«Ақтөбе» газетін оқитын үздік ауыл» байқауы Байқау

Батыр атындағы берекелі ауыл

Қобда ауданына қарасты ауылдардың біріекінші дүниежүзілік соғыста жаудың 58 солдаты мен офицерінің көзін жойып, жараланғанына қарамастан, гранатасын жау дзотына қарай лақтырып, ерлікпен қаза тапқан Иманғали Білтабановтың есімімен аталады. Аудан орталығынан 15 шақырым қашықта жатқан біздің ауылда нағыз еңбек адамдары тұрады.

Жиырма бір жылдан бері осы ауылда тұрамын. Соңғы үш-төрт жылдықта ауылымыз адам танымастай өзгерді. Бүгінде мұнда газ да бар, су да бар. Көшелерге асфальт төселіп, толық жарықтандырылған. Интернет желісі  жақсы ұстайды. Балаларға арналған ойын алаңы мен спорт кешені де бар. Амбулатория ғимараты жаңадан салынды. Балабақша тапшылығы жоқ. Мәдениет үйінің жанында шағын музей жұмыс жасап тұр. Ал күрделі жөндеуден өткен мектебіміз батыр есімімен аталады. Ауылда тұрам деушілерге бар жағдай жасалған.

Әртүрлі ұлт өкілдері шоғырланған біздің ауылдың ауызбіршілігі жоғары. Бір-бірінің  салт-дәстүрін құрметтеп,  атаулы мерекелерді бір атаның баласындай бірігіп өткізеді.

Ауыл тұрғындарының өзгелерге үлгі болар тағы бір тұсы — үлкен-кішісі түгел кітапханаға жиі барады. Сондай-ақ газет-журналдарды тұрақты түрде жаздырып алып отырады. 100 жылға жуық тарихы бар облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің оқырманы көп. Көпшіліктің сүйікті басылымына айналған «Ақтөбеден» керектің барлығын табуға болады. Өткеннің айнасы, өлкенің шежіресіне айналған газетте Иманғали Білтабанов атындағы ауыл туралы да көлемді мақалалар жазылып жүр. Өркениет көшіне ілесіп, түтінін түзу шығарып отырған өлкем туралы тағы да айтып,  «Біздің ауыл» байқауына қатысуды жөн санадым.

                                                                                   Анар ДОСҚАЛИЕВА,

                                                                                    И.Білтабанов ауылы,

                                                                                    Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button