Мереке

Ұлттық қолөнер: ұрпақ ұмытпауы керек

Жас ұрпақты қолөнерге баулып, еңбексүйгіштікке тәрбиелеп жүрген ұстаздардың бірі — Шығармашылық академиясындағы «Тұмар» студиясының қосымша білім беру педагогы, қолөнер шебері Гүлнұр Асқарова.

Оқушыларға қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық қолөнері туралы теориялық білім беріп, оның тәжірибеде қалай қолданылатынын көрсететін ұстаз үйірмеге 6 жастан 14 жасқа дейінгі қыздар қатысып жүргенін айтты.

— Балаларға ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын тігуді, ою-өрнектерді қиюды, оны қолмен келістіріп тігуді үйретемін. Ұлттық бас киімдерді де тігеміз. Сабақ барысында қыздар моншақтарды үйлестіре тізіп, әшекей бұйымдарды да қолдан жасай береді. Қолөнершінің негізгі құралы — ине мен қайшы ғой. Сондықтан да қыздарға ең әуелі инені дұрыс ұстау мен қайшымен жұмыс істеуді үйретемін. Өкініштісі, қазір кейбір қыздар ине мен қайшы ұстауды білмейді, — дейді Гүлнұр Орынбайқызы.

Қолөнер шебері қазақтың ұлттық қолөнерін жандандырып, насихаттаудан алдына жан салмайды. Білгенін үйретуден жалықпайтын шебер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен киіз басудан шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Гүлнұр шикізатты, яғни киіз басатын жүнді өзі өңдейді: әуелі жүнді түтіп, сосын жуады, сабайды. Жүнді табиғи бояулармен бояйды, ол үшін жуаның қабығын, шайдың шамбасын қолданады. Қолөнер шебері көне техникамен киіз басып, киізден түрлі қолөнер бұйымдарын, атап айтсақ, панно, қоржын, бас киімдер мен  әшекейлердің түр-түрін тамаша жасайды, оларды қазақтың ою-өрнектерімен сәндейді.

 — Киізге басудағы ою-өрнекті жапсырудың да түрлі техникасы бар. Ең қиын әдіс — көктеу. Әуелі көктеліп, сосын басылған ою сапалы шығады, әрі төзімді келеді, — дейді Гүлнұр Орынбайқызы.  

Шебер технологияларды өз бетінше іздеп, меңгерген. Әсіресе көненің көзі — әжелерден сырмақ пен текеметтің, алаша мен тұскиіздің қадір-қасиетін, қолданылуын, әр ою-өрнектің тарихын сұрап білген. Ал киіз басудың әліппесін марқұм анасы Лена Сахариевадан үйренген. Ұстаздық еткен анасы да ісмер болыпты. Бүгінде шебердің анасы жасаған текемет, сырмақ, сондай-ақ сәукеле, кестелеп тігілген әсем бұйымдар облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлер қатарында тұр.

Сонымен қатар Гүлнұр құрақты да шебер құрайды. Қазіргі таңда Bolashag оқыту орталығында құрақ құрау техникасы үйірмесін жүргізіп, тігін машинасымен жұмыс істеуді үйретіп жүр. Мұндағы үйірмеге қыздар 5-сыныптан бастап қабылданады.

— Құрақ құрау — қызықты іс. Біріншіден, бұл — математика. Үнемі өлшеп, біресе бөліп, біресе қосып отырасың. Екіншіден, қайшымен жұмыс істеуді үйренесің және көзбен өлшеуге жаттығасың. Үшіншіден, шығармашылық қабілетіңді дамытуға көмектеседі. Ал тігін машинасының педалын алғаш басқаннан-ақ қыздардың бойында бір күш, өздеріне деген сенімділік пайда болады, — дейді шебер.   

Инстаграм әлеуметтік желісінде Гүлнұр Асқарованың koloneraktobе деген парақшасы бар. Мұнда оқушыларының жұмыстарын салып, көпшілікпен бөлісіп отырады. Өзі де, шәкірттері де қолөнер бағытындағы түрлі байқаулар мен көрме-жәрмеңкелерге қатысып тұрады. Қыздардың арасында — халықаралық байқаулардың жүлдегерлері де бар.

Шебер қазақтың дәстүрлі төл өнері — қолөнерді мейлінше көп адамның, әсіресе жас ұрпақтың білгенін, үйренгенін қалайды. Ұстаз жас қыздарды алдағы оқу жылында Шығармашылық академиясындағы «Тұмар» студиясына, сондай-ақ Bolashag оқыту орталығындағы құрақ техникасы үйірмесіне қатысуға шақыруды да ұмытпады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button