Балалар спорты — басты назарда
Биылғы жыл елімізде «Балалар жылы» болып жарияланды. Осы орайда балаларды ерте бастан салауатты өмір салтына дағдыландыру, оларға спорт инфрақұрылымдарының қолжетімді болуын қамтамасыз ету — маңызды мәселелердің бірі.
Алға ауданында қазір спорт нысандарының саны 140-қа жетті. Өткен жылы аудан бойынша балаларға арналған 10 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Соның ішінде Ақай, Есет батыр, Қарақұдық, Қарақобда, Болгарка, Сарықобда, Бесқоспа ауылдарындағы спорталаңдарыбар.
Биыл да ауданда 10 жаңа спорт нысанын салу көзделген. Мысалы, Бестамақ ауылында екі бірдей нысан —балалардың өздігінен сырғанайтын құрылғы, ролик тебуіне арналған алаң және ангар типті спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Үшқұдық, Тамды ауылдарында да осындай спорт кешендерінің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ Тоқмансай, Қайнар, Самбай, Маржанбұлақ, Қарабұлақ ауылдарында спорт алаңдары және Алға қаласында StreetWourkout құрылғыларымен жабдықталған алаң көпшіліктің пайдалануына берілмек.
Балалардың зиянды әдеттерден аулақ болуы, салауатты өмір салтына бейім өсуі үшін, жалпы, бұқаралық спортты насихатау мақсатымен түрлі жарыстарды жиі ұйымдастыру да жоспарланған. Биылғы наурыз-сәуір аралығында ауданда волейбол фестивалі өтті. Оған жас шамасына қарай, 5-сынып оқушыларынан бастап, ардагерлерге дейінгі аралықта 500-ден астам адам қатысты. Енді алдағы уақытта баскетбол фестивалін, жасөспірімдер арасында — шағын футболдан, ал қыздар арасында волейболдан аудандық лига жарыстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары алғалық жас спортшылардың түрлі жарыстарда үлкен жетістіктерге де жетіп жүргенін айта кеткіміз келеді. Жуырда ғана Қызылорда қаласында өткен еркін күрестен 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында Ақарыс Қалиев топ жарып, жеңімпаз атанды. Ақарыс алдағы уақытта халықаралық жарыстарға да қатысып, еліміздің намысын абыройлы қорғайды деп үміттенеміз.
Әсел АБДУЛЛИНА,
Алға ауданы.