«Ақтөбе» газетін оқитын үздік ауыл» байқауы Байқау

Бершүгір деген би болған

«Ақтөбе» газетін оқитын үздік ауыл»

Елордада жүргеніме де он жылға жуықтапты. Әркімге өзінің туған жері әсте ыстық қой. Жырақта жүрсек те туған жердің топырағын, туған үйдің түтінін, туған ананың құшағын сағынамыз… Мұндағы тұрғындардың дені — өзім сияқты әр өңірден жиналғандар. Жөн сұрасып, таныса қалсақ, алдымен туған жерімізді, руымызды сұраудан бастаймыз. Байқағаным, көпшілік менің ауылымның атын қызық көреді. Бершүгір. Біреулер «біршұңқыр» деген сөзден шыққан ба деп те сұрайды. Расында Бершүгір деген кім? Шалқар ауданына қарасты ауыл неге бұлай аталған?

Дереккөздерге сүйенсек, Бершүгір ХІХ ғасырда өмір сүрген, абыройлы би болған. Негізі есімі Бершүкір екен. Ауылымыздың тарихы туралы белгілі журналист, сатирик марқұм Бердібай Кемал зерттеп, «Ақтөбе» газетіне бірнеше рет көлемді мақала жазған еді. Автордың 2016 жылы 14 желтоқсанда жазған «Бершүгір атауы қайтарылды» атты мақаласынан үзінді келтіре кетсем: «Бершүгір — адамның аты болғанда да, өз заманының белгілі, беделді тұлғасының аты. Әлімнің Шектісі. Оның Тілеу-Қабақ аталығынан. Тілеуден Әлдеберді, Әлдебердіден Құлтума, Жалтума туады. Құлтуманың Мұрат деген баласынан тоғыз бала дүниеге келеді. Сол тоғыз ұлдың бірі Олжастан Бершүгір және Көтік деген екі бала туады. Бершүгірдің бір баласы Әлібектен Есейбек, Талысбек және Дастанбек өрбиді».

1810-1890 жыл аралығында өмір сүрген Бершүгір бидің атқарған игі істері көп болған. Соның бірі өңірде Бершүгір санаториясын ашқан.

Алайда бүгінгі таңда талай адамның жан жарасына шипа болған санаторий жұмысын тоқтатты.

Қазір ауылда 2200 тұрғын бар. Өңірде өндіріс ошағы көп. Теміржолдан өзге 8қиыршық тас шығаратын зауыт бар. Ауыл әкімі Айтқали Жұбаназардың айтуынша, биыл ауылда балаларға арналған спорт алаңы салынады.

… «Ақтөбе» газетінің біздің ауылда оқырмандары көп деп  мақтанышпен айта аламын. Сапарбай Дәкенов, Ыбырай Темірбаев есімді аталарым елу жылдан бері осы басылымның тұрақты оқырмандары. Жиі мақала да жариялап тұрады.

Аядай ауылдың сәнін келтіріп тұрған бір ғана ескерткіш бар. Жалғыз болғанымен, тарихи маңызы ерекше. Бұл ақын Таразы Қаленқызына қойылған ескерткіш. Ол шамамен 1864 жылы Бершүгір тауының баурайында дүниеге келген. Таразының ақындығы өз алдына, жігерлі, батыл болған. Ақылымен, даналығымен ауыл-аймағын билеген Таразы есімі үш жүзге белгілі Есет Көтібарұлына келін болған екен.

Қазір ауылымда ақын Таразы апамыздың ізін жалғайтын іні-сіңлілері өсіп келеді. Бершүгірліктердің биіктен көрінуіне тілекшілер де көп. Ендеше, мен аты өзгеше болғанымен, тарихы мол ауылыммен мақтанамын!

Айгүл ЖҰБАНЫШ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button