Мәдениет

Өнерлі оқушылар жеңіспен оралды

Байғанин аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Ауылдың балалары» ансамблі «Music drive» ІІ халықаралық балалар жасөспірімдер мен жастарға арналған өнер байқауынан жеңіспен оралды.

Шымкент қаласында өткен сайысты «Дарындылар әлемі» халықаралық шығармашылық ассоциациясы ұйымдастырды.

«Ауылдың балалары» ансамблі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының желісімен дайындалған мюзиклды сахналады. 10-14 жастағы оқушылар арасында  «Актерлік шеберлік» номинациясы бойынша сынға түскен өнерпаздар қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, І орынды иеленді.

Бұл — Балалар жылына орай биыл жыл басында құрылған «Ауылдың балалары» ансамблінің  алғашқы жетістігі. Басты кейіпкер Қожаның рөлін №4 Қарауылкелді орта мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Ұлықбек Нұрадинов сомдады.

— «Менің атым Қожа» мюзиклын дайындаудағы басты мақсат — балалардың кино көруге, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. «Ауылдың балалары» ансамблі құрамындағы 8 бала қойған қойылым арқылы 80 баланың классикалық туындыға деген қызығушылығы оянса, мақсаттың орындалғаны. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Осы байқауға қатысуға қолдау көрсеткен аудандық Мәдениет үйінің басшылығына рақмет айтамын, — дейді ансамбль жетекшісі Ақбаян Есенғұл.

Мюзикл авторы әрі ансамбль жетекшісі Ақбаян Есенғұл жас ұрпақты өнерге баулып, шығармашылық қабілеттерін дамытудағы еңбегі үшін «Үздік ұстаз» номинациясы бойынша марапатталды. Сондай-ақ аудандық Мәдениет үйінің әкімшілік және шығармашылық ұжымына байқаудың жоғары дәрежеде өтуіне атсалысып, дарынды балаларды дайындағаны үшін Алғыс хат берілді.

Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button