Мәдениет

Таңжарбай һәм әні «Бағила» жайлы бірер сөз

Сөз басы

Былтыр Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан этнопедагогикалық бағыттағы «Ер Едіге» жыр мектебі ашылған-ды. Эпос-дастандарды ынталы талапкерлерге оқытып, үйрету мақсатында. Бұл — халық перзенті, ғалым А.Байтұрсыновтың: «Біз әуелі елді түзетуді бала ісін түзетуден бастауымыз керек», — деген мәні терең сөзімен үйлесіп, қолға алынған шаруа.

Қазақтың атадан мұра боп келе жатқан жыр айту дәстүрін меңгерту — ұрпақтың таным-білімін, тіл мәдениетін кеңейтеді, эстетикалық талғамын қалыптастырады. Әрине, ол үшін мұның әуелі нақтыланған бағыт-бағдары болуы керек. Сондықтан арнаулы курс бағдарламасын жасаудың қажеттілігі туды. Осы тұрғыда іске асуға тиіс мақсаттар мен міндеттер, жұмыстар екшеліп, жүйеленді. Олар «Жыршылық өнер» деген атаумен құрастырылған  бағдарламаға енгізілді…

Облыстық халық шығармашылығы орталығы сонымен қатар әнші-жыршылық өнерге арналған оқулық құралдарын баспадан шығару, осы кезге дейін жеткілікті зерттелмеген, Ақтөбе өңірінде ғұмыр кешкен, есімдері көмескіленген әнші-жыршылар, эпик ақындар жөнінде мәліметтер іздестіру, шығармаларын жинау, өмірбаяндық деректерін жүйелеу, оларды басылымдарға жариялау, кітапқа енгізу, жыр-дастандарын фонотекалық жазбаларға түсіру сияқты жұмыстарды іске асыруды жоспарлап, игілікті шаруаға кіріскен-ді.

Бұрын соңды зерттеудің арнайы нысанасы болмаған әнші әрі жыршы Таңжарбайдың ғұмыры, шығармашылығы жайлы сөз қозғаған бұл мақала да жоғарыда баян етілген сол мақсаттарға байланысты түзілген-тін.

Таңжарбайға, оның әніне қатысты қайшылықты жайттар

Батыс өлкесіне жақсы таныс «Бағила» әнінің ұмытылмай елге кең жайылуында ҚР Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, дарынды тенор-әнші, педагог Ғарифолла Құрманғалиевтың еңбегі айрықша. Ол осы шығарманы алдынан тәлім алған шәкірттеріне түгел үйретті. Күйтабақтарға, теле-радио қорына жаздырды.

Ғарифолла ақсақалдың орындауындағы бұл ән «Менің атым сұрасаң Таңжарбаймын» деп басталады. Осыдан-ақ шығарма авторы Таңжарбай екені аңғарылып тұратын. Алайда «халық әні» делініп насихатталды. Неге бұлай аталуының нақты себебі бізге белгісіз.

Кейінгі жылдары Таңжарбай әнші жайлы там-тұмдап мәліметтер айтыла бастады. Ел ішіндегі ауыз екі әңгімелерде бойы аласа, кішіпейіл мінезді, ән салғанда үні кең әрі биік болған деп сипатталады.

Қарақалпақ аймағында өмір сүрген әнші-ақындар жайында жазған Р.Тұрысбек пен Т.Төрткүлбаева«Ақын-жыраулар поэзиясы» атты еңбектерінде мынадай мәліметтер береді: «Таңжарбай Бәкірұлы (1872-1926). Ән өнерінің жүйрігі, сырлы сазды кісі. Туған жері Ақтөбе облысында. Өмірінің соңында 1920-1924 жылдары Қоңырат атырабындағы ағайын-туыстарына келіп, сол маңда қалып қойған».

Ал ақтөбелікБ.Қарақов «Доңызтау нама» атты кітабында былайша таңбалаған: «…таңды таңға жалғап, жыр жырлаған шайыр, сағырТаңжарбайдаДоңызтаудың түлегі, ол Табыннан былай таралады. Бозым,Қарақойлы, Жарылқамыс, Қайыпберген, Сағыр, Бесқара, Ақкиіз, Наурызбай, Қазыбайдың баласы Наурызбай». Бұл да әншінің қазіргі Ақтөбе облысы территориясында туғанына куәлік беріп тұр.

Мінекей, деректердің біріндеТаңжарбайдың әкесі Бәкір десе, енді бірінде Қазыбай дейді. Есімдердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс,тап басып айту қиын. Мұны әлі де іздестіріп, нақтылау керек.

Таңжарбай тек ән созбаған, жыр да айтқан. «Қыз Жібекті», «Кенесары-Наурызбайды», т.б. қисса-дастандарды жырлап, Қарақалпақстан аймағына есімі кең жайылған екен.

Мына жайттарды да ескермесе болмайды: әншінің туып-өскен жеріне,өнердегі жолына, шығармасына қатысты зерттеушілер арасында кереғарталас пікірлер де бар. Солардың бірқатарын атап өткенді жөн көрдік, онда былай делінеді:

а) Таңжарбай Ақтөбе облысы территориясында дүниеге келген делінетін дерек сенімсіз, ауызша тараған мәлімет, өйткені архивтен алынбаған;

ә) Ақтөбе жақта туған деген мәлімет шын болғанда да бәрібір ол Қарақалпақ жеріне ертеректе келген, егер өмірінің соңғы жылдарында қоныс аударса, оның әні,басқа да шығармалары мұндағы қазақтардың арасына кең жайылып, сақталып қалмаған болар еді;

б) 1972 жылы музыка зерттеушісі Т. Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» музыкалы-этнографиялық жинағындаБесқала қазақтарының бірнеше әні жарияланды. Солардың қатарында «Таңжарбайдың әнінің» болуы да оның өнер шыңдап, меңгеру ортасы Қарақалпақ өңірі екеніндәлелдейді;

в) Таңжарбайдың «Бағила»әнін Ғарифолла Құрманғалиев 1960-70 жылдары Қарақалпақстанға келген сапарында алған, әуенін өзінің мәнер-стилінесалып, өзгертіп жіберген.

Алайда Таңжарбайға қатысты қолдағы азын-аулақмәліметтердібір-бірімен салыстыра, зерделей қарағанда басқаша ой қисындарына тірейді бізді.Соны баяндауға көшейік енді.

Өнерде әсер еткен айналасы

1942 жылы академик Ахмет Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты еңбегі баспадан жарық көреді. Алайда бұл зерттеудің совет идеологиясына қайшы тұстары көп деп тыйым салынған. Кейін күзеліп, қырқылып, саясат ыңғайына қарай өңделіп, «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары»деген атаулармен қайыра басылады. Біраз уақыт өткен соң, 2012 жылы ғалым еңбегінің әуелгі сол түпнұсқасы қайта кітап боп жарыққа шықты. Бұл классикалық зерттеу біраз жайттарға қанықтырып,осы күндері есімдері мүлде көмескіленген  әншілермен таныстырады. А.Жұбановтың солар туралы айтып кеткен бірер сөздерін ұсынайық, ол бүй дейді: «…Таңжарбай  өнерге  бай  әнші  бола  тұрса  да,  малға  кедей  адам  екен», —  деп оның мына ән шумағын куәлікке келтіреді:

«…Сұрасаң, менің атым Таңжарбаймын,

Болсам да малға жарлы әнге баймын.

Өкшесі қара етіктің сынық сүйем,

Болсам да өзім кедей қыз таңдаймын».

Сөзіне қарағанда А.Жұбанов Таңжарбайдың есімін 1942 жылға дейін-ақбілген, кітабына енгізуі содан екені шүбәсіз…

Таңжарбайдың бір-екі сөзі ғана өзгеріске түскен осы мәтінін Қарақалпақ өңірінің әлгінде аталған зерттеушілері де өз еңбектеріне енгізген, мұны да айғаққа тарта кетейік, былай делінеді онда:

«Сұрасаң менің атым, Таңжарбаймын,

Болсам да малға жарлы, тілге баймын,

Өкшесі қара етіктің қарыс сүйем,

Болсам да, қасқа кедей қыз таңдаймын».

Назарға ұсынылған шумақтарды Ғарифолла Құрманғалиевтің:

«Менің атым сұрасаң, Таңжарбаймын,

Малға кедей болсам да әнге баймын.

Анау-мынау деп қыздар кемітпеңдер,

Түсім қара болғанмен қыз таңдаймын

Беу, беу, Бағила-ай,

Ойпырмай, Қалима-ай!

Айналайын, қарағым, жаным қарақ,

Сені ойласам кей қыздар, ішім жанад (ы),

Тигізетін құрбыңа пайдаң бар ма,

Бұл дертіме болғандай етіп сәбәп.

Беу, беу, Бағила-ай,

Ойпырмай, Қалима-ай!» — деп айтатын нұсқасымен салыстыра қарағанда қай-қайсысының да мағыналары бір-бірінен соншалықты алшақ емес.

Мұны Таңжарбайдың өзі шығарған мәтіннің түпнұсқасы деп санауға болады. Өйткені өлеңдегі «қарақ», «сәбәп» сияқты ілкі уақыттың сөздері соны дәлелдейді.

Қазақ диалектологиясы ғылымы шумақтағы «сәбәп» есімін фонетикалық айтылуы тұрғысынан әдеби-қарапайым дублеттер тобына жатқызады. Мұның бір сыңары «себеп» атауы әдеби тіл нормасы болып орныққан.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынадай анықтамалар берілген: «Қарақ. I экспр. Қалқа, шырақ», «Қарақ. II көне. Ашқарақ, ашкөз, тойымсыз», «Қарақ. III Көздің қарасы, қарашығы».

Бұл сөзді композитор, ақын Сарышолақ Боранбайұлы да (1858-1929) қолданған. «Қарақ-ай» аталатын ән-өлеңінде бүй дейді:

«Ән қайда бұрынғыдай салатұғын,

Құс қайда сілтегенді, қарақ-ай, алатұғын.

Есіме өткен жылдар түскенінде,

Жүрегім май құйғандай, қарақ-ай, жанатұғын…».

Сарышолақ – Шектінің Тілеуі. Ата қонысы — Ұлы Борсық құмы, Әлім тауы қырқалары. Бұл өңірлер Табындар жайлаған Доңызтаумен түйісіп жатыр. Ерте заманнан аралас-құралас болған рулар. Демек, «қарақ» диалектісінің Сарышолақ пен Таңжарбайдың шығармаларында қатар қолданылуы,әлгінде сөзіміздің басында келтірген Р.Тұрысбек пен Т.Төрткүлбаеваның да әншінің Қоңырат жаққа Ақтөбе аймағынан ғұмырының соңғы жылдарында келіп, қоныс тепкенін айтқан мәліметтері, Б.Қарақовтың Доңызтауда туған деп көрсеткен шежіресібір-бірімен үйлесіп, шындықты жақындатады. Олай болса Таңжарбайдың біз қаузап отырған әні жастық шағында, өзінің туған өлкесі, Жем-Сағыздың бойында не Доңызтау төңірегінде жүргенде шығарылған болар деп топшылаймыз.

Қазір Ақтөбе қаласында тұратын байғаниндік Нұртазаұлы Мұхамбетәли есімді ақсақалдан да естіп ек «Доңызтаудың табанын Табынның өзге балаларымен бірге Сағыры да жайлады» дегенін. Бұл да жаңағы жорамалымызды қисынға келтіреді.

Айтпағымызға оралайық. Таңжарбай сонда «қарақ» сөзі арқылы ғашығына экспрессивті-эмоциялық лебізін білдіріп тұр.«Қалқа», «шырақ» деп. Әрідәлелге келтірілген осы жайлар Ғарифолла Құрманғалиев жеткізген мәтіннің түпнұсқаға жақындығын да растай түседі.

Халық ауыз әдебиетінің жидашысы Ғарифолла Құрманғалиев бұл әннің өлең сөзін тағы бір вариантта насихат еткен-тін. Ол былай баяндалады:

«Ғашық болдым Бағила, жүзің көріп,

Ыстық лебің тигендей ішім еріп.

Жүрек сырын құрбының шын ұғын да,

«Мен сендік!» деп қуантшы уәде беріп.

Беу, беу, Бағила-ай,

Ойпырмай, Қалима-ай!

Аспандағы сәулелі күн мен айым,

Сен сияқты құрбыға мен де саймын.

Көркем жанның талайын көрсем-дағы,

Соның бәрін тап саған баламаймын.

Беу, беу, Бағила-ай,

Ойпырмай, Қалима-ай!»

Ескерте кетер жайт, ғазиз ұстаз халық әні «Балжанды» да тап осы шумақтармен орындайтын. Тек қайырмасындағы сөздерін басқаша қып. Бажайлай қарағанда бұл мәтін кейінгі дәуірдің туындысы тәрізді. Кейбір сөйлемдерінен соны шамалаймыз. Сондықтан айтылған бұл жайттарға байланысты келтірілген шумақтарды Таңжарбайдың төл туындысына жатқызбаймыз.

Р.Тұрысбек мен Т.Төрткүлбаева өз еңбектерінде әншінің тағы бір шығармасынан үзінді келтіреді, онда былай делінген:

«Таңжарбай жыршы етіп атандырдың,

Жақсымен несібемді қатар қылдың,

Шебері қызыл тілдің болсам-дағы,

Құдай-ау, айдар малға мәттәл қылдың».

Қаз-қалпында келтірейік, қарақалпақ қызы, филолог-ғалым Шийрин Смамутова: «Мәттәл, дәрхал… контекске қарай қолданады. Мысалы: Елубай орнынан турыуы мәттәл, Қырықбай ұрысып орнына отырғызды. Дереу (орысша: сразу) немесе кейде менен деген сөзге синоним ретінде де айтылады. Ол келуі менен бәрі өзгерді. Ол келиуи мәттәл бәри өзгерди.т.с.» — деп жазбаша жауап берген-ді бізге «мәттәлдің» мағынасын сұрағанымызда.

Ғалым Ж.Асанов «Ақтөбе» газетінде жарық көрген «Осы жұрт Пұсырманды біле ме екен?» мақаласында Ұлы Борсық құмы бойында өмір сүрген Қабақ Пұсырман жыраудыңбылай деп айтқанын назарға ұсынған:

«Халқым, Пұсырман жырау атандырдың,

Ханменен дәрежемді қатар қылдың!

Ішер ас, киер киім кемдігінен,

Қолыма қу домбыра матал қылдым…»

Таңжарбай өлеңінде көрініс тапқан«мәттәл» атауын қарақалпақ тілінен алынған десек,онда ол нақты мағына беріп тұрған жоқ, ұғынықсыз.

Кейінгілер ақын сөзін «мәттәл» деп бұрмалап, құбылтып жіберген тәрізді. Сондықтан «мәттәлді» Пұсырман қолданған «матал» түсінігінде қабылдаймыз. Нақтылап айтқанда, «қолымды байлап-матап тастады», «тұсаулады» деген ұғымда.

Таңжарбайдың сөз саптау үлгісі де Пұсырманға сәл жақындайды. Бұл қоныстары бір-біріне тақау орналасқан Шекті мен Табын руларының аралас-құралас болғанына, олардан шыққан өнер иелерінің бір-бірінен үлгі алғанына куәлік береді.

Батырлан Сағынтаев есімді азаматттың да Алматы шәріндегі «Ғылым ордасы» кітапханасының қолжазба қорынан алған (Қ-475, №2)  көлемді жырдыңмына шумағын келтіре кетейік:

«Серәлі мырза екен деп атандырдың,

Жақсымен дәрежемді қатар қылдың.

Ержеткен ұлымда тұр, қызымда тұр,

Қылуға алыс-беріс мәтал қылдың», — деген.

Бұл жолдарды 1911-1915 жылдар аралығында Троицк шаһарынан «Айқап»атты қоғамдық-саяси, әдеби басылымды шығарып тұрған публицист, ақынМұхамеджан Сералиннің әкесі Серәлі Еруәліұлынікі (1835-1876) дейді. Айтпағымыз, мұнда да «мәтал» атауы «қолды байлады»,«тұсаулады» деген ұғымда.

Пұсырман мен Серәлідегі бұл сөз бір мағына беріп тұрғанымен, алғашқы буындағы дыбыстардың бірінде «а» енді бірінде «ә» делініп алмасуын қазақ диалектілерінде, говорларында кездесетін фонетикалық ерекшеліктердің бір сипаты болар деп шамалаймыз.Өйткенідиалектология ғылымының зерттеулеріндее мен і (ерегес – ерегіс), а мен ә (қатты – кәтті, қайтып – кәйтіп), омен ұ (құлдану – қолдану), ө мен ү (дөнен – дүнен), б мен п (болат –полат, бейнет – пейнет)кейбір өңірлерде ауысып айтыла береді делінген.

Әрқилыдаулы пікір тумас үшін ескерер және бір жайт: Таңжарбай мен Пұсырманның, Серәлінің келтірілгенөлең шумақтарындағыой ағымдарыныңұқсас құрылуы— қазақтың ақындық өнерінде ежелден бар үрдіс.БұғанНоғайлы дәуірінің жырауларыҚазтуған, Доспамбет, Шалкиіздердің сөз саптау үлгілерін бұларданкейінгі Ақтамберлі, Бұқар, Махамбет, Шернияз, Базар, т.б. өз шығармаларында ұстын етіп,өнеге қылыпқайталаулары—бұлтартпас дәлел.

Шоң ғалым А.Жұбановжаңағы «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы»  еңбегінде бүй дейді: «Мұхит жалғыз емес, оның өзінше пікірлес, өнерлестері болды. Олар да  біреуі  әнші,  біреуі  жыршы,  біреуі  ақын  болып,  Мұхитты  дәріптеді. …Бірінің шығармасын бірі халық арасына жаюға күш салды. Олардың араларында тек адамды сүю татулығы ғана емес, сонымен бірге өнер айналасындағы іскерлік-татулығы  берік  болды. Міне, соның бірі — Таңжарбай әнші. …бір өлеңде «Саламын сал Мұхиттың «Айдайына»деп, Мұхиттың мәртебесін көтеріп, оны бір үлкен бел етіп ұстайды. Мұхитты дәріптейді, аспанға шығарады».

Ескі заманда атақты Қарақамыстың, Көкжардың дулы жәрмеңкелерінде талай-талай айтулы дарындар бір-бірімен жүздескен дейді кейбір дереккөздерде. Бәлкім, Мұхит пен Таңжарбайдың таныс-білістігі де осындай жағдайларда болған шығар.

Академик А.Жұбановтың сөзіде Таңжарбайдың  өнерге алғашқы қадамы батыс өлкесінен басталғанын меңзейді.

Әншінің бұрмаланған өлең сөздері

Таңжарбай тұрмыс-тіршілік жағдайымен ірге көтерген тәрізді шалғай мекен қарақалпақ жеріне, ой толғауына терең мән бере қарасақ. Сондағы ет-жақын ағайындарын сағалап. Басқа да себеп болуы мүмкін. Біздікі болжам ғана. Алайда келуін келгенмен, ата жұртын ылғи аңсап жүрген. Өйткені «Ақын-жыраулар поэзиясы» аталатын еңбекке енген тағы бір өлеңінде оның:

«Сұрасаң қайталаймын — Таңжар атым,

Елдегі есен бе екен азаматым?

Елдегі есен болса азаматым,

Беремін сүйіншіге жалғыз атым», — деуі арқада қалған қара орман еліне деген сағынышын аңдатып тұр…

Осы жыр жолдары музыктанушы ғалым Т.Бекқожинаның «Қазақтың 200 әні» атты еңбегіндебылай делініп, басқаша таңбаланған:

Сұрасаң менің атым Таңжарбаймын,

Болсам да өзім кедей, әнге баймын.

Өкшесі қара етіктің қарыс сүйем,

Болсам да өзім кедей, қыз таңдаймын.

 

Сұрасаң менің атым — Таңжар атым,

Елдегі есен бе екен қыз бен қатын?

Елдегі есен болса қыз бен қатын,

Құдайға құдай жолы жалғыз атым.

Егер мұны автордың басқа бірәнініңтұтас мәтінідесек, онда бұл екі шумақта баян етілген ой мазмұныбір-біріне қарама-қайшы. Таңжарбай әуелі «Болсам да өзім кедей қыз таңдаймын» дейді де, іле «Елдегі есен болса қыз бен қатын, Құдайға құдай жолы жалғыз атым» деген сөздерді айтады.Екеуі екі бөлек мүлде. Сондықтан өзара еш байланысы жоқ бұл шумақтарды бір әннің мәтіні деп қабылдау қиын.

Таңжарбай —сері адам, жиі сапарлап кететін болған дейді айтушылар. Сондай бір сәтінде қатын-баласын сағынып, шығарғаны деп түсіндіреді осы өлеңнің екінші шумағын. Жақсы, Таңжарбайел кезіп жүредіекен дейік.Ән салып, жыр айтып. Күнді айға, айды жылға созып. Бір уақыттарда бала-шағасы есіне түсіп, хабар күтеді екен елеңдеп. Тіпті құрбандыққа астындағы жалғыз атын шалып,жаяу-жалпы қалуға да әзір. Амандығын естісе. Осы тұста сұрақ туады: сағынса отбасына оралуы соншалықты қиын болып па,оған қатты уайым шекпей-ақ,басқа жақтан зарығып хабар күтпей-ақ?!

Қысқасы,«Елдегі есен болса қыз бен қатын, Құдайға құдай жолы жалғыз атым» деген сөздердіңшындығы тым күмәнді.Сенімсіз.

Керісінше, Таңжарбайдың «Елдегі есен болса, азаматым, Беремін сүйіншіге жалғыз атым» деуі—ақылға қонымды. Қисынды. Кіндік қаны тамып, ержеткен жұртынбек сағынғаны аңдалады.Атамекенінен хабар күтіп,алаң көңілменжүргенде сыртқа шыққанлебізі бұл.

Таңжарбайдың әр жағдайда туған өлеңдерінің кейбір мәтіндерінбір-бірімен араластырып жіберген сықылды кейінгілер. Һәм уақыт өте айтушылар тарапынансөз тіркестерінің де кейісі өзгертілген, бұрмаланған. Мағынасын дұрыс ұғына алмау не ұмытып қалу салдарынан. Мына таразыға салып отырған шумақтар — соның нақты дәлелі.

Талиға Бекқожина —музыкатанушы. Филолог емес. Ол үшін бірінші мәселе —халық арасында сақталған әуен-саздарды нотаға түсіру. Оның мәтін мазмұнының дұрыс-бұрысын, сапасын қоса тексеріп отырмайтыны айдан анық. Сондай-ақ ел ішіндегі информаторлардың бәрі шеберлік-біліктеріжан-жақты жетіліп, шыңдалғанкәсіби орындаушылар емес.Сондықтан олар мұраларды қалай баяндады жидашы-ғалыместіген әуен-саздары мен мәтіндердісолай қаз-қалпында түзген. Демек, сын көзбен қараған жөн, жинаушының бір саланың ғана маманы екенін ескеріп.

«Бағила»әні

Енді Таңжарбайдың «Бағила» әніне қатысты ескерілмей жүргендеректердіназарға алып, оны да қаузап өтейік.

Дарынды әнші ініміз, оралдық Қайрат Кәкімов мынадай шумақты айтып беріп еді:

— Менің атым сұрасаң, Таңжарбаймын,

Ақбоз аттың үстінде тайраңдаймын.

Мен шыққанмын халықтан өсіп-өніп,

Өнерімді жұртымнан аямаймын.

Әнші һәм ақын Таңжарбайдың ақбоз аттың үстінде тайраңдауы, яғни еркінсінуі де, масайрауы да әбден жарасымды. Өйткені ол —халқы сүйген сыйлы өнерпаз, сері. Шаттануы да, шалқып сөйлеуі де содан.

Әннің осындай мәтінмен Орал жақта және айтылуы Таңжарбайдың Шыңғырлау бойын жайлаған аталастарында,анықтап айтқанда, қалың Табынның арасында өнер сапарымен, басқа да себептермен жиі болып тұрғанын айғақтайды.Оның ел ішінде сақталған мағынасы басқашамұндай өлең үзіктеріақындық қасиетіне байланысты. Шығарған кейбір өлеңдерін «Бағила» әнінің әуезімен де насихаттағантәрізді шамасы. Әнші Қайрат Кәкімовтің бізге орындап берген жоғарыдағы шумағы осындай ойға жетелейді.

Алматы көркем және хроника фильмдер студиясы 1955 жылы түсірген, алтын қорға енген, «Қыз-жігіт»  атты толық метраждыкөркем фильмде (реж. П.Боголюбов) Айдар есімді кейіпкер (бейнесін сомдаған — дарынды актер Кененбай Қожабеков) орындаған өлеңін«Бағиланың» әуеніне салып шырқайды. Сонда бұл ән 1972 жылы музыка зерттеушісі Т.Бекхожинаның Бесқалаға сапар шегіп, ел аузынан естуі бойынша нотаға түсіріп, «Қазақтың 200 әні» аталатын музыкалы-этнографиялық жинағына енгізгенге дейін де қалың жұртқа белгілі боп тұр ғой.Демек, «Қыз-жігіт» фильмінің кейіпкері Айдар орындаған шығарманың әуені Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарындағы «Бағиладан» алынып, пайдаланылғаны– дәлелдеудіеш қажет етпейтін ақиқат.

Тағы бір мәліметке сәл бөгеле кетейік, пікіріміздің қисындылығынәлі де бекіте түсу үшін.

А.Затаевичтің «1000 песен и кюев казахского народа» атты белгілі еңбегіне «Бағила-ай» («О, Багила») деген атаумен ән нотасы енгізілген. Бұған қоса «Сообщил Бабасов Доскайыр. Джамбейтинского у. Тамдинской вол. Аул №1» деп шығарманы жеткізушінің аты-жөні таңбаланған. Салыстыра қарағанда Ғарифолла Құрманғалиев орындайтын «Бағила» өлеңінің әуезінқайталайды. Тек «Беу, беу, Бағила-ай, Ойпырмай, Қалима-ай!» деп қайырылатын тұсындағы мелодияда болар- болмасғана өзгешелік бар. Бірақ әуеннің пішін-мазмұнына, көркемдік дәрежесіне ешқандай селкеу түсіріп тұрған жоқ. Үйлесімді. Мұны орындаушының интерпретациясы деп қабылдаймыз. Нотасын ұсынып отырмыз.

Келтірілген деректер Таңжарбай есімінің, шығармасының бір ауылдыңтөңірегінде ғана емес, одан да әрі асып,ертеден танымал болғанына толық куәлік береді. Сонымен қатар соңғы уақытта «Ғарифолла Құрманғалиев «Бағила» әнін 1960-70 жылдары Қарақалпақстанға барған сапарында алған, әуенін өз мәнер-стиліне салып, өзгертіп жіберген» деп айтылып жүрген әңгімені ақи-тақи жоққа шығарып, оның негізсіз бөстекі сөз екенін бұлтартпастан дәлелдеп тұр.

Қайталап, пысықтай кетейік. Айғаққа тартқан А.В.Затаевичтің «1000 песен и кюев казахского народа» атты еңбегінің алғашқы басылымы 1925 жылы жарық көрген. Ұстаздары Шынтастың, Шайқының қасына еріп, әншілікті әжептәуір меңгеріп алған Ғарифолла бұл кезде 16 жаста.Олай болса 20-жылдардың ортасына таман А.Затаевич Орал өңірінің қазағынан бетпе-бет отырып, нотаға таңбалаған, халық арасына кең жайылған «Бағиланы» Ғарифолла сонда кімнен үйренген деудің өзібіз жан-жақты баяндап шыққан шығарма тағдырын терең білмеуден.Немесе әдейі қойылған құйтырқы сұрақ. Қайткенде тосылтып, әнді Бесқала жақтан алған қып шығарамын деген.Тап осындай оймен айтылса, бұл — әбес әрекет.

Сөздің түйіні

Ескерте кетейік, зертеушілер мына жайтты жадында ұстағаны жөн болар еді: кіші жүз жұртының біраз бөлігі Қарақалпақ өңірі мен Қазақстанның батыс өлкесі аралығында сонау Ноғайлы дәуірінен XX ғасырдың 20-жылдарына шейін еркінше жайлап, көшіп-қонып жүргені — тарихи дерек. Демек, аралас-құралас тайпаларға ортақ музыкалық мұралар шежіресін, тұлғалар ғұмырын кейін пайда болған мемлекеттік немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс шекаралары шеңберінде қарастыру шындыққа жетуге бөгесін, қате пайымдарға апарады деп ойлаймыз…

Сонымен, жүргізген сараптамамыздан түйген ойымыз, таныған жағдаятымыз,міне,осындай. Біздікі өткен заман тұлғаларын бір ауылға басыбайлы меншіктемей, ақиқатын жан-жақты таразылап, қарастыру керек деген ниет. Әлі де ойлар айтылар, шындыққа жеткізер деректер ұсынылып, толықтырыла түсер. Ортаға салған бұл пікіріміз соған түрткі болу-тын.

Бөрібай КӘРТЕН,

                        Ақтөбе облыстық халық

шығармашылығы орталығының маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button