Таным

Идеялардың генераторы

«Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты» АҚ-ның директоры Ян Тампаевтың білім қорында жоғары білімі туралы төрт диплом бар. Талантты инженердің арқасында кейбірін ел Президенті бекіткен ондаған жобалар және бар. 1985 жылдан 1994 жылға дейін Ян Тампаевтың тікелей қатысуымен өміршеңдігін әлі күнге дейін жоймаған біздің облысымыздың орташа және ұзақ мерзімді экономикалық даму бағдарламалары жасалды.

«Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты» АҚ-ның директоры 22 сәуірде 70 жасқа толады.

«Менің барлық жерде де достарым бар»

Өмірде бірінші танысқаннан-ақ жағымды да еркін сөйлесіп кете беретін адамдарды кездестіруге болады. Олардың өз пікірлерін ашық айтатындығы мен қайырымдылығы сондай, тіпті сен осы бір адамды өмір бойы білетіндейсің. Осыдан көп жыл бұрын Ян Тампаевпен танысқанда мен осындай бір сезімде болдым. Және ол сол кезде облаткомда жоғарғы қызметте болса да бойынан титтей де өзімшілдік көлеңкесі байқалмаған. Ян Тампайұлы өзінің өткір әзілдерімен, күлкісімен компанияның жаны бола білді. Кейін де көптеген түрлі кездесулеріміз болды, солардың бәрінде мен осынау адамның қарапайымдылығы мен зерделілігіне сүйсінумен болдым. Бірде әңгіме үстінде ол: «Мен үшін адамдардың ең құнды қасиеттері – олардың сабырлылығы, жұмыстағы кәсібилігі мен өзара сыйластығы. Осы қасиеттердің бәрі сүйсінуге лайық. Сондықтан да қайда жұмыс істесем де менің барлық жерде де осы күнге дейін қатысып тұратын достарым бар», – деген еді.

Жаяу жолаушы

Көптен байқап жүргенім, тегін емес тұлғаларға тағдыр барлық уақытта бірдей қайырымды бола бермейді. Янның әкесі майданға кетіп, Харьков түбінде 1942 жылы қаза табады. Бір жарым жастағы ұл Темір ауданының Құмқұдық ауылындағы кемпірдің қолында өсіп, тәрбиеленеді. Бастауыш мектепті туған ауылында бітіріп, 5-сыныпқа көшкен кезде Молотов атындағы ұжымшардың орталығына, 7 шақырым жерге жаяу қатынап оқуға тура келеді. Кейіннен барып үздік оқығандығы үшін интернат басшылары оған интернаттан орын берді.

Мектеп бітірген күні кемпір оған көршілерді үйге шақыру керектігін, айтатын бір нәрсесі барлығын айтты. Немере көршілерді шақырып, үйге қайта келгенде кең етіп жайылған дастарқанды көрді. Қонақтар әбден жайғасқан соң әжесі бір конверттен хат суырып, оны оқып шығуға бір әйелге берді. Ол хатта мектеп директоры кемпірге немересін жақсы тәрбиелегені үшін алғыс айта келіп, баланы әрі қарай оқытуға кеңес берген екен.

– Не айтасыңдар? – деп сұрап еді әжесі жиналғандардан.

– Дұрыс ақыл, – деді олар жамырасып.

Дастарқан үстінде әр жексенбі сайын Қандыағаштың базарына есекпен қатынап жүрген бір таныс отырған.

– Менің екі сиырымның бірін таңдап алып, базарға апарып сатуды саған тапсырдым, – деді әжесі оған, – Түскен ақшаны немереме бер, Алматыға барып оқу оқысын.

Көп ұзамай  тегершігі сықырлаған, жетегіне сиыр байланған ескі арба қара жолмен ілбіп бара жатты. Сиырдың соңындағы қолына шыбық ұстаған Ян Отанның астанасын түрлі кейіпте көзіне елестетіп, қиялдай адымдады. Ол ұжымшардың орталығы мен тоғыз жолдың торабы Қандыағаш стансасынан басқа жерде болып көрмеген еді. Қандай институтқа түскен дұрыс деп ойлады. Сөйтіп, арман мен ойлардың ортасында 60 шақырымдық жолды қалай жүріп өткенін де байқамай қалды.

Тосын оқиға

Астананың  вокзалындағы жүк сақтайтын жерде ол Қарағандыдан, Жезқазғаннан, басқа да қалалардан келген өзінің құрдастарын жолықтырды. Әңгіме үстінде бәрі бір-бірінен кімнің қай оқуға түскісі келетінін сұрастырып жатты. Балалардың көбі астананың ауыл шаруашылығы институтына түсетіндерін айтты. Жас жігіттердің біреуі ғана тау-кен инженері болғысы келетінін айтып еді. Янды өзімен бірге жүруге үгіттеген де сол еді. Ақыры көндірді. Барып құжат тапсырды. Ал тау-кен институтына конкурс қатты еді – бір орынға 15 адам. Дегенмен балалардың білім жүгі салмақты болғандықтан екеуі де оқуға түскен еді.

Оқу жылдары зырлап өте шықты. Төртінші курста, Қарағанды шахталарының бірінде өндірістік практикада болған Ян Тампайұлын өлімнен құдай сақтап қалды.

– Сол оқиға менің кен инженері болсам деген тілегімді өзгертіп жіберді, – дейді ол. – Механикаға қатысты басқа бір институтқа ауысқым келді. Ректорға бардым, ол маған дұрыстап тұрып ұрысты, бірақ мен екі-үш ай сабаққа қатыспадым. Содан бір күні таңертең декан шақырып жатыр деп өз тобымыздағы бір топ бала келіп тұр. Декан сондай бір өте қайырымды, мықты әйел еді. Ол маған жоғары оқу орнын бітірген соң механик болып жұмыс істеуіме болатынын түсіндіріп, жаңа мамандыққа – пайдалы қазбаларды ашу және өңдеу мамандығына ауысуыма кеңес берді. Мен солай жасадым.

Ян Тампайұлы жоғары оқу орнын үздік бітірді.

Танылған талант

Мамандарды бөлу кезінде Ян Тампаев өзін «Дөң» кен байыту комбинатына жіберуді өтінді. Онда мастердің орны бос еді. Сөйтіп, «су жаңа» инженер сонда барса, ондағы кадр бөліміндегілер мұның құжаттарын халық шаруашылығы кеңесі Гурьевтегі трестердің біріне жібергендігін айтады. Барады, ондағылар мұны одан ары – Форт-Шевченкодағы өндірістік материалдар комбинатына жібереді. Ал  онда Ленинградтан, Ростовтан, Ташкенттен және басқа қалалардан келген мамандар лық толы еді. Электрик болып жұмыс істеуге тура келді. Дегенмен көп ұзамай-ақ салмақты да ойлы маманды комбинат басшылары аңғара бастады да, әуелі ауысым мастері, ал жарты жылдан соң мықты өнертапқыштардың бірі және идеялар генераторы есебінде бас инженер етіп тағайындады.

– Сол жылдары Маңғышлақ облысының өндірістік материалдар комбинаты ұлутас блоктарын шығаратын. Ұлутасты теңіз көлігімен Астраханьға жіберіп, одан ары өзен флотына ауыстырып тиейтін де, ол жүк Еділ арқылы Саратовқа баратын. Әрі қарай вагондарға тиеп, республиканың материалдары тапшы болып жатқан құрылыс орындарына жіберетін.

Бұл уақытта Ян Тампайұлы отбасын құрған еді. Әйелі дәрігер болып істеді, ал шөбересінің тәрбиесімен әжесі айналысты. Бірақ әжесінің денсаулығы әлсірей бастады. Күрделі климаттық жағдай дегенін істеді. Оның үстіне, бұл ауданда ауыз су мәселесі қиын еді. Суды әр апта сайын танкермен әкелетін. Сол әкелгенде мол қылып алып алмасаң, бір апта сусыз отырасың. Осылайша, жас инженер жұмыстан кету туралы арыз жазуға мәжбүр болды.

Ақтөбеде Тампаевқа «Западстройдеталь» тресінің бас технологы қызметі ұсынылды. Өз кәсібі бойынша жұмыс істеді, соңынан оны кен емес материалдар комбинатына ауыстырды. Бұл бір алтын кездер еді. Қазақстанның батыс облыстарында құрылыс белсенді жүріп жатты да, кен емес материалдарға деген сұраныс күннен-күнге арта түсті. Сол кезде біздің облысымызда «ЖБИ-70», Мұғалжар қиыршық тас зауыты сияқты жаңа кәсіпорындар қатары көбейді. Кен емес материалдар комбинатының өзі де шаруақор тәсілмен қанатын жая түсті. Қаланың бүкіл зауыттары іс жүзінде комбинаттың шикізатымен жұмыс істейтін. Қиыршық тас Маңғыстау, Гурьев, басқа да облыстарға тасылатын. Бұл кәсіпорынға Ян Тампаев өзінің 14 жылын арнады.

Бағалау

1975 жылы Ян Тампайұлын енді тәжірибелі маман ретінде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп қояды. Жұмыс көп еді. Облыс орталығында тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатты – жылына 140 мың шаршы метр. Балабақшалар, мектептер, ауруханалар тұрғызылып, облыстық драма театрын өрттен кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатты, айналма жолдар төселді.

– Ол кезде, – деп еске алады инженер, – облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Андреевич Ливенцов еді. Бұл бір қатал, талапшыл басшы болды. Ол айына екі рет қаланы өзі аралап шығып, тәртіпті қадағалайтын. 1982 жылы оның ұсынуымен мен Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалдым. Артынан Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым. Бір сөзбен айтқанда, партиялық жұмыстарға мен 20 жылдай өмірімді арнадым.

Өзінің «Мое время» деген кітабында Василий Ливенцов осы мақаланың кейіпкері туралы былай дейді: «К.Тлеубаевты ауыстыруға жаңа ұрпақ өкілі Ян Тампаев келді, инженер-экономист… Құзырлы, шығармашылық іздену үстіндегі басшы. Оның басшылық етуімен «Интенсификация», «Тұрғын үй – 91», «Ауылдардың қайта құрылымы», «Халық тұтынатын тауарлар мен қызметтер» деп аталатын облыстық кешенді бағдарламалар жасалған еді.

Ең өнімді кезең

Нарықтық қатынастарға көшуге байланысты облыс басшылығында әлдебір уақыттары вакуум пайда болғандай еді. Обкомның бұрынғы бірінші хатшысы Золотарев  Кеңестің төрағалығы секілді әжептәуір үлкен лауазымға ие болды. Осы кезде облыс әкімі болып Шалбай Құлмаханов тағайындалды. Ян Тампаев оның экономика және ауыр өнеркәсіп бойынша бірінші орынбасары болып үш жыл жұмыс істеді. Сөйтіп, тек 1994 жылы ғана басшылық жұмыстан кетті. Қазақстандық «Крамдс» ұлттық компаниясының «Крамдс хромит» ААҚ бақылау кеңесінің төрағасы болды. Республикада жекешелендіру басталды. «Дөң» тау-кен байыту комбинаты жапондық «Хромкорпорейшн» компаниясының құрамына берілді, сондықтан Ян Тампайұлының онда жұмыс істейтіндей қажеттілігі болмады. Ол сөйтіп төтенше жағдайлар бойынша облыстық басқармаға ауысты. Бірақ ол жерде қысқарту қатты жүріп жатты да, оған апта сайын біреуді жұмыстан шығаруға тура келді. Бұл оның мінезіне сәйкес келмейтін еді. Сондықтан зейнеткерлікке шықты. Біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Бірақ артынан «Дүние» университетінен мұғалімдікке шақырту алды. Дегенмен Мұғалжар қиыршық тас зауытының бас директоры Тұрлан Жақыпов ақылды маманға алдымен «жармасып», оған «Көктас-Ақтөбе» ААҚ директорының ғылым және технология бойынша орынбасарлығы лауазымын, ал соңынан «Көктас-Амиан ТиТ» АҚ бас директорлығын қоса атқаруды ұсынған еді.

Осылайша, инженердің өміріндегі ең өнімді жылдар басталды. Облысымыздың қай жерінде қандай пайдалы қазбалар жатқанын білетін Тампаев өзінің инновациялық бағдарламасын жасап, оннан аса жобалардың техникалық және экономикалық негіздерін әзірледі. Олардың ішінде композиттік материалдар негізінде Ақтөбедегі метал емес құбырлар өндірісі, беттік әйнектер зауытының құрылысы, Мұғалжар стансасындағы кварцтық құм байыту фабрикасы, Қандыағаштағы шикі каолин байыту фабрикасы, кальциленген сода өндіру зауыты сияқты Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдардағы индустриялық-инновациялық бағдарламасына енгізілген көптеген басқа да бағдарламалар бар.

2004 жылдың 24 наурызында Ян Тампайұлы ел Президентінің қабылдауына шақыртылды да, өз жобаларының бірнешеуін көрсетті.

– Байқаймын, – деп еске алады ол, – менің көптеген ұсынысым оған ұнап қалды. Біз бір-бірімізді жарты сөзден-ақ ұғыстық. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның металлургиядағы тұңғышы – Теміртау металлургиялық комбинатының озық мектебінен өтті емес пе? Бірақ қаржыландыру жөнінен қиындық болды. Ақыр соңында біздің қаламызда композиттік материалдардан құбыр өндіру зауытының құрылысы басталатын болып шешілді.

Мұндай зауыт салу идеясы менде 1993 жылы, облатком төрағасының орынбасары болып жүргенде пайда болған еді. Ол кезде маған Құндақтыр кенішінен су жеткізу мәселесін шешуге тура келген. Біз сол кезде бүкіл елімізді айналып құбыр іздеп, таба алмағанбыз. Тек біраз уақыт өткесін барып Свердлов облысынан таптық, бірақ олар бұрын пайдаланылған еді. Олар осы күнге дейін пайдаланылып тұр, бірақ алмастыратын кезі баяғыда болған. Сонда мен ойлағам: неге басқа емес, темір құбыр төсеуге тура келеді деп. Әлдеқалай Мәскеуге барғанда мен біздің бұрынғы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының ағасы, техника ғылымының докторы Николай Трофимовпен кездесу бақытын иелендім. Ол қызметкерлері ғарышқа «Боран» ұшқышсыз аппаратын ұшыруға қатысқан белгілі зертхананы басқаратын. Николай Николаевич маған: «Егер өмірі ұзақ болатын құбыр керек болса, батыстікімен, бірінші кезекте итальян технологиясымен таныс», – деді де, менің «Гусь хрустальный» зауытына барып, ғылыми кеңес алуыма ақыл қосты. Мен солай жасадым.

Ойға алдың – орындадың

– Үйге келген бойда, – дейді менің әңгімешім, – мен Италиядағы «САНАПЛАСТ» фирмасына телефон соқтым. Итальяндықтар маған әйнекті пластика туралы көлемді ақпарат берді. Облыс басшыларымен біраз мәселелерді ақылдастым. Кешікпей шақыру бойынша бізге «Гусь хрустальный» зауыты мен Николай Трофимов жұмыс істейтін «Композит» АҚ-дан, әлгі айтқан фирмадан өкілдер келді. Біз зауыт құрылысын бастау жолындағы алғашқы шартқа қол қойдық. Оны біз Алғадағы бұрынғы химзауыттың бос тұрған алаңдарының біріне салғымыз келді. Бірақ тап сол уақытта ол жер жекешеленген екен. Қаланың сыртынан бос жер іздеуге тура келді.

Ізінше бізге араб компанияларының бірі өз ұсыныстарымен шықты. Бірақ онымен істі келістіре алмадық. Біз «ТұранӘлем» банкімен құрылысқа 15 млн. доллар ақша бөлуге келіскенбіз, араб фирмасы 2,5 млн. мөлшерінде өз үлесін қосуға тиіс еді. Бірақ олар мұны орындамады. Мен жаңа серіктес іздедім, ақыры таптым. Бірақ банк бізге тек 7 млн. доллар ғана несие берді, зауыт болса 15 млн. доллар тұратын. Жаңа серіктестер 4,5 млн. қосты. Зауытты «қиылған пирамида» сызбасымен салуға келістік. Кәсіпорынның үлкен корпусын кейбір технологиялық желілер кешенімен қоса уақытында тапсырдық. Қалған түгендеу жұмыстарын кәсіпорынды пайдалануға беру кезінде бітіретін болдық. Тағы да несие алуға,  сөйтіп зауытты осы күнгі жағдайға келтіруге тура келді. Қазір мен біздің кәсіпорын Қазақстанның ғана емес, ТМД елдерінің ішінде әйнекті пластикалық құбырлар өндіру жөнінен көсем болып отыр деп қысылмай айта аламын. Өткен жылы біз Достастық елдерінің ішінде бірінші болып диаметрі 2 600 мм болатын құбыр шығаруды игердік.

– Ал дағдарысты сезініп жатырсыздар ма? – деп сұрадым мен одан.

– Әзірше зауыт жұмыс істеп тұр, дегенмен дағдарыстың лебі, әрине, сезіледі. Қазір тапсырыс азайды. Біздің жобамызда 20 шақырымға созылатын, 1 400 мм-лік диаметрдегі магистральды су жолын төсеу қарастырылған. Әзірге Ресей үкіметі 2 шақырымын ғана қаржыландырды.

…Міне, осылайша алыстағы ауылдан шыққан бала механик қана болып қойған жоқ, сонымен бірге маңызды идеялардың генераторы да бола алды. Осы жерде айта кету керек, Ян Тампайұлы тек Қазақ политехникалық институтын ғана емес, басқа да, Мәскеудегі Бүкілодақтық сырттай политехникалық жоғары оқу орнын, Харьковтағы инженерлік-экономикалық, сонан соң Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген. Ағылшын, француз тілдерін оқып, аудара біледі. Алты рет Францияда, екі рет АҚШ-та, тағы сонша рет Германияда қызметтік іссапарда болған, Болгария мен Финляндияда болған. Оның еске алатын және мақтаныш тұтатын нәрсесі аз емес.

Виктор КОПИСТКО.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button