Егізбұлақ туралы естідіңіз бе?
Алтай батыр — «Ақтөбе» газетінің бірде-бір нөмірін қалт жібермей оқитын ауылдардың бірі. Ауылдағы 100-ге жуық отбасы облыстың бас газетіне жазылған. Тұрғындардың сүйікті басылымы жариялаған «Біздің ауыл» байқауына тарихы түрлі аңыздарға толы, киелі мекен туралы бірер сөз жазып, қатысып көруді жөн санадық.
Алтайды айтса, көпшіліктің ойына ауылдың дәл ортасында 1964 жылы қазылған артезиан суы түседі. Аудан тұрғындары бұл бұлақты Егізбұлақ деп атап кеткен. Тереңдігі — 80-240 метр. Бұлақтан шыққан су ауылдың ортасын қақ жарып қысы-жазы ағады. Суы тұщы. Халық арасында артезиан суы адамға күш-қайрат беріп, жанға дәрі болады деген сенім бар. Бір қызығы, ауылда басқа ауылдармен салыстырғанда көпбалалы аналар көп. Мұны ауылдықтар осындағы бұлақ суының шипасымен байланыстырады. Егер жаңа түскен келіншек 2-3 жыл бала көтермесе, ауыл тұрғындарынан бөлек, көрші ауылдың адамдары да осы бұлақтан су алдырады. Ауылға келген қонақтар міндетті түрде осы бұлақтың суын ішеді.
Бұдан бөлек біздің округ аумағында Аққұмсағыз деген ақ құм бар. Талайды таңғалдырған бұл жер Алтай батыр ауылының батыс жағында 2-3 шақырым қашықтықта жатыр. Құмның алып жатқан аумағының ұзындығы — 60 шақырым, ені — 5-7 шақырым. Сағыз өзенінің бойында орналасқандықтан, қолға жұқпайтын таза ақ құм. Мал жайылымына қолайлы. Құмды жергілікті тұрғындар емге пайдаланады. Ал ауылдың батысында ағып жатқан Сағыз өзенінің бойынан қысы-жазы мал арылған емес.
Асқар МАХАН,
Сарытоғай ауылдық округі,
Байғанин ауданы.