Оқушылар полиция қызметімен танысты
Ақтөбеде ювеналды полиция қызметкерлері Балалар жылы аясында мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, полиция жұмысымен таныстыру мақсатында «Мен және менің полицейім» атты акция ұйымдастырды. Аталған шара бір апта бойы әр сала бойынша өтті.
Алғашқы күні тәртіп сақшылары облыстық полиция департаментінде Ашық есік күнін өткізді. Жоғары сынып оқушылары Жедел басқару орталығын аралап, полиция қызметкерлері туралы барлық ақпарат жинақталған музей үйімен танысты. Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Келесі күні жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері мектеп ауласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Шара барысында қоян-қолтық ұрыс элементтері, қылмыспен күрес кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Сондай-ақ кинологиялық орталықта қызметтік-іздестіру иттерінің есірткі құралдарын, жарылғыш заттарды анықтаудағы, қылмыскерлерді іздестірудегі және ұстаудағы көмегі көрсетілді.
— «Мен және менің полицейім» акциясы арқылы жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау, отбасылық және рухани адамгершілік құндылықтары насихаттау көзделді. Бір апталық шара барысында оқушылар полиция қызметімен кеңінен танысты.
Білім беру мекемелерінде «Полицей — дос және қорғаушы» тақырыбында көптеген дәрістер өткізіліп, жол-патрульдік полиция қызметінің жұмысы таныстырылды.
Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану Әлия Молдағұлова мемориалды музейлеріне, Шығармашылық академиясына, облыстық балалар кітапханасы мен кинотеатрларға да экскурсия ұйымдастырылды, — дейді облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқарамасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырма бойынша аға инспекторы Ақтолқын Өтешова.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.