Тарих

Арғы тарих қашан түгенделеді?

Биыл облысымыздың құрылғанына 90 жыл толды. Біздің өңірдің (облыстың, оған дейін губернияның) орталығы ретінде Ақтөбе қаласының таңдап алынуының себебі неде? Кеңес заманындағы әкімшілік бөлініске дейін өлкемізде Ақтөбемен теңдес басқа ірі мекендер болды ма? Осы сауалдарға орай тарихқа шегініс жасадық:

Үш қала

Қазір өңірдегі елді мекендердің, соның ішінде, әсіресе қалалар мен аудан орталығы дәрежесіндегі ірі елді мекендердің тарихын патша заманындағы бекіністерден бастап жүрміз. Өйткені, ресми тарих сүйенетін жазба деректің бәрі де — патшаның және одан кейінгі кеңес тарихшыларының еңбектері. Ал ол еңбектердің «айтары» белгілі: Ресей империясының бекіністері пайда болғанға дейін бұл дала бос, тұлдыр жатқан-мыс, қазақтар қала салуды білмеген-міс…

Сонымен өлкеміздің оңтүстігіндегі ірі бекініс — Ырғыз бекінісі 1845 жылы салынса, солтүстігіндегі ірі бекініс — Ақтөбенің іргесі 1869 жылы қаланған. Деректер бойынша, Ақтөбе бекінісі енді тұрғызыла бастаған тұста, Ырғыздың қала мәртебесі бар еді.Ең бастапқы құжаттарда Ақтөбе Торғай облысының  Ырғыз уезіне қарасты, яғни соның территориясындағы бекініс ретінде аталған.

Жалпы, патша заманында бүгінгі біздің облыстың аумағында көптеген бекіністерсалынғаны белгілі. ХХ ғасыр басындағы кеңес өкіметі орнағанға дейінгі аралықта солардың ішінде үш қаланың «уезд орталығы» дәрежесі болды.Бұлар — Ақтөбе, Ырғыз және Темір қалалары.

Қазіргі Ақтөбе облысының аумағы патша заманында Торғай және Орал облыстарының құрамына енген.  Торғай облысына төрт уезд қарады: Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай және Торғай. Облыстық басқарма (облыстың басшылығы) Орынборда орналасты. Ақтөбе — төрт уездің ішіндегі жер көлемі жағынан ең шағыны еді. Мысалы, Ырғыз уезі көлемі жағынан одан 2,5 есе үлкен болды. Алайда патша заманындағы деректерге сенер болсақ, 1897 жылғы санақ бойынша, Ақтөбе уезінде 115, 2 мың адам тұрып, ал Ырғыз уезінде 98,7 мың халық болған. Уезд орталықтарында: Ақтөбеде — 2,8 мың, ал Ырғызда 1,5 мыңнан астам адам тұрды.

Орал облысында да төрт уезд болды: Гурьев, Лбищенск, Темір және Орал. Темір уезінің жер көлемі де, халық саны да Ырғыз уезімен шамалас еді. Кеңес билігі орнағаннан кейін, 1920 жылғы 7 шілдедеТемір уезі Орал губерниясынан алынып, Орынбор-Торғай губерниясына қосылды.

Ырғыз бекінісі қала мәртебесін 1868 жылы алған болса, Ақтөбе ресми түрде 1891 жылдан қала атала бастады. Темірге қала статусы 1896 жылы берілген.Сондай-ақ Ырғыз 1929 жылы қала мәртебесінен айырылса, ал тұрғындары одан 2,5 еседей аз, 1964 жылдан бастап аудан орталығы дәрежесінен де айырылған Темір қала статусын әлі сақтап келеді.

Ақтөбенің ірі орталық ретінде тез көтерілуін көптеген зерттеушілер оның экономикасының қарқынды дамуымен байланыстырады. Географиялық орны жағынан алғанда, Темір біздің облыстың ортасында тұрғанымен, Ақтөбенің артықшылығы 1901-1906 жылдары салынған Орынбор-Ташкент теміржолының бойында жатқаны еді. Жазушы Ғалым Ахмедовтің естелігіндегі дерек бойынша, Ақтөбеге алғашқы пойыз осыдан 120 жыл бұрын, 1902 жылдың 14 тамызында келген. Ал теміржол толықтай іске қосылған тұста Ақтөбе Орынбор мен Ташкент аралығындағы ең ірі бес стансаның бірі болды. Бұлар — Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Қызылорда (ол кезде — Ақмешіт, ал орыстар Перовск атайтын) және Түркістан.Сонымен бірге Ырғыз, Темір қалаларымен салыстырғанда, Ақтөбе Ресей шекарасына жақындау еді. Кеңестік биліктіңбұл мәселеге де мән бергені анық.

1921 жылы Орынбор-Торғай губерниясы таратылғанда, Ақтөбе оның ізінде құрылған үш губернияның бірінің орталығына айналды. Ал Ырғыз бен Темір осы губернияға қарасты аудандардың орталығы ретінде бекітілді.

Сондай-ақ кеңестік заманның бастапқы тұсында, 20-жылдардың ішінде, Ойыл мен Шалқар да аз уақыт уезд орталығы мәртебесін иеленді.

Елек жағасындағы қос төбе

Ақтөбенің ең алғаш кең көлемде аталған мерейтойы — 1969 жылы өткен ғасырлық тойы еді. Ф. Тарасенконың «Город. Годы. Люди. Жизнь» деректі повесінде осы мерейтойға орай, Ақтөбе телестудиясының «Ровно век» деп аталатын 40 минуттық бағдарламамен алғаш рет одақтық орталық телеарнаға шыққаны айтылады. Мерейтойға байланысты Ақтөбеге арнап шығарылған әндерге конкурс жарияланған. Конкурсқа ұсынылған кей әндердің қысқартылған мәтіндері де жоғарыда аталған повесте бар. Солардың арасынан мына шумаққа назар аудардық:

«…Ровно век, как пришел на Илек человек,

Первый выстроил дом на вершине степной.

Ровно век, как впервые сказал человек,

Этот город, друзья, назовем Актюбой…»

Бұл шумақ біз сөзіміздің басында айтқан патша заманы мен одан кейінгі кеңес тарихшыларының жалған деректеріне, яғни өз заманындағы идеологияға адамдардың қаншалықты сенгенін көрсетеді. Тіпті әлі де көп адамның сол бұрмаланған тарихтың айналасын шиырлап жүргені өкінішті-ақ!

Шын мәнінде, Елек те, Ақтөбе де тым әріден, есте жоқ ерте замандардан бар атаулар. Қазіргі Ақтөбенің аумағынан, шамамен, бұдан 2,5 мың жыл бұрынғы қорғандардың қазылып жүргені белгілі, ал зерттеушілердің айтуынша, олар — Електі бойлай көшіп-қонып жүрген сармат тайпаларынан қалған қорғандар. Бұл қоныста Қыпшақ хандығы мен Ноғайлы тарихының да ізі жатыр. Мәліметтер бойынша, 1869 жылы патша бекінісі Електің сол жағалауындағы қос төбеге салынған. Бұл төбелердің бірінде Едіге бидің ұрпағы Қарасай батыр жерленген деген сөзді сол замандағы орыс зерттеушілері (көпшілігі — дерек жинаған тыңшылар) де есіткен, қағазға түсірген деседі. Қарасай батырға ақ тастан бейіт қойылып, Ақтөбе атауы содан шыққан деген нұсқа қазір көбірек айтылады. Дегенмен, көшпелілердің көне дүниетанымында «ақ», «көк» ұғымдарының басқа да мағынасы болғаны, Ақтөбе атауының да әріден келе жатуы мүмкін екені жоққа шығарылмайды.

Кеңестік заманда даланың ұрпақтан-ұрпаққа айтылған ауызша тарихы мифтендіріліп, ел есінде сақталған тұлғалар тек қалмаққа қарсы соғысқан батыр әлде әулие, немесе жауыз хан ретінде ғана аталды. Олардың тарихтағы нақты орны, деректері көпке дейін ізделген жоқ. Қарасай батыр да нақты дерегі бар тұлға, ХVI-XVII ғасырлардағы Алтыұл ұлысының билеуші әулетінің өкілі болатын. Тарихшылардың айтуынша, бұл ұлыстың негізін Едігенің шөпшегі Шейх-Мамай бидің алты ұлы қалаған.

Деректерге сай, бекініс қаланған тұста Қарасайдың сүйегі қазылып алынған. Мысалы, Ғалым Ахмедов осы сөздің рас-өтірігін Әлкей Марғұланнан сұрағанын, оның: «Сүйек Қобаң (Кубань) жағына әкетілген» деп жауап бергенін айтады. Кейбір деректерде сүйек Орынборға жөнелтілген. Албұрынғы үлкендердің айтуынша, Қарасай батырдың сүйегін жергілікті халық өздері қазып алып, осы айналадағы биік төбелердің біріне қайта жерлеген.

Қазақ хандығы тұсында да бұл жер билеуші әулеттің, яғни Жәнібек ханнан тарайтын Есім ханның тікелей ұрпақтарының, соның ішінде Арынғазы хан әулетінің жайлауы болған. Орыс архивтеріндегі жазба деректерде де бұл маңда Арынғазиевтер әулетінің қонысы бар екені айтылған.

Жазушы Құрал Тоқмырзин «Әулие Әжібай би немесе Дала данышпандары» атты очеркінде 1973 жылы Ақтөбеде Степан атты (фамилиясын айтпайды) орыспен танысып, онымен бекіністің тарихы жөнінде сөйлескенін айтады. Степанның айтуынша, патша өкіметі 1869 жылға дейін де бұл жерде бекініс салуға талпынып, бірақ құлап қала бергесін тастап кетіп, 20-30 жылдан соң қайта оралған. Жалпы, ел аузында бұл жерге келген басқыншыларға көпке дейін шақ-шұқ еткен қылыш дауысы маза бермеген екен деген аңыз сақталған.

Бекіністі бастапқыда орыстар өзеннің атауымен Илецк деп атапты. Зерттеушілердің пікірінше, Елек те — өте көне атау. Ежелгі түркілер «ыл, іл» сөзін (басқа фонетикалық нұсқалары — выл, жыл, ел, үл) өзен, су мағынасында қолданған. Ылғал, жылға сөздері немесе өзен атауларындағы -ыл, -іл морфемалары (Ойыл, Еділ, Есіл, Іле, т.б.) осыған дәлел ретінде келтіріледі. Ал Серікбол Қондыбай Елек атауында бұл форматтың сөздің аяғында емес, басында келуінен ежелгі дәуірде аталған өзеннің немесе оның Мұғалжар тауындағы бастауының аса маңызды аймақтық табыну нысаны (яғни, киелі нысан) болғанын тұспалдауға болады деген пікір айтқан еді.

Бұл жерге салынғанпатша бекінісі алғашында тек әскери бекініс болып, арада оншақты жыл өткеннен кейін ғана қоныс аударушылар келе бастаған. Алғашқы қоныс аударушылардың деректерінде Ақтөбенің табиғаты керемет болғаны, айнала — ағаш-тал, жасыл шалғын, сылдырап аққан бұлақ, алөзендері балыққа толы екені сақталған. Қос төбені келімсектер Үлкен төбе мен Кіші төбе атаған. Оның Үлкені Елек жағында болған.

Ақтөбенің 130 жылдығына орай облыстық«Ақтөбе» газетіне арнайы жазған естелігінде жазушы Ғалым Ахмедов: «Бала кезімде көргенімде, екі төбенің басында да айнала кең қазылған ор, әр жерде адам сүйектері шығып жатушы еді… Екі төбенің Елек жағындағысының төбесінде өрт шыққанды бақылайтын биік тақтай «колонна», өрт сөндіруші команда, түрме бар еді. Қыр жағындағы төбеде ештеңе жоқ, етек жағында солдат камерасы болатын. Ең үлкен мектеп үйі — Ы. Алтынсарин кезінде салынған екі кластық (алты жылдық) орыс-қазақ училищесі. Ыбырай атамыз осы мектепті ашқанда, қазақтар ат шаптырып той жасаған деп жазыпты. Ер балалардың гимназиясы — жеке адамдікі, қыздар (мариинская — императрица Мария Федоровнаның қор-қаржысына салынған) гимназиясы Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында ғана салынып, ашылған. Қаланың өзі де шағын, 25 мыңдай халқы бар, көпшілігі орыс, біраз татар (Татарская слобада), украин (Отарвановка), қазақтардан уездный начальниктің тілмашы Құдияр Арынғазиев, Қасым Арынғазиев (бұл кісінің қайда істегенін білмеймін, төңкерістен кейін Уақытша үкіметтің комиссары болған), фельдшер Мұқай Топаев, полицейское управлениеде болыстарға хат таситын Дайыр Әлмұхаммедов (1917 жылы өз ажалынан өлді), Мисалым Әлмұхаммедов (1937 жылы қамалып, түрмеде өлді), Жұмағали Қосмағамбетов (біраз жыл лагерьде болып, еліне оралды), базаршылар түсетін үй ұстаған бір-екі қазақ болды», — дейді.

Қорыта айтқанда, бүгінде еліміздің аумағының 11 пайызын алып жатқан үлкен аймақтың орталығы Ақтөбенің 1869 жылдан бергі тарихы қалың да, ал арғы тарихына қатысты деректер тым мардымсыз. Әсіресе, қазіргідей мерейтойлар тұсында ұлт тарихының бір тармағы — Ақтөбенің тарихын тереңдете зерттеуге, насихаттауға қатысты шаралардың көбірек ұйымдастырылғаны жөн болар еді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button