Тарих

Иса АҚЫНБЕКОВ: Қысқа ғұмырдың ғибраты

Зерде

Тарихымыздың тереңіне үңілгенде еліміз бастан кешкен сан тарау соқтықпалы жолдар, қиян-кескі, тауқыметі мол жылдар көз алдымызға келе береді. Сондай ауыр кезеңдердің қатарында отыз жетінші жылдардағы қуғын-сүргін қасіреті де бар.   

Сол тұста еліміз бойынша жазықсыз қудаланған 118 мың адамның 8 мыңы ақтөбелік арыстар екені бізге мәлім болып отыр.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұста Ақтөбе қаласында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.

Қала іргесіндегі қасиетті мекен — Түйетөбе маңайында екі мыңдай арыс ату жазасына кесіліп, осы жерде жерленген. Жыл сайын азалы биік басында боздақтардың рухына Құран бағышталып, жазықсыз жазаланғандардың ұрпақтары осында жиылады.

Анықтамаға сүйенсек, Түйетөбе сайы — Ақтөбе қаласы маңында 1937-38 жылдары кеңес өкіметі ұйымдастырған жаппай қуғын-сүргін құрбандары атылған жер.

Біздің кейіпкеріміз Иса Ақынбеков те осындай зұлымдық науқанының құрбаны. Ол 1937 жылдың 6 желтоқсанында Ақтөбе қалалық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарып тұрған кезінде «халық жауы» деген жаламен ұсталған. Содан 1958 жылдың 15 мамырында Ақтөбе облысы сотының шешімімен «қылмыс құрамы болмағандықтан» ақталады.

Бірақ бәрі де кеш еді…

Есіл азамат қырық жасында қыршын кетті…  

Өзгеше өмірбаян

Сонымен, біздің кейіпкеріміз кім?

Иса Ақынбековтің өмірбаян деректері тым қысқаша өріледі. Уақытында қағаз бетіне түсіп қалған мәліметтер тым сараң, көп сырды ішіне бүгіп, сыртқа шашқысы келмейтін сыңай танытады. Дегенмен, майдан қыл суырғандай, сол кісіге, өмір сүрген уақытына қатысты жайларды саралай бастағанда там-тұмдап болса да қолға алтынның сынығындай, шашыранды болса да аз-мұз мағлұматтар ілініп қалады.

Ол Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Көксарай елді мекеніне қарасты Мұрынқарақ деп аталатын таудың маңында 1896 жылы дүниеге келген екен. Қолымызға түскен деректерде балалық шағы, жасөспірім кезеңі туралы ештеңе айтылмайды.

Оның жиырма үш жасынан, яғни 1919 жылдан бастап 1922 жылға дейін Арыс қалалық партия ұйымының хатшысы болғаны еңбек жолының бастауы іспетті көрсетіледі. Ал 1922-1924  жылдары Арыс қалалық атқару комитетінің төрағалығы міндетін қоса атқарған. Осы жолдардың өзі бүгінгінің көзімен қарасақ, әлі оң-соңын толық танып болмаған дерлік жас жігіттің билік тізгінін қолға бекем ұстағанын, жаңа заманның жаршысы ретінде атқа ерте мінгенін байқатады. Осындай белсенділігінің нәтижесі болар, ол 1924 жылы Түркістан Автономиялық Республикасының Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.

1925-1926 жылдары Шымкент қалалық атқару комитетінің хатшысы болған ол өзінің іскерлік қабілетін шыңдап, жаңа деңгейге көтеріледі. Осы кезде еліміздегі көрнекті тұлғалармен танысып, елдің экономикалық тұғырын нығайтуға белсене қызмет ете бастайды.

Осы тұста Қазақстан Коммунистік партиясы басшылығы оған сенім артып, жаңа қызметке Ақтөбе облысына жібереді.

Иса Ақынбеков 1926-1928 жылдары Большевиктер коммунистік партиясы Ақтөбе облыстық комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарады. Сол уақыттары елде ірі байлардың малын тәркілеу, шаруаларды ұжымдастыру жұмыстары қызу жүріп жатты. Яғни социализмге бет алған жаңа заман талабы өзгеше еді. Сондықтан да партия өз кадрларына үлкен жауапкершілік жүктеді. Олардың алдына өте жауапты міндеттер қойды.

Кадрлар істе танылады. Иса Ақынбеков те өз дәрежесіне сай жақсы қызмет атқарса керек. Оны 1928 жылы Большевиктер коммунистік партиясы Қостанай облыстық комитетіне нұсқаушылық қызметке жібереді. Осында ол сондай-ақ Қарабалық аудандық партия комитетінде де жауапты қызметте болады. Одан кейінгі еңбек жолы Талдықорған қалалық атқару комитетінде жалғасады. Бұл 1932-1935 жылдарды қамтиды.

1935 жылы марксизм-ленинизм институтын бітіргеннен кейін Ақтөбеге қайта оралады. Осында 1936 жылдан Ақтөбе химия комбинатының партия комитетінің хатшысы қызметін атқарады.

Комбинаттың көп таралымды «Красный химик» атты газеті 1935 жылы шыққан №13 нөмірінде өндіріске КСРО-дағы Воскресенск заводындағы стахановшылардың тәжірибесін енгізу қажеттігін жазады. Сол кезде күн тәртібіне қойылған бұл мәселе көп ұзамай шешімін табады. Яғни 1936 жылы озық бастама өндіріске енгізіліп, игілікті істерге ұйытқы болады.

Иса Ақынбековтің осы Ақтөбе химия комбинатына партия комитетінің хатшысы болып келуі осындай ұлан-ғайыр міндеттердің жүзеге асырылуы кезеңімен сәйкес келеді. Комбинаттағы стахановшылар еңбек көрігін қыздырып, өндіріс көлемін ұлғайтады. Егер 1935 жылы осындағы цех 332  мың тонна күкірт қышқылын өндірсе, 1936 жылы бұл көрсеткіш 513 мың тоннаға жетеді.

1935 жылы комбинатқа Октябрь революциясының көрнекті қайраткері Сергей Миронович Кировтың есімін береді. 1936 жылдың басында Ресейдегі Воскресенск зауытына тәулігіне 20 тоннаға дейін өнім жөнелту қамтамасыз етіледі.

Иса Ақынбеков комбинатта партия ұйымына жетекшілік еткен 1936 жылы 1300 адам еңбек етеді. Онда еңбек ететін қазақтардың саны бұрынғыдан ұлғайып, 60 пайызға дейін жетеді. Осы тұста жергілікті ұлт өкілдерін басшылық қызметтерге көтере бастайды. Мәселен, Байғазы Мәкенов осында еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған. Көп ұзамай еңбекте іскер, белсенді азамат жастар жетекшісі болып сайланады. Кейіннен ол комбинат директорының орынбасары болып еңбек етеді, арада бірсыпыра уақыт өткенде еңбекшілер депутаттары Алға қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.

Міне, осы азаматтың өсу жолдарында комбинаттағы белгілі тұлға, партия комитетінің хатшысы Иса Ақынбековтің қолдау-көмегі болмады деп айта аламыз ба?

Иса Ақынбеков 1936-1937 жылдары Ақтөбе қалалық өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады.

Өкінішке қарай, 1937 жылы 6 желтоқсанда «халық жауы» деп ұсталып, атылған.

Арада жиырма жылдай уақыт өткен соң ғана, яғни 1958 жылдың 15 мамырында Ақтөбе облыстық соты төралқасының шешімімен ақталады.

Оның еңбек пен өнегеге толы қысқаша ғұмыры осындай.

Артта қалған із

Қазақта кез келген азамат өмірден өткенде артында кім қалғанын іздейді. Осы ретпен әңгімемізді өрбітсек, Иса атаның зайыбы Айнаш Ақынбекова 1904 жылы Шымкент облысы Бөген ауданы Төрткүл селосында дүниеге келіп, 1974 жылы өмірден өткен екен. Жоғарғы білімді, қазақшасынан бөлек, орыс, араб тілдерінде таза сөйлеген. Арыс қаласында мұғалім, Шымкент қаласында мектеп директоры, Қостанай облысында білім басқармасы саласында жұмыс істеген.

Ақтөбе облысында партия ұйымының хатшысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Арыс қалалық партия ұйымында хатшы болып қызмет жасаған уақытында оған өкімет тарапынан үй берілген.

Айнаш апаның өзі Семей өңірінде туып-өскен екен, әкесі кезінде облыстық соттың төрағасы болыпты.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Көксараймен көршілес «Ақтөбе» деп аталатын кеңшарда Иса атаның Әбдікәрім деген ер баласы құрылыста прораб боп ұзақ жылдар еңбек еткені айтылады. Бірақ оның кезінде «халық жауы» болып, атылып кеткен Иса Ақынбековтің ұлы екенін ешкім білмеген. Ол заман ағымына қарап, фамилиясын нағашыларының ауылына бұрып, Тәжиев деп жазылған екен кезінде.

Тіпті азан шақырып қойған Әбдікәрімнің аты жастайынан ұмытылып, ауыл-аймақ, көрші-көлемнің бәрі оны Майбас деп атап кеткен.

Осы мақаланы жазу барысында белгілі қаламгер Құдияр Біләлдің бір жазбасы да назарымызды аударды. Онда былай деп жазылыпты:

«Біз қуғын-сүргін құрбандары тізімі ішінен тек бір есімді ғана бөліп алдық. Ал ол тізім ішінде Ақынбеков Иса сынды есімдері ескерусіз қалған тұлғалар аз емес. Егер іздеушісі болса, олардың қай-қайсысы да ел мақтанышына айналып, бір-бір көше атын иеленіп тұрары күмәнсіз. Сондай іс-шараны бүгінгі күні Арыс қаласының әкімшілігі қолға алды. Соған орай үстіміздегі жылдың 19 наурыз күні Арыс қаласында әкімшіліктің қолдауымен айтулы тұлғаға арналған арнайы іс-шаралар өтіп, өзінің есімімен аталған көше бойында Ақынбеков Исаға қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты болмақ. Бұл игі шараға белгілі кәсіпкер Оразхан Жанысбеков мұрындық болуда. Жалпы, бізге қуғын-сүргін құрбандары есімдерін жаңғырту үшін тап осындай Оразхандар керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстан бой түзейді».

Біздің бір білгеніміз, «Құтты мекен — Көксарай» мәдени-ағарту жобасының жетекшісі, кәсіпкер Оразхан Жанысбеков бағзы заманнан бергі бабалардың басына балбал тас қойып, рухын жаңғыртып жүрген атпал азамат екен. Өткен жылы ғана Мұрынқарақ тауының төбесіне Қарақ хан мен Бұхар жырау жырлаған Алатау батырға мәрмар тастан ескерткіш орнатыпты.

Деректер не дейді?

Қолымызға түскен тағы бір дерек туралы айта кетелік.

Бектас Бейісбеков, Сағынбек Адамбеков, Асан Тұрабаев және Бейсенбай Сүлейменовтің авторлығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2020 жылы Алматыдан «Ақмырза әулеті» атты көлемі 700 беттен асатын тарихи-дерек, шежіре-жыр, аңыз-әңгімелер жинағы «Литер-М» баспасынан жарыққа шықты.

Кітап аннотациясында айтылғандай, «Бұл кітап — тарих қойнауында қалған бабаларымыздың асыл рухын бүгінгі ұрпаққа жеткізген төл шежіреміз, баға жетпес қазынамыз. Елдігімізді растайтын, туыстығымызды айқындай, ағайынның бірлігін сақтай түсетін еңбек. Бабалардың ерлік, өрлік жолын, аманатын арқалап жеткен тарихи, танымдық кітап».

Жобаның жетекшісі — Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, белгілі журналист-публицист, «Әдебиет әлемі» баспасының директоры Бейсенбай Сүлейменов.

Міне, осы жинақта біздің кейіпкеріміз Иса Ақынбеков туралы біраз мәліметтер берілген.

Иса атамыздың туған жері, өскен өңірі туралы жырларда кеңінен баяндалады. Мәселен, Қожаберген жырау Толыбайұлы айтқан сөзді алға тартып көрелік.

Дегенде Мұрынқарақ, Мұрынқарақ,

Айта алмаймын әулиенің бәрін санап.

Тектіден туарында ел толқыған,

Көкжалдан ұлы туған қайран қазақ, — дейді ол.

Осында айтылған Мұрынқарақ — Иса Ақынбековтің атамекені. Демек, киелі жерде дүниеге келген перзенттің бойында өзгеше дарын, ерекше қабілет болғандығына ешкім күмәнданбаса керек.

Ал ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы не дейді екен? Ол:

Сөзіне «Үлкерінің» сұрақ бар ма?

Басында Мұрынқарақтың шырақ бар ма?

Жол түсіп, зиярат жасап бара қалсаң,

«Айбалталы» пір көрсең құлап қалма! — деп өзгеше сыр шертеді.

Ырысымбетұлы Байғұт Харпіш былай деп толғанады:

Қоңыраттың Мұрынқараққа барғаны,

Алатаулап жар салғаны.

Құлшығашта Құлтай наладан қырылмас,

Мұрынқарақта киесі тұрғанда.

Сағырдың дастарқаны жиылмас,

Артында Алты Алашы тұрғанда.

Босаға таңбасы, шашақты туы жығылмас,

Ұранды баба пірі Алатау тұрғанда!

Шежіреге үңіліп, беріректен қозғасақ, Қоңыраттың бір тармағы саналатын Құлшығаш — Нағанай батырдың тұңғышы Жығалы мырзадан туған үлкен немересі, сондықтан ол Қоңыраттың ішіндегі аға баласы атанған. Жезбике Анамен шешелес болғандықтан, Құлшығаш ұрпақтары Қоңыраттың Алғи, Байлар-Жандар, Қаракөсе, Тоқболат жəне Оразкелді балаларына қосылып, «алты аға Көктің ұлы» деп аталады екен.

Белгілі журналист Мырзантай Жақып былай деп жазады:

«Нағанай батырдың тұңғышы Жығалының артында қалған жалғыз тұяқ — Құлшығаш ұрпағы да бүкіл қазақ халқында байқалатын жақсы қасиеттерімен танылған, өте алғыр болған деседі. Сондай қабілетімен тұрмысы тез түзеліп, қорасы малға, шаңырағы байлыққа толған көрінеді. Халық арасында «Құлшығаштың бір қарағанынан бір ит тояды» деген сөз осыдан қалса керек. Бүгінде Құлшығаштан өрбіген ұрпақ, іргелі ел Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Шардара, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар аудандарында, Өзбекстанның Ташкент, Жызақ, Сырдария, Самарқан облыстарында, Орталық Азияның басқа да түкпірлерінде түтін түтетіп отыр».

Міне, Иса атаның біз байқаған түп-тамыры, айналасы осындай. Мұны оқырманымыз жалпы түсінік алсын деген ниетпен ұсынып отырмыз.

Сөз түйіні

… Тарихымызды әлі түгендеп бола алмай келе жатқанымыз кейде көңіл қынжылтады.

Жақсыларымыздың бірі Иса Ақынбеков есімі де бүгінге дейін көлеңкеде көрінбей келді.

— Оңтүстік өңірде туғанымен, Ақтөбеге бірнеше рет айналып соғып, жауапты қызмет атқарған ол кісінің есімі ұмытылмауы тиіс деп ойлаймыз. Әрине, оның өмірбаянын әлі де зерттеп, тың деректер табармыз деген ойдамыз.

Осындай еңбегі бар тұлға атына Ақтөбе қаласының бір көшесі атауын берсе, бұл жас буынға тәрбие, ғибрат болар еді. Егер ондай мүмкіндік болып жатса, біздер сол көшені абаттандыруға, басқа да жұмыстарына көмектесіп, көп шаруаны мойнымызға алар едік. Өйткені, бұл — өткенімізге құрмет, аға буынға тағзым емес пе?! — дейді кәсіпкер Оразхан Жанысбеков.

Иә, жақсыларымыздың ізін жоғалтып алмайық!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

ЕСКЕРТКІШ БОП ОРАЛДЫҢ

Өткеннің ұмытпаймыз өнегесін,

Біреулер ескі десін, көне десін.

Кездіктей қын түбінен шыға келер,
Тарихтың тереңінде тұрған есім.

 

Ойда тұр басқан кездер даланы мұң,

Басынан кешпеді екені жаланы кім?

Солардың бірі — Иса Ақынбеков,

Тепкісін көрген өзі заманының.

 

Қазақтың өсірді оны құба белі,

Қасқайып алға ұмтылып тұрар еді.

Жаны — жаз, жүрегінде жылуы мол,

Оңтүстік өлкесінің ұланы еді.

 

Өскен соң жақсылардың жетегінде,

Өмірде беру керек өтеуін де.

Келіпті дүниеге Иса сәби,

Мұрынқарақ тауының етегінде.

 

Қарттары баптап берген батаны да,

Басшы боп жүргей депті қатарына.

Берекені туған жер білдіргендей,

Қамырлықұдық деген атауы да.

 

Жайлар көп ертегідей бұрындағы,

Ескіні қиын жастың ұғынбағы.

Бір перзенті шырылдап есік ашқан,

Мың сегіз жүз тоқсан алты жылындағы.

 

Күштінің тапталмағай табанында —

Өмірдің ұғып өсті сабағын да.

Балалық кезеңі өткен алаң болып,

Байлар мен кедейлердің заманында.

 

Жас ұлды ізгі үміттер жылындырды,

Ол кезде бірін білмей, бірін білді.

Заманның төңкерісін болжағандар

Жаңа таң атады деп ұғындырды.

 

Ұмтылды ілгеріге алмай тыным,

Ұғынып қысым, қорлау болмайтынын.

Жүрегі сезді, әйтеуір, жаңа дәуір

Кедейді қолдайтынын, қорғайтынын.

 

Уақыттың тартты алға дөңгелегі,

Бұл-дағы сол заманның өрнегі еді.

Қашанда талаптыға қолдаушы бар,

Жігітке жалындаған дем береді.

 

Жігіттік — арғымақтың арындауы,

Қамалдың қиын емес алынбағы.

«Комсомол, алға!» деген ұран шығып,

Жас жігіт Иса сонда жалындады.

 

Сол кезден басын шалмай әр қияның,

Топ бастап, алмас сынды жарқырадың.

Ұлтымды ұлы жолға жеткізем деп,

Мүшесі болдың сосын партияның.

 

Ерлер ғой елге тірек түбі тегі,

Жақсыны жылы сөз де жібітеді.

Арыста алға шығып жүргенінде,

Жиырма беске жетпеген жігіт еді.

 

Келеді еңбекпенен табыс-тағы,

Білінсе бойда жігер, намыс бары.

Жастықтың жалынымен алаулаған,

Іздері өшпейді оның Арыстағы.

 

Елдіктің болсын берік үштағаны,

Жас буын біледі ғой күшті ағаны.

Қазірде аңыз сынды айтылады,

Шымкентте және тізгін ұстағаны.

 

Жақсыны қай жерде де жат көре ме,

Маңдайға жазылмаса бақ бере ме?!

Отызға орда бұзар келгенінде,

Жіберді алыстағы Ақтөбеге.

 

Ел іші таратады өнегені,

Қонаққа мейірімін төгер еді.

Екі жыл Ақтөбенің дәмін татып,

Халықтың құрметіне бөленеді.

 

Жазылса жақсылықтың лағыл әні,

Жүрекке үміт оты жағылады.

Нұсқаушы обкомдағы Ақынбеков,

Жұртына жақсы ісімен танылады.

 

Қолдайды құрбы, жолдас-жоралары,

Жұмыс боп жүргеннен соң боп алаңы.

Қостанай, Талдықорған жерін көріп,

Қайтадан Ақтөбеге оралады.

 

Демейміз іргелі істен жасқанады,

Сағынса елін көзден жас тамады.

Ақтөбенің химия комбинатында

Партия комитетін басқарады.

 

Зауыт бұл елге, сірә, керегі мол,

Одақтың көп қажетін береді ол.

Осында коммунистер жетекшісі,

Жақсы іске бастап ылғи салады жол.

 

Ел үшін ізгі жолды саралады,

Кеңесі көпке үлгі боп таралады.

Уездік партиялық комитеттің

Хатшысы болды сосын қаладағы.

 

Тұрады өмір ақпен, қараменен,

Қалайша туды ойда жаралы өлең?

Ұсталып кете барды сол азамат

«Халық жауы» деген бір жаламенен.

 

Тарих сол — сырын кейін ақтарады,

Санада бәрі соның сақталады.

Бітті өмір, ғұмыр келте кесілгесін,

Жиырма жыл өткеннен соң ақталады.

 

Басыңнан болғандаймен тайған бағың,

Пейіште, бәлкім, жүзің жайраңдадың.

Ел үшін еміренген ерім едің,

Оралдың ортамызға пайғамбарым!

 

Жас өссе — үлкендерден бата алады,

Әркімнің әулиесі — аталары.

Бұл күнде Ақынбеков есімімен

Арыстың бір көшесі аталады.

 

Жан ата, жоғалған жоқ ауылыңыз,

Сол кезгі оралмасын дауылыңыз.

Арысын ел алдында асқақтатты,

Оразхан Жанысбеков бауырымыз.

 

Жасықтар елге тұтқа бола алмайды,

Ерлерге кейін тартқан солар қайғы.

Жақсының Иса атадай жарқылы мол,

Болған соң іздеушісі жоғалмайды.

 

Еңбегі арқау болар сан аңызға,

Ойласақ өлшем жетпес бағаңызға.

Иса ата, ескерткіш боп елге келдің,

Есімің мәңгі өшпейді санамызда!

Нұрбек БАЙҚАДАМҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button