Білім

88 бала облыс намысын қорғайды

Облыстық пәндік олимпиада аяқталды. Қорытындысында 406 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Республикалық олимпиадада 88 бала облыс намысын қорғайды.  

Білім бәйгесінде облыстың 205 білім беру ұйымындағы 936 оқушы бақ сынады (олардың 633-і қазақ тілінде білім алады). 16 пән бойынша ұйымдастырылған жарыстың жаратылыстану-математикалық бағытында 150 бала,  қоғамдық-гуманитарлық бағытында 256 бала жүлделі орындарға ие болды.

Ауыл мектептерінен 360 оқушы қатысқан болатын. Олардың 119-ы жүлделі орындарды алды. Бұл — жақсы көрсеткіш. Мысалы, Әйтеке би ауданындағы  Талдысай мектебінің 11-сынып оқушысы  Александра Брыкалова қазақ тілі пәнінен 1-орын алды. Шалғайдағы Байғанин ауданының №4 Қарауылкелді мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Марғұлан Кәдірбай да республикалық додада бақ сынайды.Сондай-ақ Мәртөк мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы  Арсен Төлегеновтің де жұмысы жоғары бағаланды, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Н.Бертілеуова.

Оның айтуынша, олимпиада қорытындысында жеңімпаздар даярлаған жаңа мектептер анықталған. Мысалы, Мұғалжар ауданындағы екі мектептің — №4 Қандыағаш және Ахмет Жұбанов атындағы білім шаңырақтарының оқушылары республикалық жарыста облыс намысын қорғайды. Байғанин ауданындағы №4 Қарауылкелді мектеп-гимназиясының да оқушысы облыстық жарыста топ жарды. Сондай-ақ биылғы білім додасында Ақтөбе қаласындағы «Кемел Білім» мектеп-интернаты, «Білім» мектеп-гимназиясы секілдіжеке мектептердің оқушылары да ерекше қабілеттерімен танылып, жеңімпаз атанып отыр.

Мектеп бағдарламасын қатарластарынан бұрын игерген балалар да бар. Мысалы, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 9-сынып оқушылары Махаббат Мұсабаева мен Арсен Серіков 10-сыныптың оқушыларымен бірге бірі құқық негіздерінен, екіншісі өзін-өзі тану пәнінен бақ сынады. Сондай-ақ 8-сынып оқушысы Нұрбек Махсетов биология пәнінен қатысты. Нәтижесінде Махаббат Мұсабаева 1-орын иеленді. Айта кету керек, бұл талантты жас былтыр 8-сыныпта оқып жүргенінде облыстық пәндік олимпиадада 9-сыныптармен сынға түсіп, 1-орын алған болатын. Арсен Серіков пен Нұрбек Махсетовтер де өздерінің білімдерін дәлелдей алды.

Мектеп бағдарламасын ерте меңгерген оқушылар «Білім инновация» лицейінде де бар. Мысалы, 8-сынып оқушысы Ерқанат Кеңшілік математика пәнінен 9-сыныпқа арналған тапсырмаларды тиянақты орындап, 1-орын иеленді. Аталған білім шаңырағының 8-сынып оқушысы Серік Мырзабектің де жұмысы жоғары бағаланыпты.

Олимпиаданың ашық және әділ өтуінің нәтижесінде жаңа есімдер, жаңа мектептер, жаңа баптаушы мұғалімдер есімі анықталды.

Мысалы, жеңімпаздарды даярлаған мұғалімдер — Гүлнұр Дүйсенбаева, Нұржан Байниязов, Баян Базарғалиева, Нұрхан Нұрлыбай «Олимп шыңына жетелеуші» номинациясының иегері атанды. 

«Үздік инновациялық мектеп» номинациясы бойынша «Білім-инновация» лицей-интернаты І орын, Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты ІІ орынға ие болды. Ал Ақтөбе қалсындағы әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназия

ІІІ орын иеленді.

«Үздік жалпы білім беретін мектеп» номинациясы бойынша Ақтөбе қаласындағы  №61 мектеп І орынға лайықты деп танылды, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты көш бастап тұр. М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының, Хромтау және Мұғалжар аудандарының командалары ІІ орын, Мәртөк пен Алға ауданы ІІІ орын еншіледі.

Қазіргі уақытта облыстық олимпиаданың жеңімпаздары «Ақтөбе-Дарын» өңірлік орталығының жанындағы «Жалын» олимпиадалық резерв мектебінде республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындалып жатыр. Сондай-ақ оларға Edlight Академиясының тренерлері дәріс беруде.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button