Рухани жаңғыру

Отбасы — отан діңгегі

Қалалық қазақ зағиптар қоғамының Мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күніне арналған «Отбасы — Отан діңгегі» атты отбасылық байқау өтті.

Байқауға қатысқан жұптың бәрі де — Ақыл Жарылғасынов жетекшілік ететін «Шаңырақ» клубының мүшелері.

Кеш өмірде де, өнерде де жұптары жазылмай келе жатқан Қуандық пен Светлана Салмұхановтардың қосылып ән шырқауымен басталды. Өнерлі жұп одан әрі байқауды жүргізіп, қатысушыларды сахнаға шақырды. Қол ұстасып сахнаға шыққан жұптар әуелі өздерін таныстырды.Сосын келіншектер үйлерінен әзірлеп әкелген жұбайларының сүйікті асы туралы әңгімелеп, бағалауға төрешілерге ұсынды. Өнер көрсету кезеңінде қалалық қазақ зағиптар қоғамының белсенді мүшелері Кенжебай мен Кенжегүл Үмбетияровтар қосыла ән шырқады. Жақында ғана шаңырақ көтерген Мақсат пен Жансая Төлегеновтердің бірі отбасы туралы өлең оқып, екіншісі ән орындап берді. Отыз жылдан бері зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнында бірге еңбек етіп жүрген Әміржан мен Гүлжанат Тілеумағанбетовтер де гитарамен ән айтты.  1979 жылы үйленіп, үш баланы өмірге әкеліп, бүгінде немере-жиен сүйіп отырған Жұмахмет пен Гүлжамал Сәрсенбаевтардың бірі домбыра шертіп, екіншісі ғибратты әңгімелер айтып берді. Мадиновтар жұбы сахнаға Адина есімді сәбиін алып шықты, отағасы Мұрат зағип жандардың отбасылық өмірінен сыр шертсе, зайыбы Назым ән салды.

Одан соң барлық қатысушылар ұлттық салт-дәстүр мен тарихымызға қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынады. Байқауға облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының басшысы Айгүл Дүйсенова, «Алтын алқа» иегері, кәсіби медиатор Бибігүл Әбілдаева төрелік етті.

Байқау соңында Үмбетияровтар «Парасатты отбасы», Төлегеновтер «Ынтымағы жарасқан отбасы», Тілеумағанбетовтер «Өнегелі отбасы», Мадиновтер «Өнерлі отбасы», Сәрсенбаевтар «Үлгіліотбасы» атанды. Атаулы жүлделерге ие болғандардың бәріне де дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button