Білім

Республикалық жарыста бақ сынайды

Жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиаданың жабылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Жиынға І орынға ие болған  72 оқушы қатысты.

Шараның мақсаты —облыстық пәндік олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларды марапаттау, ынталандыру, қолдау.

Басқосуда алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы  Жолдас Батырхан балаларды қолдауда мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі істер туралы айтты.

Елімізде дарынды, талантты жастарға мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Соның жарқын мысалы — ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды Балалар жылы деп жариялауы. Бұл — дарынды оқушылардың жан-жақты қалыптасуы үшін үлкен мүмкіндік.

Жыл сайын республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысында біздің облыстың құрама командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып жүр.

Соның нәтижесінде біздің оқушылар Қазақстанның құрама командасына еніп, халықаралық білім додаларында өз білімдерін дәлелдеп, елімізді әлемге танытты. Соңғы 10 жылда  біздің облыстың 654  оқушысы  халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысты. Қорытындысында 409 оқушымыз жүлдегер атанды. Бұл — біздің өңірдің ғана емес, еліміздің мерейін өсірді, — деп Жолдас Батырхан оқушыларға республикалық білім сайысында сәттілік тіледі.

Бұдан кейін марапаттау рәсімі өтті. Олимпиаданың ашық және әділ өтуінің нәтижесінде жаңа есімдер, жаңа мектептер, жаңа баптаушы мұғалімдер есімі және номинациялар иелері анықталды. Облыстық олимпиадаға  аудандық,  қалалық  олимпиадада   жеңімпаз атанған 936 оқушы қатысқан болатын.Соның 406-сы жүлдегер атанды.

«Үздік олимпиадалық  команда» номинациясы бойынша облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты бас жүлдеге ие болды. І орынды М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты мен Ақтөбе қаласының командасы иеленді.

Хромтау мен Мұғалжар аудандары ІІ орын алса, Мәртөк пен Алға аудандары ІІІ орынды еншіледі.

«Үздік инновациялық мектеп» номинациясы бойынша да «Білім-инновация» лицей-интернаты топ жарды.  ІІ орынға М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты ие болды. «Кемел-Білім» мектебі, №9 мектеп-гимназия, әл-Фараби атындағы №21мамандандырылған гимназияІІІ орынды иеленді.

«Үздік жалпы білім беретін мектеп» номинациясы бойынша Ақтөбе қаласындағы  №61мектепІ орынға ие болды. ІІ орынды облысорталығындағы №56 мектебі мен №4 Хромтау мектебі алды. Ал ІІІ орынды Ақтөбе қаласындағы үш мектеп —  «Сымбат» жеке мектебі, №1 және №8 мектептер еншіледі.

P.S. Республикалық олимпиадаға жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша — 51 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағытта 39 оқушы қатысып, облыснамысын қорғайтын болады. Білім бәйгесі 18-23 сәуірде Ақтөбе қаласындағы «Юстади» орталығында электронды форматта өтеді. 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button