Өмірімнің мәні едің…

Бізді тағдыр кездестірді.
Алдағы күндерімізді, келешегімізді бірге өткізгіміз келіп, қол ұстастық, тілек қостық.
Осылайша мағыналы, түсіністікпен мағыналы ғұмыр кештік. Өзімізше өнегелі өмір сүрдік.
Сосын сен… мәңгілікке аттанып кеттің. Ұзақ жолда бірге келе жатқан жан серігіңнің жаныңнан жалт етіп жоғалуы өте ауыр екен.
Бұл күнде ұзақ ойға батамын. Жүріп өткен жолдарымызды, өткен шақты көз алдыма келтіріп, қиялға берілемін. Бәрі еске түседі. Көзім жеткені — сол жақсы күндерің енді қайтып оралмайды екен…
Сені — Сара Бегдарова есімді, кейін ұлағатты ұстазға айналып, көп құрметіне бөленетін балаң қызды алғаш көргелі алпыс жыл өте шығыпты.
…1961 жылы мен —Алматының ауыл шаруашылығы институтына, ауылдан келген Жайылхан, Алпамыстар зоотехникалық-малдәрігерлік институтқа оқуға түсті. Он шақты күн бұрын елден Жайылханның жездесі Тұғыр Қалмұрзин келген-ді,ол негізінде жазушы Тахауи Ахтановтың туған інісі екен.Бірақ басқа адамдардың тәрбиесінде болса керек, сол Тахауи ағасымен таныспақ ниеті бар.Жайылхан екеуміз ол кісіні ерітіп, Тахауидың үйіне үш рет барғанымызда, жеңгеміз«сендей інісі болған емес» деп үйіне кіргізбеді.Енді амалсыздан ауылға қайтпақ болып тұрғанында Тұғыр аға менен:«Қай оқуға түспексің?» — деп сұрады. «СХИ-дың мехфагіне» деп едім,«Оның оқуы неше жыл екен?» демесі бар ма?:«Алты жыл» дедім. Ол шошып кетіп:«Қой шырағым,әкең сексеннен, шешең жетпістен асқан адамдардың жалғыз баласысың, олар темірден жаралмаса, алты жылды қалай оқымақсың?»— деп,мені институтқа қарай сүйреледі.Комиссияның жауапты хатшысына барып:«Мына бала оқуға түсті ме?»— деп сұрады. Ол кісі ерінбей бір шумақ қағазды ақтарып қарап: «Иә, түсіпті, үш күннен кейін бұйрық шыққалы тұр», — деп жауап берді.Содан ауылға қайтайын деп тұрған Тұғыр жолынан қалып, үш күн менің соңыма түсіп, қоярда-қоймай,құжаттарымды алғызып, ақысы бардай мені Талғарға ертіп барып (алдында Талғардың техникумына студент сұрастырып жүрген адамды кездестіргенбіз), сонда оқуға түсіріп кетті. «Осының дипломымен де қатарыңнан озық боласың, әрі әке-шешеңе көзі тірісінде наныңды жегізіп үлгересің» дейді әлгі кісі маған бірдеңесін қосып қойғандай!Айдаладағы кісінің соншама жанашырлығына осы уақытқа дейін таңғаламын…Әке-шешемнің жұртқа қатты сыйлы болғанын талай көргенмін.Мүмкін,содан шығар…
1962жылы күзде ауылшаруашылығы жұмысынан келіп, оқып жатқанымызда 7 қараша мейрамында Алматыдан бес қыз қыдырып, бізге қонаққа келе қалды. Біз бес жігіт пәтер жалдап тұратынбыз. Қонақтарымыздың бастаушысы — қасымдағы Қапалбайдың Күлмайрасы! Бес жігіттің ортақ ақшасы менде, соның арқасында күйлі тұратынбыз.Қыздарды құрметтеп сыйлап, көңілді отырыс жасадық. Сосын бәріміз суретке түсіп, шығарып салдық. Кетерінде олардың «жетекшісі» бізді қонаққа шақырып кетті, өздері ҚазПИ-дің бірінші курсының студенттері екен.Келесі демалыста қасымдағылар еруге жарамай, Алматының СХИ-нің агрофагінде оқитын өзімнің Тілегенімді ертіп, ҚазПИ-дің жатақханасына бардық. Кіргізбейтін шығар деп ойлағанбыз, сөйтсек, сол қыз жатақтың да белсендісі болып шықты. Еркін кіріп,еркін шығатын дәрежеде екенбіз.Сөйтсек, әлгі қызымыз студсоветтің председателі, яғни жатақханаға да қожайындығы жүреді екен. Олар да бір бөлмеде бес қыз.Содан кейін ол жаққа Тілеген екеуміз,СХИ-дың екі жігіті, политтің бір жігіті — бесеуміз жиі барып жүрдік.
Мен 1964 жылы оқуды бітіріп, Шалқар ауданына жолдама алып,ауыл шаруашылығы-өндірістік басқармасының бастығы Кеңес Нокинге кірдім. Ол кісі жақсы қабылдап,жаңадан құрылып жатқан «Шалқар», не болмаса «Шетырғыз» совхоздарының біріне бас инженер болуды ұсынды. Ауылға әкеме келіп,қуанышым қойныма сыймай:«Әке, қайсысына барғаным дұрыс?» десем, ол: «Өзің бара бер, мен «мына өңкиген қара шал қайдан келген» дегізіп жүрем бе?» деп, қуанышымды су сепкендей басты. Енді өзіміздің совхоздан қызмет сұрауға директорға бардым. Ол кісі бас инженерді ертіп кел, ақылдасайық деді. Бас инженерден: «Қандай қызметтің реті болар екен?» деп едім, «Егімбайдың орнына шығар…» дегені. «Ол қызметке тұрмаймын, ол көрші,туған құда, он баласы бар…» дегенді айтқанымша, директорға да кіріп үлгердік. Сонымен,уақытша техник-электрик қызметіне кірістім.
Жолдамамды алып келуге барғанда Кеңес аға: «Әй, қасқа қазақ, өстіп құримыз ғой, кескінің келісті, сөзің орнықты екен, мына қызметке тұрғанда екі-үш жылда директор болар ең. Енді Сартапалда жүріп, сәті түссе ғана бес-алты жылда шаққа инженер боларсың, болмаса сол қалғаның қалған ғой» деп өкініш білдіріп, қағазымды қолыма қинала ұсынды.
1965 жылытехникумнан дипломымды алып, ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түсіп қайттым.
Өткендегі ҚазПИ-дің қыздарымен түскен суретімізді көргендер«мына қыз саған бейімделіп отыр ғой» дегенде мән бермегенмін, бірақ алдағы уақыт бізді шынымен жақындастыра түсті. Ұғыныстық, түсіністік, сөз байластық.
Сөйтіп, 1966 жылы төртінші курста оның үш-төрт айлық географтардың Еуропа аралайтын практикасынан, сол кездегі ректор, ырғыздық Серғали Толыбеков ағаға кіріп, ұлықсат алып, Алматыда екі жақтан ағайын-тумаларымыз бен Шалқар-Ырғыз студенттерін түгел қатыстырып, «Ласточка» мейрамханасында ұлан-асыр той жасап, үйлендік. Байдәулет аға тойдың асабасы етіпҮмбетбай Уайдин ағаны белгіледі.
Тойды ҚазПИ-дің математика факультетінің деканы,қарабұтақтық БегалыЖаңбырбаев аға алғашқы болып сөз сөйлеп, ашты да: «Әй, інім, ортамыздан ойып қыздарымыздың қаймағын алып барып, Кіші жүздің серкелеріне басын идіресің,тізесін бүктіресің,ал енді осы арада ошағыңа От-ана алып бара жатқан сен бақытқа кенелуің үшін Орта жүз арыстарын ырза қылып, кішілік жасап, тағзым ет. Сонда сенің көсегең көгеріп, көрпең ұлғаяды» деп, менің тағзым етуімді талап етті. Мен онысын ырзалықпен қабылдап, басымды иіп, тағзым еттім.
Ал сол үйдегі жеңгеміз о заманда ешкімнің қолы жете бермейтін электрсамаурынын қолтықтай келіпті — не деген керемет десеңізші!
Екінші керемет — Рафайыл жездеміз осы тойда отырған қауымға (200-ден астам адам) біздің шалдың «бәрін Ырғызға тойға шақыра кел» дегенін жеткізуінде болды, жұрт таңғалғаннан шу ете қалып, дуылдата шапалақ ұрды.
Үшінші керемет — Баянның(Бағданның ағасы) лезгинкасы болды. Оның жандыра билеп, әйнекті тесіп өте жаздаған жылдамдығы жұртты есінен тандыра ырза етіп, қарық қылды.
Той ойлағанымыздан әлдеқайда жоғарғы деңгейде өтіп, бір марқайып қалдық.Оның үстіне,студенттер барын аямай, дүниені үйіп тастады.
Шалқарға келіп, пойыздан түсіп, «енді қайтер екенбіз, базға жаяулап жетеміз бе?» деп тұрсақ(өзіміз оншақты адамбыз), «Газ-69» жеңіл машинасы күтіп тұр екен. Жүрегіміз жарыла қуанып, тағы бір марқайдық.Адами түсінігі мен тілектес көңілі үшін директорым Қияс Сәрсембаев ағаға да шын алғысымды білдіріп, разы болдым. Таңғы бесте ауылға кеп кірдік.
Бізді ел жиналып күтіп отыр екен,ақ түйенің қарны жарылған дегенің осы болар, әкеммен әжемнің қуануын айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес. Жұрт мәз-мейрам. Соның ішінде таяғын шаққа сүйретіп келе жатқан бір кемпір: «Әй, сенің өз еліңде осындай қара бала жоқ па!? Баламызды тартып алыпсың ғой!» дегенде, Сара байғұстың жаны қайда кеткенін түсініп көріңіз! Артынша құшақтай алып, бетінен сүйіп, айналып-толғанып жатыр менің Рәш деген жеңгем.
Шал-кемпір барын салып, гүрілдетіп тойын өткізгесінертеңіне ерте тұрып, екі шелекті қолыма алдым да,келіншегімдіүйдің қасындағы колонкаға апарып, су алатын жерін көрсетіп:«мына шелекпен сиыр сауасың» дедім де, бұзауын салып: «ал енді сауа бер» демеймін бе… Бұзау салған жақтың қарсы бетіне келіп, шелегімен отыра бергені сол еді,жас келінді сиыр теуіп, шалқасынан түсіргені. Үйден жүгіре шыққан әжем ойбайын салып, келінін орнынан ұшықтап тұрғызып алып: «Не шаруаң бар? Сен емес оған сиыр саудыртатын, не істеу керегін өзім айтпаймын ба,аулақ жүр. Біреудің қызын өлтіргелі жүрсіңбе?»— деп, дымымды қоймай ұрысып, қуып жіберді.Ұят жасағанымды біліп, екеуінен кешірім сұрап, енді жоламаймын деп уәде беріп, шақ құтылдым. Содан кейін олардың шаруасына араласпайтын болдым.
Бір күні түнде ұйқымнан оянып кетсем, қасымдағы келіншегім жоқ,ұшып түрегеліп қарасам,асүйде үшеуі шүңкілдесіп сәресі ішуде,шал-кемпірдің рахатқа батып отырғанын көріпқуанып кетіп, төсегіме жалп ете қалдым!
Жұбайым үш-төрт айдай Темірастау орта мектебінен шәкірт тәрбиелеудің тәжірибесінен өтіп,Алматысына оқуын жалғастыруға кетті. Бірінші семестрді бітіргесін елге келіп,екінші семестрде мемлекеттік емтихан тапсыруға барарында Алматыға жетпістегі кемпірді ала кетіп, сынақтан бір күн бұрын босанып, дүниеге Алмат атты нәрестеніәкеліп, шал-кемпірді шексіз қуанышқа бөледі. Әкем Алматыдан кемпірі, ұлы мен келіні дипломымен келгесін үлкен қуанышқа кенеліп,Құдайына шексіз рақметін айтып, тағы да ұлан-асыр той жасап, рахатқа батты.Тәңірі қолдап, шалдың немересі тез өсіп, төрт-бес айда еңбектей бастады. Баланы екібастан бізге ұстатпайды,емізгеннен басқа уақытта келініне де бермейді. «Ке-емпірр, балаға қара, ашығып қалмасын…» деп отырғаны. Құйттай бала, әрине, өте сүйкімді,олардан жасырынып, оңашада иіскеп, ұрланып сүйіп-сүйіп аламыз.Өте ертерек еңбектеді, бір күні қалай келе қойғанын қайдам, жаңағы «күшік» екеуміздің ортамызға келіп, шоқиып отыра қалыпты.Біз оны байқап үлгергенше, төрде отырған еңгезердей әкем: «Әй, әтәңелеттер, мынаны орталарына отырғызып алыпты ғой» деп анадайдан тұрып келіп, алды да кетті.Біз қысылғаннан жерге кіріп кете жаздадық.
Сөйткен әкем 84 жасында, жаңағы жалғыз немересінің алты-жеті айлығында, ауырмай-сырқамай, келінінің қолында кірпігін де қақпастан, бақи дүниесіне аттанып кетті. Тәңіріне ырзалығымен аттанған бір кісі болса,осы кісі болар деп ойлаймын!
Анамызда бірнеше жылдан кейін «ырзамын-ырзамынын» айтып жүріп, үзілген болатын. Ол кісілердің жандары жәнатта болсын, жандары тап-таза, өте тамаша жаратылған адамдар болатын.
…Жас келіншегім тез арада көзге ілігіп,КПСС-тің билеті алмасқанда аудандағы нөмірі бірінші партия билетін алуды ұсынып,аудандық комсол комитетінің бірінші хатшылығына шақырылды. Сол кездеол мектептегі жалғыз жоғары білімді әйел-тұғын. Отбасылы екенін, үлкен кісілері мен жас баласы барлығын, әрі география және биология пәні бойынша жалғыз маман мұғалімекенін алға тартып, ол ұсыныстан бас тартып,партияға кірмей қалды.
Енді нақты дерекпен сөйлесем, Сара Құлжамбекқызы еңбек жолын 1967 жылы Ырғыз ауданының Темірастау орта мектебінен бастап, 1991 жылға дейін сол ауданның Коминтерн орта мектебінде, Киров орта мектебінде, Тәуіп орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие берді.1995жылы Ақтөбе қаласына қоныс аудардық та, қаладағы№32 мектеп-гимназияда ұстаздық жолын жалғастырды,1999жылдан бастап қаладағы Мұхтар Арын атындағы қазақ орта мектебіндеқызмет жасап, зейнетке шықса да, сол ұжымда ұзақ уақыт еңбек етті.
Өнегелі ұстаз «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері»,«Әдіскер-мұғалім»,«Жоғары категориялы мұғалім»,«13-разрядтың 1-санатындағы мұғалім»,«Біліктілігі жоғары деңгейдегі маман» атаулары мен түрлі марапаттарға ие болды. Мектептің жеке оқу кабинетін жабдықтап,«Үздік биология кабинеті»дипломын жеңіп алды.«Білім беру жүйесінде жеке тұлғаны жан-жақты дамытуға қосқан үлесі үшін»Мақтау грамотасымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.«Озат биолог» номинациясына ие болды. «Облыстың ең үздік мұғалімі» деп танылып, облыс әкімінің ақшалай грантына иеленді.Әдістемелік еңбектері, іс-тәжірибесі республикалық «Қазақстан мектебі» журналында жарияланып,мақалалары баспасөз бетінде жарық көріп, облыс, республика мектептеріне іс-тәжірибесі таратылды. Ақтөбе қалалық білім бөлімі бастығының қаулысымен биология пәні мұғалімдерінің конференциясында қала мұғалімдеріне Сара Бегдарованың«Биология сабағына модульдік технологияның элементтерін методикалық-кабинеттік жүйемен пайдалану әдістемесі» ұсынылды.
Сара зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жиырма жылдан астам, қашан денсаулығы сыр бергенше, өзінің сүйікті мамандығы саласында еңбек етті. Қарап отырсам, ол өмірінің елу жылын ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнапты.
Менің қызмет бабыма байланысты оның ауданның әрсовхозында қызмет жасауына тура келді. Сол совхоздардың мектебінде сабақ берген оның беделі өте жоғары болғанына, пендешілікпен менің септігім тиеді-ау деп ойлайтынмын.Шындығында, олай болмай шықты.Себебі қалаға көшіп келгеннен кейін де оның ұжымға, шәкірттеріне сыйлылығы, беделі жоғарыламаса, төмендемегенін көріп, қайран қалатынмын.
Бірде Қарғалыдағы мектептің директоры Айбарша Тасболатқызы шақырса,директордың бөлмесінде өзіміздің Қуатбайдың баласы отырғанын көріпті де, таңғалыпты. Айбарша: «Апай,мына бала шаршатты, бірнеше сыныпқа ауыстырып көрдік,ешкім мұның сотқарлығын қойдыра алмады.Енді сіздің сыныпқа ауыстырғалы отырмыз,басқа жетекшілер зарлап қашады» десе, Сара:«Берсең, бере ғой біздің сыныпқа, болмай бара жатса, әкесімен шешесін қасына отырғызып қойып, қоса оқытармын» дегенде, бала:«мені қозғамай-ақ қойыңыз, енді сотқарлық жасамаймын» деп уәде беріпті де,содан қайтып ол бала түзеліп кетіпті.
Сараның шәкірттері топ-тобымен үйге келіп, оны ұмытпай, өмірінің соңғы уақытына дейін сәті түскен немесе айтулы күндері оны құрметке бөлеумен келе жатқанын көріп, таңғалушы ем. Ағайын-тума, дос-жаранның, өз балалары мен келіндерінің, немерелерінің,апа-жезделерінің оған деген ілтипаты, тіпті де бөлек-ті.
Сара, сенің үлкенге құрметің мен кішіге ізетің де бөлек еді-ау. Сенің дастарқаныңнан дәм татқандардың разы болып аттанып, таңдай қақпағандары жоқ еді.Енді соның бәрі көзден бұл-бұл ұшты. Қанша құрметке бөленсең де, елдің алғысын алып, мейіріміне бөленсең де, солардың шарапаты неге тимеді екен деп ойлаймын кейде.
Міне, бүгінгі туған күніңде — 78 жасыңда арамызда жоқтығың көңілге мұң ұялатып, қабаққа кірбің түсірді. Құдайдың құдіретіне не шара?! Өзіңнің соңғы тілегің орындалып,тума-туыс,ата-енеңнің, екі перзентің — Самұрат пен Қанатыңның жанынан орын бұйырғанына ырза болғайсың! Иманың жолдас болып, жаның жанатта болғай деп тілеуден артық ештеңе қолдан келмеді.
Қош, аяулы жар, асыл ана, ардақты әже, ұлағатты ұстаз!
Сәбитжан НАУРЫЗБАЕВ,
Ақтөбе қаласы.



