Мереке

Баянсұлудың этникалық костюмдері

Кәсіп

Ақтөбеліктерге Баянсұлу Жармұхамбетованың қолынан шыққан дүниелері кеңінен таныс. Себебі өңірдегі ұлттық киімдер мен ертегі, кино кейіпкерлерінің костюмін іздеген адамның дені бас тіреп осы кісіге барады. Өйткені костюм қоры мол бірегей ателье — осы шебердікі. Ол тіккен киімдерін сатпайды, тек жалға береді.

Көктеммен бірге келіп жеткен аналар мерекесі қарсаңында біз бала күнінен іс тігумен айналысып келе жатқан шебермен әңгімелескен едік… 

Баянсұлу Жақсылыққызы 2009 жылы екі баласымен көрші Ресей елінен көшіп келіпті. Өзімен бірге сіңлісі мен оның қызын және інісінің қызын Қазақстанға ертіп келген. Орынбор облысының Ор қаласында жүргенде тігін фабрикасында еңбек етіп, содан іс тігуді әбден меңгеріп, киім пішуді де үйреніп алған. Елге келген соң да нәпақасын осы тігінмен айырып жүреді.

— Туыстарым қолымнан келетінін айтса да, жаңа кәсіп бастауға жүрексіндім. Сөйтіп жүргенімде 2016 жылы бір топ ақтөбелікке еріп, Түркістан қаласына баруға жол түсті. Балаларымызды ертіп, Арыстан баб, Айша бибі кесенелеріне, тағы біраз киелі орындарға бардық. Келгесін немереміздің атын Айша деп қойдық. Әжемнің аты да Айша еді. Бәрінің орайы келіп, Ақтөбе қаласындағы Малышка ауданында «Айша» деген ателье аштық. Орынды жалға алдық. Негізінен, этникалық стильдегі киімдер мен тақырыптық костюмдер тігеміз. Соңғы бір-екі жылдықта жеребе отырыстары арнайы тақырыпқа құрылатын болыпты. Мысалы, жаңа жыл кешіне арналған жеребеге барлығы ертегі кейіпкерлері болып киініп жүр. Бірде мен Томирис пен Арғынның костюмдерін тіктім. Мұны бір ерлі-зайыптылар кино тақырыбында өткен жеребе кешіне киіп барды. Бізде балаларға да, үлкендерге де арналған кәріс, орыс, украин, татар және басқа ұлттардың этникалық костюмдері бар. Пандемия кезінде ательенің костюмдер қорын толықтырып алдық. Ешқайда шығуға болмайтын карантин кезеңінде ұлттық костюмдерді көп тіктік. Оюлап, зерлеген костюмдер қымбатқа шығады ғой. Мектепте жүргенде бисер тоқу курсында оқыған келінім Гүлсина кәжекейлер мен баскиімдерді қолдан зерлеп, моншақтармен безендіреді. Оған Айша көмектесіп жүр. Жиенім Сабинаның да модельдер мектебіне қатысқаны жақсы болды, ол инстаграмнан парақша ашып, біздің жұмыстарымызды жарнамалап, сол жерге салып қояды. Немерелерім Айша мен Жәңгір — кішкентай модельдер. Сіңлім Нұрсұлу да тігеді, ою ойып, киімдерді әсемдейді. Бір сөзбен айтқанда, пішіп-тігуден басталған ісім қазір отбасылық кәсіпке айналып отыр, — дейді Баянсұлу Жақсылыққызы.

Шебер әсіресе балабақшалармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Бірде бір келіншек балабақшадағы ұлына шапан тігіп беруін өтінген ғой. Кейіпкерім кішкентай балаға шапаннан гөрі, батырдың киімі дұрыс болатынын айтыпты.

— Басында балалар қазақ батырының киімін кигісі келмепті. Тәрбиешілер мен ата-аналар қазір балалардың көздері үйренді ме екен, әлде түсіндіргеннен болар, батыр болуға таласатынын айтып отыр. Батырлар киіміне жасөспірімдер де қызығушылық білдіре бастады. Сондай-ақ балабақшадан көбіне бір топ балаға тапсырыс түсіп жатса, сондай кезде бір-екеуінің ақшасын алмай, артығымен салып жіберемін. Қай ата-ана баласының көпшіліктен қалыс қалғанын жақсы көрсін. Аз қамтылған отбасы балаларына осылайша көмектесемін. Сондай-ақ қазір бала бір жасқа толғанда тұсаукесер жасайды, соған ата-анасы арнайы дайындалып, баласына ұлттық киім кигізуге тырысып, тапсырыс беріп жатады. Ондайлар өте көп, — дейді тігін ісінің шебері.

Кейіпкерім тіккен киімдерін сатпайды, жалға береді. Мәселен, балаларға арналған бір киімді бір тәулікке жалға берудің бағасы 1500 теңгеден басталса, ал ересектерге арналған костюмдерді тәулігіне 2-3 мың теңгеден жалға береді екен. Сондай-ақ ұлттық киімдермен бірге ұсынатын әшекей бұйымдары да бар, егер клиент оларды да қоса алатын болса, жалға беру бағасы да көбейеді.

Баянсұлу Жақсылыққызы — мейірімді ана, жүрегі жұмсақ, бауырмал жан. Ұлы Болат пен қызы Айгүлге қоса, марқұм інісінің қызы Әселді қамқорлыққа алып, тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Болаты қасында болса, Айгүлі Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

Әңгіме барысында кейіпкерім елге, оның ішінде, Ақтөбеге уақытында келіп алғандарына қуанатынын жеткізді. Осы жерге келген соң Ойылдың азаматы Әли Ешмұхамбетовпен бас қосқанын, бірге тұрып жатқанына біраз болғанын да айтты.

— Ресейде тұрғанымызда інім қайтыс болды. Артында екі баласы қалды. Ұлды әжесі бауырына басты. Ал қызды өзімнің қамқорлығыма алдым. Қазақстанға көшіп бара жатқанымда тастап кете алмадым. Барлық құжатын реттеп, біраз жүгірсем де, өзіммен бірге елге алып шыққаныма қуандым. Бала кезінде қолына қайшы беріп қоятынмын, үнемі қасымнан бір елі қалмай, менен көргенін жасап отыратын. Бүгінде Әсел тұрмыста, ұлдары бар, Нұр-Сұлтан қаласында ата-енесімен бірге тұрып жатыр. Бас қаламыздан «Байларға арналған ателье»  деп аталатын тігін цех ашты, — деді Баянсұлу Жақсылыққызы.

Шебердің ендігі мақсаты — тақырыптық костюмдер мен ұлттық киімдерге жұмсалған қымбат матаның қиындыларын кәдеге жарату. Оның қолынан шыққан костюмдердің көптігі сондай — алдағы уақытта жартысын Нұр-Сұлтан қаласына жіберіп, «Айша» ательесінің филиалын ашпақшы. Ол жақта Айгүлдің қыздары мен Әселдің ұлдарын модель етпек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button