Шалғай ауылдағы оқырман-ұстаз
Байғанин ауданына қарасты Миялы ауылы облыс орталығынан шалғайда жатыр. Бастауы Мұғалжар тауларынан басталатын Жем өзенінің бойын жайлаған ауылымның жағдайы күн санап жақсарып келеді. Соңғы екі-үш жылдықта ауылға су келіп, ұялы байланыс жүйесімен қамтылды. Өңірдегі жаңалықтарды облыстың бас газеті «Ақтөбе» арқылы біліп отырамыз. Ауыл тұрғындарының барлығы болмағанмен, біразының үйіне «Ақтөбе» газеті келеді.
Ауылда газеттің бірде-бір санын жібермей жылдар бойы жазылып келе жатқан тұрақты оқырмандары да бар.
Сондай жандардың бірі — Балдырған Жалғасбайқызы. Отыз жылдан астам уақыт ұстаздық жолда еңбек етіп келе жатқан ол бүгінде ауылдағы Т. Айбергенов атындағы мектепте физика-математика пәндерінен сабақ береді. Ауыл тұрғындары да, аудан тұрғындары да ол кісіні ерекше сыйлайды. Биылғы оқу жылында Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгісімен марапатталып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік медальға ие болды. Балдырған апай бүгінде білікті маман ғана емес, ауылдың күйбең тірлігін дөңгелетіп отырған еңбек адамы. Ауылдағы күйбең тірлігімен қатар қолы қалт ете қалса газет-журнал оқиды.
— Бірнеше жылдан бері газеттің тұрақты оқырманына айналдым. «Ақтөбенің» мен үшін орны бөлек. Әр нөмірін асыға күтіп отырамын. Газеттен барлық жастағы адамдарға оқитын дүние табуға болады. Өзім қандай да бір ақпаратты әлеуметтік желіден емес, бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінен оқығанды құп көремін, — дейді Балдырған апай.
Аружан САМБАЕВА,
Миялы ауылдық округі,
БАЙҒАНИН АУДАНЫ.