Денсаулық

Тері аурулары: маман кеңесі және емдеу жолдары  

«Ақтөбе» газетінде тұрақты түрде «Денсаулық» айдары және «Шипа» қосымшасы шығып тұрады. Редакциямызға денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақтар қойылған хаттар көп келеді. Оқырман тарапынан түскен сауалдарды жүйелеп, қандай дәрігер-маманның кеңесі қажет екендігін ескеріп отырамыз. Бұл жолы тері ауруларына қатысты көптеген сұрақ түсіпті. Оқырман қойған сұрақтарға облыстық тері-венерологиялық диспансердің дерматовенеролог дәрігері Сәмиға Сүлейменова жауап берді.

Біз барғанда дерматовенеролог дәрігердің қабылдауында шамамен 9-10 жастағы қыз бала отыр екен. Екі қолы, саусақтарының арасына дейін бөртіп, күмпиіп ісіп кетіпті. Дәрігер мұқият қарап, ем-домын жазып берді және анасына бұл диагноздың ерекше күтімді қажет ететінін баса айтты. Қабылдаудан соң дәрігерден әлгі қыз баланың жағдайын сұрағанбыз.

— Бұл балаға атопиялық дерматит деген диагноз қойылған. Тері аурының созылмалы түрі. Жұқпалы емес, бірақ тұқым қуалайды. Егер ата-анасында немесе қаны бір туысы осы ауруға шалдыққан болса, онда ол балаға да берілуі мүмкін. Теріге бөртпелер шығып, асқынған жағдайда  іріңдеп кетеді. Бөртпелер дененің кез келген жерінде пайда болады. Тері ауруының бұл түрі ерекше күтімді қажет етеді. Егер тұрақты түрде диета ұстап, гигиеналық талаптарды сақтамаса, бөртпелер қайталап шығып кетеді. Ал емді уақтылы және тұрақты түрде жүргізсе, басылады. Бірақ адам бұл аурудан толық айығып кетпейді, — деді ол.

Тері ауруларының түрі көп. Осы салада 40 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер-дерматовенеролог Сәмиға Сүлейменова соңғы уақытта балалар арасында атопиялық дерматит, псориаз секілді аурулар көбейгенін айтады.

— Тері аурулары жұқпалы, жұқпайтын, созылмалы деп бөлінеді. Сондықтан алдымен денедегі бөртпенің неден пайда болғанын және қандай аурудың белгісі екенін дәрігерге барып анықтап алған жөн. Пациенттердің көбі денесі бөртіп кетсе, өздері ем қабылдап, түрлі мазь жағып, ауруды асқындырып алады. Ал асқынып кеткеннен кейін оны анықтау оңай емес. Бірақ қазір орталықта дермотоскоп аппараты бар. Бұл аппарат арқылы тері ауруларын оңай анықтауға болады.

Бүгінде тері ауруларымен ауыратын адамдардың саны да, аурудың түрлері де көбейді. Оған экология, киіп жүрген кіиіміз, жеген тамағымыз бен ішкен суымыздың өзі де себеп болуы мүмкін. Ал басты себеп — ішкі органдар қызметінің дұрыс болмауы. Облысқа қарасты аудандардан микроспория, теміреткі, чесотка (қышыма) секілді ауруларды жұқтырып алғандар жиі келеді. Бұл аурулар иттен, мысықтан, ірі қара малдан жұғады. Бірақ уақтылы ем қабылдаса, толық айығып кетеді, — дейді дәрігер.

Тері саңырауқұлағының қалай алдын алуға болады?

Сәмиға Сүлейменова тері ауруларының ішінде тері саңырауқұлағының «көш бастап» тұрғанын айтады. Бұл микроорганизмдер денені, бас, аяқ немесе қолды зақымдайды, бірақ көбіне аяқтың башпайлары зақымдалуы мүмкін. Уақыт өте келе аяқ басының зақымдалған терісі терең жарылып, процесс тырнаққа өтеді. Сонымен қатар саңырауқұлақты инфекция табан сүйелінің дамуына әкеледі.

—Саңырауқұлақ талшықтары шаш пен тырнаққа түссе, емдеу ұзаққа созылады. Өкінішке қарай, қазір жастардың тырнақтары тез сынғыш, жұқа болып келеді. Сондай-ақ ауруға шалдыққан тырнақ қарайып, көтеріліп кетуі де мүмкін. Егер саңырауқұлақ басқа шықса, шаш өздігінен түсіп қалады. Дер кезінде ем қабылдамаса, адам өмір бойы таз болып қалуы мүмкін. Бірақ уақытылы дәрігерге қаралса, 1-2 ай ішінде жазылып кетеді. Ал тырнақты емдеу ұзақ уақыт алады, 12 айға дейін де созылып кетуі мүмкін. Бір ескеретін жайт, тырнаққа түскен саңырауқұлақты емдеу барысында міндетті түрде дәрігерге қаралып, ішкі құрылысты тексертіп отырған жөн. Бұл ауруға қарсы қолданылатын дәрілер бауырға әсер етеді, — дейді Сәмиға Сүлейменова.

Дәрігердің айтуынша, саңырауқұлақтар тудыратын аурулар аллергиялық реакциялардың дамуына себепші болуы немесе аллергиялық ауруларды, мысалы, бронх демікпесін асқындыруы да мүмкін. Тері ауруының бұл түрі адамнан адамға оңай беріледі.

Тері саңырауқұлағынан сақтану үшін дәрігер аяқ-қолды үнемі бактерияға қарсы сабынмен жуып тұру керектігін, жазда жабық аяқ киіммен ұзақ уақыт жүрмеуді және басқа біреудің аяқ киімін мүлде кимеу керектігін айтты.

Ұшыққа жеңіл қарамаңыз!

Адам терісі мен шырышты қабықшаларына тұтасқан көпіршіктердің шығуынан болатын вирусты аурудың бірі — ұшық. Медицинада герпес деп атайды. Әдетте аузымыздың айналасына ұшық шықса,«суық тиген немесе бір нәрседен ұшынған сияқтымын» деп қоя саламыз.

— Ұшыққа да жеңіл қарауға болмайды. Оның да бірнеше түрі бар. Жай ұшықтың өзі тері ұшығы, ауыз қуысы ұшығы, жыныс ұшығы, көз ұшығы деп бөлінеді. Сондай-ақ белдеме ұшық деген түрі де бар. Ол көбіне ересек адамдарда шығады. Ұшықтың бұл түрі теріні ғана емес, жүйкені де зақымдайды. Соның кесірінен қызу көтеріліп, бас ауырып, адам әлсіреуі мүмкін. Мұндай жағдайда міндетті түрде дәрігерге барып ем алған дұрыс. Дер кезінде ем қабылдамаған жағдайда ұшық созылмалы болып кетуі мүмкін. Ал дәрігерге қаралып, иммунитет көтерерін дәрумендер ішсе, қайталап шықпайды, — дейді дәрігер-дерматовенеролог.

Қайызғақ та аурудың бір түрі

Дәрігер облыстық тері-венерологиялық орталыққа шашына қатысты шағым айтып келушілер қатары да артқанын айтады. Біреулер шашының әр жерінен дөңгеленіп түсіп қалғанын айтып келсе, енді біреулердіңмәселесі — қайызғақ болып тұр.

— Қазір балалар арасында да шаштың дөңгеленіп түсіп қалуы көбейді. Оның бірден-бір себебі —ағзадағы қажеттідәрумендер азайып, иммунитеттің әлсіреуі. Сондай-ақ қазір балалар арасында физикалық қозғалыс жоқ. Оның да әсері бар.Біздің орталықта бұл ауруларды емдейтін трихолог дәрігер де, аурудың диагнозын оңай анықтап беретін трихоскоп аппараты да бар.

Ал бастың қайызғақтанып кетуі — тері бездері қызметінің күшеюінен не нашарлауынан пайда болатын ауру. Медицинада себореялық дерматит деп аталады. Тері құрғақ болса, қайызғақ түсіп, қышытады. Мұндайда шаш қиылғыш келеді, көп түседі. Басқа қайызғақ түсуінің негізгі себебі – организмде дәрумендердің жетіспеуінен немесе сусабынның жақпауынан болады, — дейді дәрігер.

Дерматовенеролог жаз шыға тершеңдік, өкшенің жарылуы, бетке түрлі безеудің шығуы секілді мәселелермен келушілер қатары көбейетіндігін айтады. Сондай-ақ күннен аллергиясы бар науқастар саны да артқан.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Дерматологқа қай кезде жүгінген жөн?

Егер сіздің теріңіздің түсі өзгеріп, түрлі дақтар пайда болса, сондай-ақ денеңізден әртүрлі бөртпелер мен ісік байқасаңыз, тіпті аузыңызға ұшық шығып кетсе де, міндетті түрде дерматологқа барыңыз.

Өкшеңіз жарылып кетті ме?

Дәрігер Сүлейменова өкшенің жарылуы теріге қажетті дәрумендердің жетіспеуінен сондай-ақ эндокриндік аурулардың кесірінен болатынын айтады. Оның алдын алу үшін аяқ киімнің сапасына да мән берген жөн.

Жарылған өкшені емдеудің көптеген тәсілі бар. Мәселен, тұрақты түрде дәрумендер ішіп жүрсеңіз, ондай жағдайға тап болмауыңыз да мүмкін. Ал тап болған жағдайда негізгі мақсат — қатқан теріні жұмсарту. Аяққа арналған кремдер жағумен қатар, А дәруменін жағып қоюға да болады екен.

Тері қышуын қалай басуға болады?

Дерматовенеролог денеңізде бөртпе пайда болған кезде бірден спиртпен сүртуге болмайтынын айтады. Ондай жағдайда дәріханадан 1 пайыздық салицил қышқылын алып, қызарған жерді сүрту керек. Сондай-ақ калий перманганатын (марганцовка) суға езіп, жуу керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button