Әлеумет

Арзандамайықшы, ағайын

Президент сайлауы – парасат сынағы

«Сен саясатпен айналыс­пасаң, саясат сенімен айналы­са­ды» деген сөзді журналистер жиі жазып жататын. Байқап отыр­сам, сол cөз рас  екен. Сексеннен асқан жасыңда дүние сөзін көп сөйлемей-ақ, шығар­машылық­пен шамаң келгенше ғана ай­на­лысып,  жаныңды кү­тіп жүргің келеді. Сонда да сөй­лемесіңе қоймайтын жағдайлар болады екен. Әсіресе, еліңнің келешек тағдырына қатысты тұр­лаулы шешім қабылдануға тиіс тұста үндемей қалсақ, сөз атасын өл­тіретін сияқтымыз. Абай атамыз айтқандай, «Әй­теуір ақсақалдар айтпады деп жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық».

Сонда мені қолға қалам ал­дыруға мәжбүр етіп отырған не?

Сайлау. Президент сайлауы.

Біз сайлаудың неше түрін көрген адамдармыз. Бала күні­міз­де сайлау деген кәдімгі бір мерекедей болатын. Мерекедей болғаны емес пе, сол күні туған ұлдарға Сайлау, Сайлаубек, қыз­дарға Сайлаугүл деген сияқты есімдер беріп те жататын. Со­ғыстан кейінгі елуінші, алпы­сын­шы, жетпісінші, сексенінші жылдардағы сайлаулардың бәрі бір-бірінен айнымайтын. Бір округ бойынша «Коммунистер мен партияда жоқтардың мыз­ғы­­мас блогынан» бір ғана кандидат ұсынылады. Оның сай­лауалды бағдарламасын ауыл-ауылдағы мектеп, кітапхана, кеңсе сияқты көрнекті жерлерге жапсырып қоя­тын. Оны оқып, талқылап жат­қан ешкім жоқ. Өйткені, оны­мен таласатын ешкім жоқ. Содан сайлау болатын күні бір­де­ңеден құр қалатындай таң азан­нан тұрып алып, әке-ше­ше­леріміз сайлау учаскесіне кететін. Бірауыздан дауыс беріп келетін. Кейін біз де сөйттік. Кейін өзіміз де ат жалын тар­тып мініп, азамат болдық, ел кө­зіне түстік, қалалық, облыс­тық кеңестерге, бара-бара Жо­ғар­ғы Кеңеске де депутат бол­дық. Жалғыз өзіміз тү­сіп, бәй­ге­ден «дара» келетінбіз. Бұл жағ­дай «қайта құру» бас­тал­ғанда ғана өзгерді. Өзгер­ген­де де қатты өзгерді. «Альтернатива» деген шықты. Бір орын­ға он, тіпті одан да көп адамның ұсынылуы қалыпты жайға ай­налды. Кандидаттардың бір-бі­рін беттен алып, жаға жыр­ты­суына да жұрттың көзі үйренді.  Нағыз тартыс сонда болды.  Құдайға шүкір, ол сайлауда да бағым жанып, КСРО Халық депутаттары съезінде ел атынан бірнеше рет сөз де сөйледім. Сөйтіп жүріп ол кезеңнен де өттік. «Демократияның бала­лық ауруынан» айыққанымыз тәуел­сіздіктің таңсәрі шағында жақ­сы танылды. Егемен елі­міз­дің Тұң­ғыш Президентін сай­лай­тын тұс­та халқымыз асылды айныт­пай ажырататын ардақты дәстү­рі­не беріктігін көрсетті. Ел ба­ғына туған ерге – Қазақ­станды өте бір күрделі кезеңнен аман-есен алып шыққан, көп тілді, көп дінді жұртты дау-шарға ұрын­дырмай, бір үйдің бала­сын­дай, бір қолдың сала­сындай тату-тәтті жағдайда, тұтас күйде тәуелсіздікке жеткізген Нұрсұл­тан Назарбаевқа толық сенді.

Содан бергі жиырма жылға жуық уақыттың ішінде Нұрсұл­тан Әбішұлы ел сенімін абы­роймен ақтаумен келеді. Еліміз небір қиын-қыстау кезең­дер­ден аман-есен өтті, ХХІ ғасыр­дың алғашқы онжылдығының со­ңына дәулетіне сәулеті сай, бү­кіл әлем білетін, білетін ғана емес-ау құрмет тұтатын ел болып жетті.

Бұл жағын енді көбейтіп, та­ра­тып айтып жатпай-ақ қояйын. Әйтпесе, сөз санап, сөйлем сы­ғалап отырғандар мені Назар­баев­тың сайлауалды үгітін жүр­гі­зіп отырғандай көруі де мүм­кін. Нұрсұлтанға ондай үгіттің қажеті де шамалы. Мына сүттей ұйыған ел, түбегейлі өзгерген жер, сол жердің төсінде бой көтерген мың сан құрылыстар, салынған жолдар, тартылған құ­бырлар, қазылған каналдар, ат­қы­лаған мұнай мен газ, жылдан-жылға өсіп келе жатқан жалақы, зейнетақы, шәкіртақы, халық­тың орташа өмір сүру жасының артуы, өлімнің азаюы, туудың көбеюі… – осының бәрі Назарбаев кандидатурасын қолдауға өзінен-өзі жұмыс істеп тұр. Ең бастысы – ел аман, жұрт ты­ныш. Осы 20 жылдың ішінде қазақтың даласында соғыс оты атылған жоқ, қазақтың баласы да, басқаның баласы да қантөгіс өртінің шарпуына шалынған жоқ. Жақында Маралтай деген талантты жігіттің бір өлеңін оқыдым. Былай депті:

Қанша құмар болсаңдар да даңққа,

Тас лақтырып, күл   шашпаңдар алыпқа.

Ең данышпан ұлы патша  сол патша –

Оқтың даусын естіртпесе халыққа!

Айтқан-ақ қой. Назарбаев ха­­лыққа оқтың даусын естірткен жоқ. Біз бейбіт күннің бағасын білуге тиіспіз.

Назарбаевтың мемлекет бас­қа­ру өнерін бүкіл әлем мойын­дап отыр. Оны көрмеу – көрмес түйені де көрместің кебін кию. Менің айтпағым ол емес. Менің айтпағым сайлау алдындағы қазір қалыптасқан жағдай.

Газеттерден көңіліме қонған мақалаларды қиып алып, сақтап жүретін әдетім бар. Сондай­лар­дың бірі «Егемен Қазақстанға» алдыңғы жылы шыққан сұхбат – бәріміз ат үстінде жүргенінде ғана емес, аттан түскенінде де аузы­на қарап, қатты қадірлеп-құрметтеген, өмірден өткеннен кейін де халық көңіліндегі биік тұғырында тұрған асыл ағамыз Бәйкен Әшімовтің соңғы сұх­ба­ты. Жақында тағы бір қайтара оқыдым. Жарықтық бәрін айтып кеткен екен ғой. Өзінің өмірін де әсерлі әңгімелепті, елдіктің мә­се­лелерін де жеріне жеткізе көте­ріпті. Мына қазіргі жағдай­ды да алдын ала ескертіпті ағамыз.

Бәйкен Әшімұлы сол сұхбатында былай депті: «Екі тізгін, бір шылбырды қолына еркін бергеннің арқасында, ел бастаған еріміз деп бүкіл халық болып сенгеннің арқасында, аза­матымыз алға апарады деп со­ңы­нан ергеннің арқасында Нұр­сұлтан Әбішұлы елдің көшін бір белестен бір белеске биіктетіп алып бара жатыр. Ана талапты сақтаймыз, мына жердің көңі­лі­нен шығамыз деп жүріп, саяси тартыстарды қолдан ұйым­дас­ты­рып, көш қарқынын қолдан кідіртетін, сөйтіп дағдарыстан кейінгі дамуды ойластырып жат­қан, соны жүзеге асырып жатқан елдің есін кетіретін, халықты текке ырың-жырың ететін, жа­сам­паздық істен алаңдататын қа­дамдардың ешқайсысының да қажеті жоқ. Елдің тізгіні Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолында барынша ұзақ болуы үшін біз қолда бар мүмкіндік­тердің бәрін де жасауымыз керек. Өзіміз үшін жасауымыз керек. Болашағымыз үшін жасауы­мыз керек. Елбасы өкілеттілігін ұзарту Парламент шешімімен жасала ма, әлде бүкілхалықтық референдум арқылы шешіле ме – ол жағын заңгерлер, саясаткерлер анықтай жатар. Бірақ, қа­лайда мынандай жауапты шақта жауапты шешім қабылдауымыз керектігі сөзсіз. Ұлттың ұлы мұраттарын бәрінен биік қоятын ел екенімізді білдіргіміз келсе, солай еткеніміз дұрыс.

…Тоқсаннан жасы асқан мына маған енді ештеңенің де керегі жоқ. Тек елдің тыныш­ты­ғы, жердің бүтіндігі, ердің мерейі керек. Соның бәріне хал­қы­мызды жұмылдыратын, алыс асқарларға ұмтылдыратын Азамат бізде бар. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның бастауымен біздің алар асуларымыз әлі алда. Елбасы­мыз­дың бергені көп, берері одан да көп. Нұрсұлтан қазір нағыз кемеліне келді. Қай жағынан да. Қан­дай биіктен қарағанда да. Азамат­тың тілеуін тілейік, ағайын! Тілеуін тілеу деген ең алдымен Елба­сымыз бастаған ұлы іске тірек болудан, қолдау көрсетуден таны­луы тиіс. Ежелден елдікті ерекше қадірлеген халқымыздың мемлекет мұратын бәрінен жоғары қоя­тынына мен сенемін».

Нағыз абыз ақсақалдың амана­ты емес пе бұл сөздер, ағайын­дарым-ау?! Бұдан артық қалай айтуға болады?

«Мына қазіргі жағдайды да алдын ала ескертіпті» дегенде мен осы президенттік сайлаудың, Бәй­кен аға айтқандай, елдің есін кетіретін, халықты текке ырың-жы­рың ететін, жасампаздық істен алаң­дататын» шаруаға айна­лып кетпеуіне алаңдап отырмын. Сексеннен жасы асқан мына маған да енді тек елдің ты­ныш­тығы керек. Жасарымды жаса­дым, көрер құр­метімді көрдім, бәріне тәубе. Біз­дің халқымыз ежелден ел баста­ған ерді ерекше қастерлейтін, ел бастаушының қыз­метін де бөлек­ше құрметтей­тін. Мына сайлау­дың алдындағы жағдай еліміздің осы дәстүріне де сызат түсе бастағандай әсер қалдырады.

Олай демей қалай дейін енді? Жап-жақсы бастама көтеріліп еді. Бүкілхалықтық референдум өткі­зіп, оның күн тәртібіне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілет­тігін 2020 жылға дейін ұзарту мә­селесін елдің талқысына салу жө­нінде. Бастаманы халық қолдап әке­тіп еді. Референдум деген ха­лық­тың еркін білдірудің бір түрі. Сайлау да соның бір түрі. Референдумда да мәселені халық таң­дауы шешеді. Халықтың басым бөлігі қолдаса – президенттік өкі­леттік ұзартылатын еді, қолдамаса – ұзартылмайтын еді. «Назарбаев Президент болып қашанғы отыра береді, көп мәселе шешілмей жатыр, соны шешетін, лайықты басқа адам бар» деп санасаңыз бюллетеньдегі «жоқ» деген тұсқа белгі қоясыз. Бәрі де ап-айқын емес пе? Тіпті референдум өткізу керек те көрінген. Маған салсаңыз, жеке пікірімді айтар болсам, сол референдумның өзі дұрыс еді. Бұл мәселені референдум жолымен ше­шкенімізде халқымыз он жыл бойы жасампаздық жұмыспен алаң­­сыз айналысар еді. Бірақ, біз мына әлемде жападан-жалғыз емес­­піз. Дүниенің, әсіресе өр­ке­ниет­ті дүниенің өз заңдылықтары бар. Кеше ғана ЕҚЫҰ-ға төраға­лық еткен, демократияны даму­дың даңғыл жолы ретінде ұста­нып отырған біздің еліміз ол заң­дылықтарға, сөз жоқ, бағынады. Сондықтан да Елбасымыз осы мәселеге өте терең қарап, бола­шақ­тағы президенттерге жағым­сыз прецедент жасамауды мақсат тұтты, Ата Заңға құрметпен қа­рау­дың үлгісін көрсетті. Миллион­даған адамдардың референдумды қолдаған пікірін де ескерусіз қалдырмады. Қиын түйінді дана­лық­пен тарқатты. Өзінің өкі­леттігі екі жылға шегерілетініне қарамастан, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөнінде шешім қабылдады. Дұрыс жасады. Әйтпесе, әлемдік қоғамдас­тық­та­ғы түсініспестікті былай қой­ғанда, ішіміздегі оппозицияның өзі-ақ «референдум арқылы өкі­лет­тігін ұзартып алды, баламалы сайлауға түскен жоқ» деген сияқты айыпты бетіне баса беретін еді.

Иә, Елбасымыз дұрыс жасады. Ал біз дұрыс жасап отырмыз ба? Ойланайықшы. Осы қазір сайлау­ға байланысты не істеп жатырмыз өзі?

Орталық сайлау комиссиясы жариялаған тізімді қарап отыр­сам, президенттікке үміткер 22 адамның 18-і өзін-өзі ұсы­ну­шы­лар екен. Түнде түс көріп, түсі­ңіз­де өзіңізді Президент орынта­ғын­да отырғандай елестетсеңіз бол­ды, таңертең барасыз да тиісті тәр­тіппен Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті сайлауына кан­дидаттыққа үміткер болып тіркеле саласыз… Бәрі заңды. Формасы – «өзін-өзі ұсыну». Енді қалғаны Лингвистикалық комиссияның сы­нағынан өту, одан өтсеңіз жақтас­тарыңызды жауып, тамыр-таныс­тарыңызды тартып, ағайын-туған­ды аралап жүріп тиісті қолдау­шы­лар қолын жинап шығу, орысша айтқанда, «дело техники». Содан кейін Қазақстан Президенті сай­лауына түскен адам ретінде тәуел­сіздік тарихына енесіз, немере, шөберелеріңіз «Біздің атамыз кезінде президенттік сайлауға түс­кен кісі екен» деп мақтан етіп, атыңызды аңызға айналдырады. Және бәрі рас. Ғажап!

Сүйегі қатайып кеткен егде жастағы кісілер демократияның талаптарын толық ескере бермейді деп кінәласаңыз кінәла­ңыз, ағайын. Әйтсе де мен, басқа-басқа, дәл президенттік сай­лауға келгенде осы  «само­вы­дви­же­ние» дегенді қолдай қоймаймын.

Күнде теледидар қараймыз, күнде газет оқимыз. Саясат сайы­сына кімдер түскелі жатыр екен деп елеңдейміз. Шыны керек, көбіне-көп қарадан қарап отырып қарның ашады. Тіпті бар ғой, намысың келеді. Өмір­дің үлкен мектебінен өту, бас­шылық жасау тәжірибесіне ие болу тұрмақ, қарақан басын зор­ға алып жүрген адамдардың, жұ­мыссыз бос жүргендердің  пре­зиденттікке түсемін, жеңіп шық­сам мынаны, мынаны жа­сай­мын дегендеріне не күле­ріңді, не жыларыңды білмейсің. Сайлау туралы заң өзін-өзі ұсынуға мүм­кіндік береді екен деп осын­шалыққа баруға бола ма?!

Ана жылғы президенттік сайлау кезінде марқұм Жарас­қан ақынның бір топ эпиграм­малары газетке шыққаны есімде. Президенттің өзінен бастап кандидаттардың бәрін бір-бір шымшылап өткен еді. Сонда мұнай саласында жұмыс істейтін бір жігітке жазған эпиграм­масының соңғы екі жолы есімде қалып қойыпты. «Әрине, жақсы кәсіп – мұнайшылық, сонда да болу керек құдайшылық»… Рас қой. Құдайшылық болу керек.  Шын мәнінде, өзіме салса, қазіргі сайлауда кандидаттыққа тіркелгелі жүргендердің арасы­нан саясаттың ыстық-суығын көрген, биліктің де баспал­дақ­тарынан өткен, айтса аузынан, істесе қолынан келетін деп тек Ғани Қасымовты айтар едім. Журналистерге қазақша сұхба­тын жөндеп бере алмай жүріп, тіл сынағынан қалай өтіп кетті десем, бұл жерде де оның кәнігі саясаткерлігі танылған екен. Өзінің шамасына қарап, қысқа-қысқа сөйлемдермен, тақ-тұқ етіп жазып, әріп қателерін аз жіберуді алдымен ойлапты. Айла­ның өзі де ақылдың бір түрі ғой.  Ең бастысы – Ғани Қасымов маған билікке қарсы электорат та қолдау көрсетеді деп отыр. Мейлі. Бұл арқылы да біздің азаматтарымызға таңдау мүмкіндігі көбейе түседі.

Мен президенттікке канди­дат­тыққа түсіп жатқан адам­дар­дың қадір-қасиетіне тоқталғым келмейді. Ешқайсысының да атын атап, түсін түстемеймін. Алда-жалда біреу-міреуі «жеке басыма тіл тигізді» деп арыз­дана қалса, сотқа сүйреленіп жүрер жағдайым жоқ. Бірақ осы елдің бір азаматы, депутат та болған, министр де болған, өмір көрген кісі ретінде қазір сай­лауға түсуден үміт етіп жүрген азаматтардың кейбіріне: «Ай­налайындар, әлі де ойланыңдар, айналамен ақылдасыңдар, көк­тегі айға қол созып, өздерің де күлкі болмаңдар, президенттік сайлаудың да бағасын түсір­мең­дер, елдің қазынасын текке рәсуа етпеңдер, шамаларыңды қарап, ыңғайы болса өз кан­дидатураларыңды тағы да сана­ның сарабына салып салмақ­таңдар, өз мүмкіндіктеріңді өл­шең­дер», дегім келеді. Осылай деу заңға томпақтау болса да айтып отырмын.

Заң демекші, қатып қалған ештеңе жоқ. Жайы келсе қол­да­ныстағы заңнамаларды қайта қарап, өзгерістер мен толық­ты­рулар жасап, биылғыдай жағ­дай­ды болдырмаудың алдын алу­ға әбден болады деп ойлаймын.

Кандидаттарды қолдаушы­лар­дың қолын жинайтын аза­мат­тарға да тілегім бар. Олар да бұл жауапты іске барынша жауапты қараса деймін. Жұрт­шы­лық та қолдау парағына қол қоярда әй бір қызық болсын, өзінің талайынан көрер, жолына кедергі тұрмайын демей, көңіл­жықпастық көрсетпей, бұл іске ел­діктің бір сынағы ретінде қарауға тиіс.

Тақты тәлкек етуге бол­май­ды. Елдегі ең басты, ең лауа­зым­ды қызметтің қадірін тү­сіруге жол бермеуіміз керек. Хадисте «Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі» деген сөз бар. Ел басшысының біздің өміріміздегі орнына сондайлық құрметпен қарағанымыз жөн. Ол үшін осы қызметке сайланудан үміт ету­дің өзіне талап­шыл­дық таныт­қа­нымыз абзал. Сонда ғана ел ертеңіне жауап­ты ұрпақ екенімізді көрсетеміз. Өз басым халқымыздың 3 сәуір күні елдік қалауын жасай­ты­ны­на сенемін.

Президент сайлауы бәріміз үшін ортақ сынақ – парасат сынағы екенін ұмытпайық.

Арзандамайықшы, ағайын!

Еркеғали РАХМАДИЕВ,

Қазақстанның Еңбек Ері.

(«Егемен Қазақстан» газеті, 25 ақпан 2011 жыл).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button