«Сәукеленің» сәні

Осыдан он жылға жуық уақыт бұрын тігін шеберханасын ашқан Гүлзада Елмағанбетова — ұлттық нақыштағы киімдерді тігуге маманданған ісмер. Оның айтуынша, өз ісін жақсы көрген адам үшін ештеңе кедергі бола алмайды. Колледжде тарих пәнінен сабақ беріп, оқытушылық қызметті қоса атқарып жүрген кейіпкеріміз 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қаршадайынан қолөнерге жақын боп өскен кәсіпкер қалаған киімін тігіп, тоқып ала береді. Педагог негізгі жұмысынан бөлек, сүйікті ісіне де уақыт тауып, бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Арасында қыз-келіншектерге тігін өнері бойынша курс өткізетіні тағы бар.

— «Сәукеле» атты тігін шеберханамды 2014 жылы аштым. Алғашында қыз жасауын, көрпе-жастық тіктік. Кейін келушілердің сұранысына қарай шәркейлер, ұлттық нақыштағы бешпет-шалбарлар мен көйлектерді ұсына бастадық.
Қазіргі таңда көптеген киім түрін тігеміз. Дей тұрғанмен, этностильге басымдық береміз. Әйелдерге арналған түрлі ою-өрнекпен көмкерілген көйлектерге, балалардың киімдеріне сұраныс көп. Бас киім де тігеміз. Әсіресе соңғы жылдары кимешекке тапсырыс беретіндер артты. Осы орайда әріптестерім Баян Бектілеуқызы, Әсел Шәмшіқызы, Әсия Исмайылқызы мен Жұлдыз Болатбекқызының еңбегі зор, — дейді он саусағынан өнер тамған шебер.
Қолы қалт етсе, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, басқа да құзырлы органдар ұйымдастырған курс, шеберлік сабақтарынан қалмайтын Гүлзада ұлттық киімдермен шектелмей, мектеп формасы мен сахналық костюмдерді де тігеді екен. Сондай-ақ 2017 жылдан бері үйде отырған қыз-келіншектерге тігін курсын өткізеді. «Бүгінге дейін білгенімді бөлісіп, 150-ден астам тігіншіні даярладым», — дейді ол.
Әңгімелесушіміз «ұлттық киім Наурыз мерекесінде ғана төрге озады» деген пікірмен келіспейді. Айталық, соңғы жылдары күнделікті тіршілікте де оюлы киіммен жүретіндер, шеберханадағыларға соған арнайы тапсырыс беретіндер көбейіпті.
— Халқымыздың ұлттық киімдері — заманмен қатар дамып, сұранысқа ие болып келе жатқаны, оған қоса мемлекетіміздің бізге, жеңіл өнеркәсіп иелеріне көңіл бөле бастағаны қуантарлық жағдай. Мен көбіне балалардың ұлттық киімдерін тіккенді ұнатамын. Ою-өрнектерді безендіре отырып салу, оны әшекей тастармен көмкеру — қызық әрі күрделі процесс. Айрықша шабытты қажет етеді. Әрі өзім тарих сабағында салт-дәстүр, ырым-нанымдар бойынша балаларға дәріс беретіндіктен, ою-өрнектердің мазмұнына аса көңіл аударамын. Мысалы, төрт түліктің абстракциялық пішіні ерекше орын алатын оюлар — қошқармүйіз, төртқұлақ, түйетабан, ботамойын, құсқанаттың әрқайсысының өз мән-маңызы бар. Сол сияқты ұзатылатын қыз баланың төрге жаятын көрпелеріне көбіне қошқармүйіз оюы төрт тармақтан құралып, «төрт құбылаң тең болсын, бүтінделіп кетерсің» деген ырым-нанымды меңзесе, бешпеттерде кездесетін құстұмсық, тұмарша, құсқанат, құсмойын сияқты оюлар еркіндіктің белгісі саналады. Киім тігерде осының барлығын ескеру керек, кез келгенін сала беруге болмайды.
Барлық шикізат сырттан келетіндіктен, көйлектердің бағасы да арзан болмайды. Дегенмен барынша қолжетімді етуге тырысамыз. Мәселен, 4-5 жастағы балаға тіккен ең арзан көйлегім 10-12 мың теңге болса, қалыңдық көйлектер — 70-80 мың теңге. Негізінен, баға материалға, тігілетін уақытқа байланысты. Бір анығы, ұлттық киімдерімізге сұраныс бар. Соңғы кезде жастар арасында оюланған киімдерге тапсырыстар көп түседі, — дейді Г.Нәбиқызы.
АЙТПАҚШЫ…
Қазақтың ұлттық киімдерінің түрлері мен атаулары көп: кейде рулардың аттарымен де айтылады. Мысалы: арғын тымақ, найман тымақ, қызай бөрік, ноғай бөрік, т.с.с. Кейде географиялық мекен атауына қарай да ерекше мәнер-үлгіге бөлінеді — Қоңырат үлгісі, Жетісу үлгісі, Арқаның үлгісі, т.б. Мұндай бөліп атау киімдердің кеңдігі, ықшамдығы, бойға қонымдылығы және әшекейлеу мәнерлерінің ерекшеліктеріне қарай да ажыратылады.
Қазақ киімдері іштік, сырттық, сулық, бір киер делініп төрт топқа бөлінеді. Іштік киімдерге — көйлек, кеудеше, қамзол, кәжекей, сырттық киімдерге — шапан, күпі, тон, шидем, сулық киімдерге — шекпен, қаптал шапан, брезент, кебенек, кенеп, сырттық жатады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиын-топтарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақтың «Таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі де осыны аңғартады. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдерінің ең жақсы, көрнектісін киген.
Ұлыстың ұлы күнін анасын құттықтаудан бастайтын тігін шеберханасының иесі 22 наурызда немерелерімен орталық саябақтағы мерекелік концертті тамашалауды да әдетке айналдырған. Көпшілік сияқты наурыз көже пісіру де кәнігі дәстүрі іспеттес.
«Ақтөбе облысының дизайнерлері мен тігіншілер қауымдастығының» мүшесі Гүлзада Елмағанбетованың этнобизнес саласында алға қойған арман-мақсаты көп.
— Шағын шеберханамды үлкен кәсіпорынға айналдырып, кейін тері өнімдерін өңдейтін шеберханамды ашқым келеді. Сөйтіп жеке брендімді қалыптастыруды армандаймын, — деп сөзін түйіндеді ол.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



