Мереке

Ұлыстың ұлы күнінде…

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ауласында да киіз үй тігіліп, әз Наурыз мерекесі аталып өтілді. 

Мерекелік шараны облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі:

— Наурыз — қаһарлы қыстан аман шыққан халықтың шүкіршілік мерекесі, ұлысты жаңа жылға, жаңа көктемге, жаңа үмітке жетелеп, шаттыққа бөлейтін мейрам, күллі түркі жұртының төл мерекесі. Халқымыз қашан да жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады. Ақ мол болып, өрісіміз төрт түлікке толып, құт қонған сайын даламызда егін жайқалып, ырысымыз бен берекеміз арта берсін! — деп, өзінің жүрекжарды тілеуін жеткізді.

Жиналған жұртшылықты, сондай-ақ қалалық орталық мешіттің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Қайназарұлы, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова мен қалалық мәслихаттың депутаты Алтынай Мұқанова, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Шалғынбай Жандосов, т.б. құттықтады.

Көпшілік мереке құрметіне әзірленген дастарқаннан дәм татты, гір көтеру, арқан тарту, қол күрес, қазақ күресі, т.б. спорт түрлері бойынша жарыстарға қатысты. Әйел ұстаздар мен ақ жаулықты әжелер қолөнерден арнайы шеберлік сабақтарын өткізді, балаға ат қою, нәрестені бесікке салу, тұсаукесер сияқты рәсімдерді көрсете отырып, жастарға байырғы салт-дәстүріміздің бүгінгі өмірмен байланысын түсіндірді, әдет-ғұрыпты қадірлеуге шақырды.

Пандемия мен карантиндік шектеулерге байланысты екі жылдық үзілістен кейін қайта қауышқан жайма-шуақ мерекені жұрт шат-шадыман көңілмен өткізді.

Осындай мерекелік шаралар Ақтөбе қалалық орталық мешітінде, аудандық орталық мешіттерде, сондай-ақ ауыл мешіттерінде де ұйымдастырылды.

 Ақтолқын ТАЖИКОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button