Білім

20 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады

Жаңа оқу жылында облыс бойынша 19 561 бала 1-сыныпқа барады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова мен Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева қатысты.

Брифингте 1-сыныпқа құжат қабылдаудың талаптары мен тәртіптері жан-жақты түсіндірілді.

1 сәуірден бастап жаңа оқу жылына 1-сыныпқа оқушыларды қабылдау басталғаны белігілі. 7 сәуірдегі жағдай бойынша 1-сыныпқа 945 бала қабылданды. Оның 714-і (75,6 пайызы) қазақ тілінде білім алуды ниет еткен.

Ақтөбе қаласы мен аудандардың білім бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес, жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 19 561 бала қабылданбақ. Оның 14 512-сі қазақ тілінде (74,2 пайыз) білім алады.

Білім және ғылым министрлігінің №564 бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарына оқушыларды қабылдаудың өзіндік тәртібі бар. Мысалы, 1-сыныпқа құжат қабылдау сәуірдің 1-інен басталып, тамыздың 1-інде аяқталады. Ата-аналар тарапынан: «Құжаттарды қабылдауды ерте бастап, ерте аяқтаудың себебі неде?» деген заңды сұрақ туындайды. Мұның себебі әр мектеп жаңа оқу жылына өзіндік дайындық жасайды. Әр пәнге тарификация жасалып, оқу жоспары бекітіледі. Сол себепті ата-аналардан балалардың құжаттарын белгіленген уақытта тезірек тапсыруларын сұраймыз, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Білім беру ұйымдары баланың дайындық деңгейіне қарамастан,  6  жастағы және күнтізбелік жылда 6 жасқа толатын балаларды 1-сыныпқа қабылдайды.

Балаларға мектепалды даярлық тобынан өту міндет. Кейбір ата-аналар балаларын балабақшадағы мектепалды даярлық тобынан соң, мектептікіне де беріп жатады. Бұл — дұрыс емес. Балабақшадан даярлықтан өткен бала 1-сыныпқа қабылданады.

Мектепалды даярлықтан өтпеген балалар үшін барлық мектептерде балдырғандар мектебі жұмыс жасайды. Онда балаларды мектепке психологиялық дайындау, зейінін тұрақтандыру, қалам, қағаз ұстауды үйрету секілді жұмыстар жүргізіледі, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, гимназия, лицейлерге құжат тапсырудың да өзіндік тәртібі бар. Балапандар бұл білім шаңырақтарына қабылданбастан бұрын 15 маусымға дейін тестілеуден өтеді.

Кейбір ата-ана өзінің тұрғылықты жерінен тыс, қаланың басқа бір шағын ауданындағы мектепке баласын бергісі келуі мүмкін. Мұндай жағдайда мектепке алдымен сол аумақтағы 3 бала қабылданады, одан кейінгі кезекте басқа территорияның баласы қабылданады. Қабылдау осы ретпен жалғасады, — деді Н.Бертілеуова.

1-сыныпқа құжат қабылдау — мемлекеттік қызмет. Сондықтан міндетті түрде қабылдануы тиіс құжаттардың тізімі бар. Олар: өтініш, денсаулық жағдайы туралы анықтама (№065/у нысан, №026/у-3 нысан) және баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуретi.

Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсетудің нәтижелерін беру «электронды үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Өтінімдерді өңдеу автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы өтеді (Ақтөбе қаласы үшін mektep.akt.kz, аудандар үшін e-aktobe.kz).

Үйде компьютер болмаса, интернет желісі жоқ болса, мұндай жағдайда ата-аналарға мектептердегі  мамандар көмектеседі. Өңірдегі барлық мектепте қызмет көрсету бұрыштары  жұмыс жасайды.

Брифинг барысында сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева дәл қазір қала мектептеріне 581 бала қабылданғанын, 1-сыныпқа құжат қабылдау туралы ата-аналардың сауалдарына жауап беру үшін сенім телефондары (71-24-72; 8-708-471-24-72) жұмыс істейтінін айтты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button