Білім

Халықаралық зерттеу басталады

Сәуір айында маңызды халықаралық зерттеу PISA-2022 басталады.

4 сәуір мен 15 мамыр аралығында өтетін зерттеуге облыстағы 32 білім беру ұйымы қатысады. Олардың жиырма алтысы — мектеп, алтауы — колледж.

Халықаралық зерттеуге қатысатын 26 мектептің 10-ы —  ауыл мектептері.

PISA — (Programme for International Student Assessment) оқушылардың білімі мен біліктілігін бағалаудың халықаралық бағдарламасы. Зерттеудің бұл түрі әрбір қатысушы елдің білім беру жүйесінің стратегиялық мақсатын анықтауға мүмкіндік береді, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Дина Орынова.

РІSА аясындағы тестілеу барысында функционалдық сауаттылықтың үш түрі — оқудағы сауаттылық, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бағаланады. Әр 3 жыл сайын өткізілетін зерттеу барысында функционалдық сауаттылықтың қандай да бір түріне басымдық беріледі. Биылғы зерттеуде басты бағыт — математикалық сауаттылық.

Былтыр облыстағы білім беру ұйымдары бірден екі халықаралық зерттеуге қатысқан.

27 қыркүйек-18 қазан аралығында PIRLS зерттеуі (Progress in International Reading Literacy Study) өтіп, 4-сынып оқушыларының оқу сауаттылығы бағаланды. Зерттеудің бұл түрі 5 жыл сайын өткізіледі. Біздің облыста аталған зерттеуге 23 мектептің оқушылары  қатысты. Қорытындысы биыл желтоқсан айында жарияланады, — дейді Дина Орынова.

Сондай-ақ былтыр 22 қараша-3 желтоқсан аралығында PISA халықаралық зерттеуінің апробациясы өткізілген. Облыстағы 11 білім беру ұйымы апробациядан өтті. Оның 9-ы — ауыл мен қала мектептері, қалғаны — колледждер. Нәтижесі сәуір-мамыр айларында шығарылады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button