір тұста мектеп бітіруші жастарды екінші тың — қой шаруашылығын игеруге шақырған үндеу пайда болды. Осы тұста да еңбекке баулудың көптеген шаралары жүзеге асырылады. Сынып жетекшілерінің еңбегі — мектеп бітірген түлектердің жас шопандар бригадалары қатарын толықтыру көрсеткішімен есептелетін кездерде сол шаруаның басы-қасында жүрді.

Сатыбай ұстаздың алдын көрген түлектердің бірі Нәсіредин Жанғалиев кейін белді механизаторға айналды, ауылда алып «К-700» тракторын жүргізіп, күні-түні тынымсыз еңбек етті.

Қиынбай Айтуғанов, Бауыржан Бақытов, Ғарифолла Назаров, Сәрсенбай Шоманов, осылай санамалай берсе аз емес, солардың барлығы да тәлімгер алдынан тәжірибе жинақтағандар. «Сағыз» кеңшарындағы «Ата жолы», оған ілесе шыққан «Алтын арай», «Жас дәурен», «Жас ұлан» комсомол-жас шопандар бригадаларының мүшелері де мектептегі өндірістік тәжірибелердің пайдасы мол болғандығын талай жерде сезініп жүрді.

Жалпы Сәкеңнің көптеген шәкірттері республика көлемінде қызметтер атқаруда. Олардың арасында  мұғалім, дәрігер журналист, инженер болып жүрген танымал азаматтар аз емес.

2012 жылы мектепті 1977 жылы бітірген шәкірттері отыз бес жылдық кездесуін жасап, соған байланысты «Туған жер деп соғады жүрегіміз» атты фильм түсірілген. Сонда Сәкең сынып жетекшісі ретінде сөйлеген сөзінде: «Өмір кездесу мен қоштасулардан тұрады. Осындай жақсы жүздесуіміз алда да жалғаса берсін» деп ақ тілегін білдірген еді. Шүкір, содан бері де он жыл өтіпті. Ал, ұстаздың шын жүректен шыққан шынайы лебізі түлектердің жадында сақтаулы.

Бүгінде жетпіс жастың жалына қол артқанмен ол өзін білім жолына жетелеген алғашқы мұғалімдерін ұмытпайды. Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Серғазы Санақаев, жекелеген пәндерден сабақ берген Михаил Жәленов, Таубай Әлібеков, Әділ Тілегенов, Ізғали Бөлегенов, Бідән Қошаманов бейнелері қазір де көз алдында, олардың әрқайсысының шәкірті үшін өз орны бар. Кейін сол ұстаздарының ізін басып, игілікті істерін жалғастырғанда да жадында олардың тәлім-тағылымы атойлап, жол көрсетіп тұратын.

Бір кездері ауылдың жас мұғалімдері саналған Сатыбай-Самиға бүгінде ақылшы ата-әжеге айналды. Олардың шаңырағында үш перзент дүниеге келіп, жақсы тәрбиемен өркендеп өсті. Үлкені Талғар — Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі, бүгінде сол өзі бітірген оқу орнында факультет деканы. Зайыбы Жанар да медицина саласында еңбек етеді, білікті дәрігер.

Талғарының соңынан ерген қызғалдақтары — Ақмарал, Әсел, Ақсамал атты қыздары әрқайсысы бір-бір мамандық иесі болып, заман ағымына сай еңбек етуде.

Өздерін ата-әже қылған Айман, Іңкәр, Төрекелді атты немерелерінің алды студент, кейінгілері — мектеп оқушылары. Бүгінде үйде отырып осы балғындарының өмір бәйгесінде оза шабуын тілейді, қажетті жерінде тірліктен түйген ақыл-кеңестерін алдыға салып отырады.

— Бала кезімде ақын Сәбит Баймолдиннің өлеңдерін өз аузынан тыңдағанмын. Ол кезде жоғары оқу орнын бітіріп келіп жатқан жас мұғалім екен. Алған әсерім ерекше. Бұл менің әдеби кітаптарды көбірек оқуыма, жан-жақты ізденуіме ықпалын тигізді. Биыл Сәбит ағамыздың туғанына сексен жыл, ел-жұрт кеңінен атап өтуде,— деп Сәкең тағы бір қырын танытты әңгіме барысында.

Иә, рухани түлеуді өмірінің мағынасы етіп ұстанған, жан-жағына имандылық нәрін сеуіп келе жатқан ұлағаты мол ардагер ұстаз Сатыбай Әбілев сынды атаққа емес, адамшылыққа бас иетін жақсы жандар қай кезде де жүрегімізді жылытып, көңілімізді жайландыратыны сүйінішті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button