Мереке

Сырып тігудің шебері

Соңғы бір-екі жылдықта Ақтөбедегі қолөнер шеберлерінің қатары Инабат Ескендірқызының есімімен толықты. Ол тігін ісіндегі сырмалау технологиясын жаңғыртып, бұл ортаға өзіндік қолтаңбасымен еніп отыр. Бүгінде оның сырып тіккен жеңсіз киімдері мен күртешелеріне, сөмкелеріне сұраныс жоғары.

Инабат —Ырғыз ауданы Ақши ауылындағы Аязбаевтар отбасындағы алты баланың кенжесі. Ауылдағы тоғызжылдық мектепті бітіргеннен кейін 10-11- сыныпт АқтөбедегіМ.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта оқиды.

— 1989 жылы әкем қайтыс болды. Анамыз 42 жасында жесір қалды, әкенің де, шешенің де орнында жүріп, біздің білім алуымызға, тәртібіміз бен тәрбиемізге мән берді. Екі ұл, төрт қызын осы күнге жеткізді. Артық әңгімеге әуес қылмады. Анамыз — көп сөйлемейтін істің адамы. Біздің бала кезімізде қазақ әйелінің бәрі іс тігетін. Шебер атанбаса да, үйіндегі көрпе-төсектерін, көйлектерін тігіп киіп, шалбарын қысқартып, шұлығын жамай алатын. Анамыз да сөйтті. Кітаптағы қазақ әйелінің бейнесін өз анамнан көретінмін. Жүн түтуге көмектесетінбіз, түбітті аялап, ұршықты иіргенін көрдік. Бала кезімде біреудің үйінен қолдан жасалған әдемі дүние көрсем, соған ерекше қызыға қарайтынмын. Қолөнерге қатты қызығамын. Үйде бала күтімімен отырған кезде тігін курсына жазылып, оқып алдым. Ақтөбеде қолөнерге, тігін ісіне қатысты семинарлар болып жатқанын естісем, мүмкіндігінше қалмауға тырысамын,білімімді жетілдіріп отырамын. Былтыр сыныптасым Самал Тілеубаева екеуміз «Бастау-Бизнес» курсында оқыдық. Құрбым Самал грант ұтып алып, жартылай дайын өнімдерді дайындайтын цех ашып, кәсіп бастады. Мен де жобамды қорғап, бұл жолы 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа ие болдым. Оған екі өндірістік машина мен құралдарымды алдым. Тағы да дайындалып, бұдан да басқа гранттарды жеңіп алғым келеді. Бизнестің әліппесін оқытып, кәсіп бастаудың қыр-сырын үйреткен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлеріне рақмет,  — дейді еңбекқор Инабат.

Кейіпкерім әзірге үйден жасап отырғанқолөнер бұйымдарына«Eskendir Inabattan Syrmak.kz» деп белгі соғады екен.Инстаграмда syrmak.kzатты парақшасы бар.

Сырмақ сыру — ұмытыла бастаған ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрі.Инабат осы жәдігерді жаңғыртуға білек сыбана кіріскен. Өзінің айтуынша, сырмақты көрген сәтте ұнатып, содан бері мата көрсе, сырып тігуді ойлап тұрады.

— Сырмақ, яғни сырып тігілген бұйым үш қабаттан тұрады. Сырты — мата, ортасы — жүн не синтепон, сосын астары. Үстіңе киетін күртеше ме, жадағай ма, жеңсіз бе, әлде төсейтін көрпе бола ма, әйтеуір сырып тігуге әуес болып алдым. Арасына салынатын түйенің жүні, тайлақтың түбіті денеге жайлы,әрі медициналық жағынан да денсаулыққа оң әсері бар. Түйе жүнінің әсіресе шала туған, неврологиялық аурулары бар балаларғабіраз пайдасы бар екен. Соны насихаттауды жөн көрдім. Сырып тігуді ерекше жақсы көретінім соншалық — тігіннің басқа түріне уақыт бөле бермеймін. Ал сырмалайтын бұйымға тапсырыс түссе, соны түнімен отырсам да, аяқтауға тырысамын. Сүйікті ісіңді таң атқанша жасасаң да, шаршамайсың ғой. Керісінше, тіккен бұйымым тапсырыс берушінің көңілінен шығып жатса, қанат бітіреді, шабыт сыйлайды. Ал егер оған қоса табыс әкеліп жатса, тіпті керемет, — дейді.

Тіл маманы болып жұмыс істеп жүрген жерінде атына заты сай Инабат Шалқар ауданы, Біршоғыр ауылының азаматы Жасұланның жүрегін жаулап, Сұлтан әулетінің келіні атанады. Жасұлан — ата-әжесінің бауырында өскен ұл. Ата-әжені күтіп, бала бағып жүрген Инабат жүрек түкпірінде жатқан ізгі ойын — қолөнерді қолға ала бастайды. Өзінің айтуынша, ішкі дүниесін жайландыратын, патша тағына айырбастамайтын кәсібіне күйеуі мен балалары қолдап, көмектеседі. Әсіресе үлкені Шахназ — ата-анасының қолғанаты, кішкентай қолөнер шебері.Қазірдің өзінде анасының су тамшысы, қошқар мүйіз, құс қауырсыны тәрізді етіп сырмалаған бұйымдарын моншақтармен безендіріп, әсемдеп беріп отыр.

— Бала күнімде Шынасыл апам тігін фабрикасында жұмыс істеді. Бірде ауылдан қалаға келгенімде мені үйінде қалдырмай, өзімен бірге жұмысына ертіп барды. Сол көрініс әлі күнге дейін көз алдымда: алпауыт тігін машиналары қабат-қабат қатталған маталарды бірден пішіп, бірден тігіп жатты. Өзіміз тұрып жатқан Шанхай ауданында ескі фабриканың орнын көріп, қыздарыма: «сендер жақсы оқыңдар, сосын фабриканы қайта ашамыз, сендер көмектесесіңдер» депайтатынмын. Тігінді қолға алдық. Ендігі мақсат  — бір ғимаратты жалға алу, бизнесті дамыту, іздену. Әлихан Бөкейханов айтқандай,«Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Ал әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуға тиіс». Осы сөз үнемі жадымда тұрады, ұраным секілді, — дейді еңбекқор келіншек.

Теміржол саласында еңбек ететін Жасұлан мен қолөнер шебері Инабаттың отбасында Шахназ, Айназ, Мұстафа есімді сүйкімді балапандар өсіп келеді.

Айтпақшы, Инабат наурыз көже жасау үшін 22-сін күтпейді, 14 наурыздан сәуірдің соңына дейін жасай береді екен. Сол үшін сүр ет сақтап қоятынын, бидай, арпа, тары, мейіз, кеспе, ең соңына сүт қосып жасайтынын айтып берді.

— Көрісу күнінде жасаған наурыз көжеме құрт езіп қостым. Ыстық көжеге құрт езіп ішкенде, бұл адам денесіндегі салқынды айдап шығады. Сондай-ақ қойдың сүр еті құлағанды тұрғызады деп жатады үлкендер. Сүр ет асылып жасалатын наурызкөже — ұзынсарыда адамға күш-қуат беретін құнарлы тағам, — дейді Инабат Ескендірқызы.

Ұлттық қолөнерді насихаттап жүрген Инабаттың сырылған киімдері ғана емес, бір жағында қиюы келіскен құрағы бар, сырмалау әдісімен жасалған сөмкелері де сұранысқа ие. Шебер алдағы уақытта да сырып тігу әдісінің қолданылу аясын кеңейте бермек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button