Тарих

Алаштың бір арысы — Бермұхамбет

ХХ ғасырдың басы қазақтың ұлттық элитасының ой-санасына сілкініс әкелді. Халқымыздың оқыған ұл-қыздарын отарлық езгіден елін құтқару, ұлттық құндылықтарды сақтау, ол үшін дербес мемлекет құру идеясы топтастырды. Бұл идеяны жүзеге асыру мүмкіндігін 1917 жылғы Ресейдегі ақпан төңкерісі жеделдете түсті. Сол жылдың 5-13 желтоқсан күндері Орынборда алғашқы Алаш съезі өтті, онда саясат сахнасына идеясы 1905 жылы Думаға депутат сайлау петициясынан бастау алған қазақтың ұлттық партиясы шыққаны жария етілді.

Съезде қаралған мәселенің бірі халық милициясын құру болды. Мұндағы басты мақсат — елді бүліншіліктен сақтау, Алаш автономиясының іргесін нығайту еді. Біздің кейіпкеріміз, Ырғыз топырағының аяулы перзенттерінің бірі Бермұхамбет Сисекенов — Алаш әскері мен милициясының офицері болған, кейін бүкіл өмірі сталиндік және коммунистік режимінің қудалауында өткен тұлға.

Б.Сисекенов 1899 жылы Ырғыз уезінде дүниеге келген. 1916 жылы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, білімін одан әрі жалғастыру мақсатымен Орынборға барады. Бірақ тағдыр жолы оны оқуға емес, сонда шығып тұрған «Қазақ» газетіне жұмысқа тұруға алып барады. Осы жерде бұл газет туралы айта кетудің реті бар. «Қазақ» 1913 жылдан шыға бастаған, өзіне дейінгі басылымдардай емес, қазақ баспасөзін жаңа сапалық биікке көтерген, өйткені бастауында Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов секілді ұлт көсемдері тұрған, дала губерниялары ғана емес, Петербург, Варшава, Ташкент, Шәуешекке дейінгі аралыққа таралған, шалғайдағы қазақ аулының халінен бастап, ұлттық автономия құру мәселесіне дейін көтерген газет болды. Екі тілді бірдей білетін зерек жігіттің осы басылымға қызметке орналасуы, сөйтіп:

«Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,

Білемін, бұл үш ердің айтпай жайын.

Кешегі қара күнде болмап па еді,

Бірі — Күн, бірі — Шолпан, бірі — Айым.

Солардан басқа кеше кім бар еді,

Қазақ үшін шам қылған жүрек майын?» — деп Сұлтанмахмұт дәріптеген Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды арыстармен танысуы оның өмірлік ұстанымының қалыптасуына ықпал етеді.

Бұл кез Ресейдегі ақпан төңкерісінен ұшқан ұшқын шалғайдағы қазақ даласына түсіп, Міржақыпша айтқанда:

«Азаматы алаштың

Аттанатын күн туды.

Тұлпар мініп, ту ұстап,

Баптанатын күн туды»,  — болып тұрған уақыт еді. Қазақ даласын «Алаш» деген атаумен бостандық, теңдік, азаттық елесі кезіп жүрді. Ұлт зиялыларының «Оян, қазақ» деген үндеуі жұрт санасына сілкініс туғызды. Сонымен бірге сол бір ұлт үшін туған есіл ерлердің және олардың соңынан ерген қарашаның алдында өздері армандаған ұлттық мемлекеттің алғышарттарын түзу міндеті тұрды. Алашорда үкіметінің аяғынан қаз тұруы үшін ең басты үш қажеттің бірі — өзінің милициясы болуы еді. Милицияның атты әскер түрінде болуы, олар солдаттармен соғысатын болғасын, ұрыс ғылымын үйренуі керектігі ескеріліп, бұл үшін атты казактармен қазақ офицерлерін оқытып-дайындау жөнінде келісім жасау белгіленді, сол келісім жасалғаннан кейін «Қазақ» газеті 1918 жылғы 12 қаңтардағы санында «Қазақ жастарын өзі үшін оқытпақшы. Жақсысын берсе, жақсылығын өзі көреді. Қазақ жаманын бермес, жақсысын берер дегенге келтіреді. Сондықтан бергендеріңізді аламыз дейді. Бірақ, орысша жақсы «грамотный» адам болсын дейді, яғни орыс тілін һәм жазуын жақсы білетін адам болса болғаны дейді. Өлшеуі осы» — деп жазды. Ал мұндай өлшемге сай келетіндер көп емес еді. Сондай аздың бірі, яғни орысша жақсы сөйлеп, жаза білетін Бермұхамбет Сисекенов Троицк қаласындағы әскери училищеге жіберіліп, ол жақтан атты әскердің маман солдаты — «урядник» дәрежесін алып шыққан соң, сол қыста құрылған Алаш милициясы — 1-ші атты әскер полкінің құрамына алынады.

Сол бір аумалы-төкпелі кезеңде Алаш әскеріне соғыс өнеріне икемі бар әрі арнайы мектептен өткен кадрлар ауадай қажет еді. Әрі офицер таңдауда шені мен жасы емес, әскери қызметке бейімділігі басты қағидаға алынды. Демек, Бермұхамбет Сисекеновтің Алаш әскерінің алғашқы офицерлерінің бірі болуы да заңдылық еді. Сонымен бірге әскери қызметте жүріп, Алашорданың ұйымдық жұмыстарына да белсене араласқан. Мұрағат құжаттарында Ырғыздағы қозғалыстың жетекшілері Тел Жаманмұрынов, Оспан Сарбатыров, Жүсіп Ақбаев, Бермұхамбет Сисекеновтер болғаны көрсетілген.

1918 жылдың қаңтарында Түркістанда Сырдария қазақтарының құрылтайы өтіп, оған Ырғыздан өкілдер қатысқан. Сонда Сыр мен Ырғыз қазақтарының алаш туы астында бірге болуы, осы жолда бірге қарекет қылуы мақұлданады. Сол келісімге сәйкес Бермұхамбет сол жылы Түркістанда халықты қорғау, ашыққан елге жәрдемдесу ұйымында қызмет атқарады. Ал «Қараша айының ортасында (1918 жыл) Колчак өкіметінің Алашорданы тарату туралы қаулысы шыққан соң, Дашкин бастаған казак офицерлері Торғай полкінен бөлініп кетеді. Алашорда әскері енді Торғай уезіне бет түзейді. Бұдан соң әскерді Мұзафар Қасымов пен Бермұхамбет Сисекенов басқарған». (Б.Мұрсәлім. «Алаш автономиясының әскері», 174-бет.) Бұл Торғай әскери кеңесіне қарасты ІІ полк болатын. 1919 жылдың мамыр-қыркүйек айларында Ырғызда Алашорда билік басында тұрғанда Б.Сисекенов осындағы уездік милицияның рота командирі болады, әрі Торғай атты әскерінде вахмистр дәрежесінде қызмет етіп, сол кезде Торғай, Ырғыз өңірлерінде болған большевиктерге қарсы шайқастарға қатысады. Жалпы, 1919 жыл Қазақстан тарихындағы аласапыран оқиғаларға толы жыл еді, соған байланысты, мұрағаттық деректер айғақтағандай, Бермұхамбеттің де әскери және қызметтік жолдары өте күрделі болған. Бір құжаттарда сол жылы Орскіде генерал Дашков әскерінің құрамында полковник Быковтың басқаруымен құрылған ІІ казак кавалерия  полкінде, прапорщик Ногайцевтің оқу командасында әскери өнерге маманданады. Тағы бір деректерде сол жылдың көктемінде Алашорданың Торғай облыстық бөліміне қарайтын 1-жүздігінің командирі міндетін атқарған. 1917 жылдың 12 желтоқсанында дүниеге келген Алаш автономиясы Қазақ Революциялық комитетінің 1920 жылғы 5 наурыздағы Алашорда үкіметін түбегейлі тарату туралы қаулысымен өмір сүруін тоқтатты.

Сол кездегі өкімет басшысы В.Ленин қол қойған Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (ВЦИК) шешімі бойынша бұрынғы Алашорда мүшелері кеңестік қызметке тартылып, оларды бұрынғы қызметтері бойынша (яғни Алашордаға қызмет жасағанына) қудалауға тыйым салынатындығы туралы жарлығы шыққаннан кейін, Б. Сисекенов 1920 жылы Ырғыз уездік милициясының бастығы, одан кейін Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, 1924 жылдың мамыр айынан бастап Торғай уездік комитетінің хатшысы, сосын Сарыағаш аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет жасаған. 1929 жылы тамыз айында «ЮжТурксиб» теміржолы 4-ші учаскесінің бастығы болып жүрген кезінде, «…есте сақтаңдар, большевиктің бетінен революционердің қызыл маскасы сыпырылып түсіп, оның қара жүзді табиғаты ашылды» деп ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан жазғандай, большевиктер «қудаламау» туралы шешімінен айнып, Алашорда офицері, Алаш партиясының мүшесі болғандығы себепті тұтқындап, «үштік» сотының шешімімен Сібірге жер аударады.

Жазасын өтеп жүріп, сол жақтағы медициналық училищеде оқып, елге оралғаннан кейін Семей облысы, Аягөз ауданының Сергиополь селосында фельдшер болып істейді. Бұдан кейін Іле станциясындағы мемлекеттік Іле кеме шаруашылығының дәрігерлік-санитарлық бөлімінің бастығы, 1940 жылдың аяғынан Ақтөбе облысындағы Алға химия зауыты директорының орынбасары болады. Қай жерде де аңду, тергеп-тексеруден құтылмаған Б.Сисекенов Ұлы Отан соғысы басталған бойда Ключевой аудандық әскери комиссариаты арқылы өз еркімен майданға аттанады. Сталинград майданында екі рет ауыр жараланып, Жеңіс күнін 7-ші гвардиялық армияның 1000-шы танкіге қарсы атқыштар полкінің құрамында Прага қаласында қарсы алған. «Ерлігі үшін», тағы басқа бірнеше медальмен наградталып, 1946 жылы екінші топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралады. Елге келгесін алғашында Арал қаласындағы балық тресінде жұмыс жасап, 1947 жылдың сәуір айынан бастап СССР Денсаулық сақтау министрлігінің Арал қалалық профилактикалық дезинфекция бөлімінің бастығы қызметін атқарған.

Өкінішке қарай, Б.Сисекеновтің осы жылдардан кейінгі тағдыры бұлыңғыр, нақты деректер жоқ. «Кешегі алашордашы», «халық жауы» деген жаладан құтыла алмаған Бермұхамбет атамыз көп көзіне түсуден қашқақтап, ешкімге араласпай елеусіз жүргенге ұқсайды. Оның үстіне, кеңестік құқық қорғау органдарының тергеп-тексеруінен, жауапталудан қай жерде жұмыс жасаса да құтылмапты. Білетіндердің айтуынша, ержетіп, жақсы қызмет жасап жүрген балаларына зияным тиіп кетер деп, өз отбасына барудан да бас тартқан көрінеді. Ең ақыры қашан, қайда қайтыс болғаны да белгісіз. Халықтың нұрлы болашағын арман еткен Алаш идеясына адал болған, Алашорда әскерінің офицері Бермұхамбет Сисекеновтің тағдырына кеңес үкіметі осындай қиянат жасаған.

Кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да Бермұхамбет Сисекеновтің жалған жаладан ақталуы, адал есімінің қалпына келтірілуі оңай болған жоқ. Оның басты себебі — Б.Сисекенов пен оның қасындағы алашордашыларға Амангелді Имановтың өліміне қатысы бар деп күдік туғызылуы еді. Жалпы, Амангелдінің қазасы — тарихтың әлі күнге ашылмай, әртүрлі долбардың арқауы тарқатылмай келе жатқан ақтаңдақтарының бірі. «Амангелді» фильмінде батырды Міржақып атып өлтіреді, енді бір зерттеушілер Әбдіғаппар ханды кінәлаған. Тағы бір нұсқада Амангелді өлімін совет үкіметі өзі ұйымдастырып, соны пайдаланып, большевиктер шабуылын күшейтуді көздеген. Белгілі журналист-зерттеуші М.Тәж-Мұрат «Үзілген үзеңгі» деген еңбегінде былай деп жазады: «17 мамырдан 18 мамырға қараған түні әскер басшысы Мұзараф Қасымов 15-16 адамды жинап алған. Олардың арасында 1-жүздік командирі Бермұхамбет Сисекенов, 2-жүздік командирі Мұстафин, Ғаббас Нұрымов, Асқарбек Қәдірбаев, Жаналы Ақжолов, Иманғали Қарпықов, Райымбек Мақатов, Дамолла Битілеуов болған. М.Қасымов Аманкелдіні өлтіру туралы шешім болғанын айтқан». Ал алаш тарихын зерттеп жүрген журналист Болат Мүрсәлім: «1928-1932 жылғы НКВД-ның «Алаш ісінде» де Аманкелді өлімі туралы ішінара сұрақтар қойылып, жауаптар алынғанымен, айыптау қорытындысы мен сот үкімінде А.Имановтың өліміне алашордашыларды кінәламайды», — деп көрсетеді. Дегенмен де А.Иманов қазасына байланысты деректерде аты аталуы Бермұхамбет Сисекеновтің ақталуын кешіктірді.

Бермұхамбет Сисекенов пен әйелі Нысанай Нұрышқызы екеуінен Болат, Айша, Марат, Жанат есімді ұл-қыздар қалған еді, бұлар да бүгінде өмірден өткен. Марат Сисекенов республикаға танымал дәрігер болды, өмір бойы Алматыдағы «Каменское плато» санаторийінде хирург болып қызмет жасады. Зайыбы Мәруа Н.Назарбаевтан металлург кезінде тұңғыш сұхбат алған,  республикалық радиода біраз жыл еңбек еткен, сонымен бірге бұрынғы одақтық радионың республикадағы тілшісі болған есімі белгілі журналист еді. Бұл кісілердің ұрпақтары Райхан, Гүлнәр, Серік, Дархан, Жанболат бүгінде Алматы және Талдықорған қалаларында тұрады.

Көзі тірі кезінде Мәруа жеңгеміз атасын ақтау үшін көп ізденді. Москваға жоғарғы заң орындарына хат жазып, сұрау салды. Бірақ кеңестік сірескен жүйені жібіте алмады. Ана аманатын жалғастырған Дархан ініміздің ізденісі арқасында Алаштың аяулы бір арысының адал есімі қалпына келтірілді. Республиканың Бас Прокуратурасының шешімімен 2012 жылы 22 мамыр күні Алашорда әскерінің офицері, халқының бодандық қамытынан босап, азат ел болуын аңсаған, өзінің қасіретпен аяқталған ғұмырында сол ұстанымынан айнымаған қазақтың аяулы бір арысы Бермұхамбет Сисекенов ақталды. Бұл да бүгінгі ұрпақтың үлкен бір қуанышы. Тек осы бір әділдік салтанатының өте ұзақ күттіргені, оны өз кіндігінен тараған ұл-қыздарының көре алмағаны өкінішті.

 Рахымжан ӨТЕМІС,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button