Мәдениет

Тарихи тұлғалар туралы айтылды

Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде қазақ тарихындағы есімдері елеулі тұлғаларды насихаттау мақсатында «…Өзінен халық қамын бұрын жеді» тақырыбында онлайнконференция өтті.

Бейнебайланысқа республикаға белгілі ардагер, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Өмірзақ Озғанбаев басты мейман ретінде қатысты. Сонымен қатар бұлшараға Қызылорда облысының Ғ.Мұратбаев атындағы мемориалды музейінің, Алға ауданындағы Есет батыр атындағы мемориалды кешенінің, Темір аудандық музейі қызметкерлері,Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі жанындағы ғылыми кеңес мүшелері де қосылды.

Танымдық шарада Ақтөбе аймағынан шыққан белгілі тұлғалар, есімі елге танылған әйгілі батырлар Есет Көкіұлы, Қайдауыл Едігеұлы және діни қайраткер Досжан хазірет Қашақұлының өмір жолдары туралы астаналық қонақпен сұхбат жүргізілді. Шалқар аудандық музейінің қызметкері Айгүл Қуанжанова тақырыпқа арқау болған бабалардың өмір жолына шолу жасап, олар туралы әзірленген бейнесюжетке көрерменнің назарын аударды. Профессор Өмірзақ Озғанбаев діни қайраткер Досжан Қашақұлы жайында тарихи деректерімен бөлісіп, оның ерекше қасиеті мен діни сауаттылығы хақында кеңінен әңгімеледі. Діни тұлға жайында облыстық «Ақтөбе» газетіне «…Өзінен халық қамын бұрын жеді» деген атпен жарық көрген мақаласының мақсатын түсіндірді.

Темір ауданынан шыққан діни ұстаз, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қайраткер, ағартушы 17 жасында хазірет атанған Досжан ишанды өз деңгейінде насихаттау — бәрімізге парыз. Оның дарындылығы, ілімге зейінділігі өзгелерден озық тұрған.

Әбубәкір Кердерінің:

«Баршасы үшбулардың пірім деді,

Хазірет ақылды дана білімді еді.

Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап,

Өзінен халық қамын бұрын жеді», — деп жырлауы оның бірегей болмысын айқындайды,—дейді тарихшы-профессор.

Сондай-ақ биыл туғанына 355 жыл толған Есет Көкіұлының батырлығы турасында тың деректермен бөлісті. Бабалар туралы тереңірек білуге ниеттенген шалқарлық жастардың сауалдарына жауап берді. Алға ауданындағы «Есет батыр» атындағы мемориалды кешеннің басшысы Абдуахит Абдурасулов, Темір аудандық музейінің кіші ғылыми қызметкері Ерлан Көшенов өлкелеріндегі бабалар кесенелерінің бүгінгі ахуалы, оларды дәріптеу тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқарқаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button