Әлима ақын хақындағы тың деректер

Әлима Қабылқызының туғанына — 150 жыл
Ақын Әлима Қабылқызы Шалқар жерінде туып-өскен. Балғын балалық шағын табиғаты әсем Ұлы Борсық құмының бір бөктері — Жіңішкеніңбойында өткізген.Әкесі Қабыл байлығы тасыған бақуатты адам болған деседі.
Қабыл байдан үш бала туған. Тұңғышы — Әлима, алұлдарының есімдері—Әбді менЖапар. Әбдіжастай қайтыс болған, соңында ұрпағы жоқ. Жапардан туған Бисен1938 жылы қаңтарда «байдың баласы» деген желеумен айдалып, содан хабарсыз кетеді. Бисеннің баласы ӘпуҰлы Отан соғысының ардагеріеді, 2002 жылы дүниеден өтті. Ол кісі Әлима ақын жөнінде маңызды дерекқалдырып кетті.
Жалпы, ақын жайлы ертеректе және бертін келе жарық көрген дүниелер аз емес. Онда Әлима ару өзі ұнатқан жігітіне қосыла алмаған, әйел теңсіздігінің құрбаны болған жан ретіндебейнеленедіжәне кейбір тұста түрліше топшылау да айтылады. Мысалы, Қоңырат жағынан келіп некелескен адамын бірі«жасы келген бүкір Құрманбай» еді десе,келесі бір зерттеуші: «Бір жолы Қоңыратқа базарлап кеткен әкесі (Қабыл)сол жақта ұшырасқан бай саудагерге өнерлі қызын оңай қиып, көп әйелдің бірі ретінде бермекке келіскен-ді. Бұл жасы келген, бірақ орасан дәулетті Отарқұл атты оясыз, топас бай болатын»— дейді.Ал елдегі ұнатқан адамының есімі бірдеСадық, енді бірде Шорааталады. Зерттеушілер ақынның туған-өлген жылдарын да нақты айта алмай, «өмірден ерте кеткен» деп жорамал жасап келген еді.
Әлима сөзі жинаусыз, зерттеусіз қалған ақын емес.«Ақтөбе» энциклопедиясында «Әлиманың зары»атты өлеңді Әлима Қабылқызы шығарған деп көрсетілген. Бүгінге дейін жарыққа шыққан, ел аузында сақталған басқа да өлеңдері бар, яғниол — өз өмірінің тарихын өзіөлеңге қосып,қалдырып кеткен ақын.
Былай деп жырлайды:
Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық,
Бәйгеден ат келеді, бауырын жазып.
Кешегі елден кеткен Әлима апаң
Жіберді туған жерге өлең жазып.
Біздің ел Жіңішкеден көшкен шығар,
Жағалай Жыландыға қонған шығар?
Қабекең Бәтекеңді бір жібермеді,
Білместік баласынан болған шығар?
Малға жай айналасы Көкжиденің,
Ата-анам, жастайымнан көп биледің.
Қыз болып азғана күн көрген дәурен,
Баяны болғаны жоқ бұл дүниенің.
Өтерін жастығымның біле алмадым,
Білгендер айтып еді, тіл алмадым.
Көңілі ата-анамның қалар-ау деп,
Ыржаңдап біреулермен күле алмадым.
Ақ қандай, жерім қандай, елім қандай,
Кермеқас болып тудық, жазық маңдай,
Салқын үй, сапырулы қымыз ішіп,
Ішінде жатушы едік ұйқы қанбай.
Керуен кіре айдайды қатар-қатар,
Жолына Қоңыраттың шектім сапар,
Адамға асылық сөз бекер екен,
Әр жердің,Құдай айдаса, дәмін татар.
Сары ойдың қамшым қалды қабағында,
Сұлудың бір белгісі тамағында.
Аққудай қалықтаған Әлима едім,
Қор болдым Қоңыраттың шабағына.
Қамқа тон жарасады қағылғанда,
Құдай жар бола көрсін жаңылғанда,
Елімнен шыққаныма бір жыл болды,
Бәтеке, бір келсейші сағынғанда.
Жүк арттым көшкенімде қара нарға,
Зер салып кидім бөрік қамаларға.
Жолдаймын өлеңменен мұң-зарымды,
Сағынып ауылдағы балаларға.
Басында керегенің бөркім қалды,
Жайнаған гүл-шешектен көркім қалды.
Бұл күнде мен бір жүрген еріксіз жан,
Елімде жастығым мен еркім қалды.
Бұл күнде ата-анама налып жүрмін,
Бойымды көтере алмай талып жүрмін.
Жөнекей Байқадамнан елге қашып,
Сол жолы бозжорғаны зорықтырдым.
Жол шегіп Қоңыратқа Шыңнан астым,
Қалдың ғой обалына мендей жастың
Күйеуге әкем берген көңіл толмай,
Сол үшін жары жолдан кейін қаштым.
Еліме жете алмадым қашқанменен,
Құс болып ұшар едім аспанменен,
Ойыма үш қайнаса кірмеген ед,
Баласын осылайша тастар деген.
Ауылым Қызылжардың жағасында,
Дұшпанның қалып жүрмін табасына,
Тілекті қыз сұраған құдай беріп
Шалқардың барар ма екем қаласына?
Күйеуім ұрып-соғад «көнбедің» деп,
Өкінем ерте неге өлмедім деп.
Өкпемді, әке-шеше, саған айтам,
«Әлимаң зар жылауда, келмедің» деп.
Бұл өлеңді журналист Тілеужан Шойғарин 1970 жылдың ақпанында Қоңыратқа барған сапарында, жыршы-жырау Емберген ақсақалдың аузынан жазып алған.
2017 жылы «Шалқар» газетінің 30 қарашадағы санында — «Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық», ал2018 жылы «Aна тілі» газетінің 24 қаңтардағысанында «Қоңыраттан жеткен ән»атты мақалалар жарық көрді. Осы мақалалардағы деректергеназар аударсақ: «Жақында Шалқар ауданындағы Бегежан Сүлейменов атындағы орта мектептің тарих пәнінің ұстазы Сәлима Ермекбайқызының 2000 жылдардың бас жағында жазып алған бейнетаспасына қолымыз жетті. Бейнекөріністегі 1923жылы дүниеге келген Қабыл байдың шөбересі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әпу Бисенұлы мен оның зайыбы Сағия Аманжолқызының (марқұмдар) Әлима апасының тағдырын баяндаған тамаша әңгімесіне куә болдық. Бұлар Бисеннің (Қабыл байдын немересі)1938жылы қаңтар айында «байдың баласы» деген желеумен айдалып кеткенін баяндайды, «содан хабар жоқ» дейді. Әпу: «14-15 жас шамасындағы баламын, жалаң аяқ, жалаң бас қаңғырып жүргенімде, Көптілеу деген нағашым, руы қаражон табын, мені тауып алып, Арал арқылы пароходпен 2 тәулік жол жүріп, Қоңыратқа алып келді. Сол жолы нағашымды армияға шақырған екен. Содан аудан орталығы Шер Мойнақтан Әлима апамды іздеп тауып алдық. Бойшаң, аққұбаша, қой көзді, 70 жасқа келген кемпір екен… Көрісіп жылады. Жездеміз Ниязбек теденелі, ірі адам, руы —кішкене шектітатран күлік. Бөгенбай, Сәлік деген екі баласы бар. Бөгенбай бөлек үйде тұрады.Үйінде болғанмын, тауық сойып берді, бекіренің дәмін де сол жақта көрдім, кәсіптері бекіре аулау екен», — дейді.
Тағы да: «Мен бір айдай апамның ауылында жаттым. Қырқүйек, қазан айлары болуы керек. Әңгімелестік, өлең туралы сұрағанымда: «Қарағым, өлеңнің уақыты болды ғой, үндеме, неғыласың..!» — деді апам. Апамның барған жұрты да нар айдаған күйлі жер. Ат орнына аруана үлек атан мінеді екен. Біраз күн демалған соң артынып-тартынып, соңғы бір пароходқа отырып, елге қайттым. Апам шығарып салды. Мен 1942жылы соғысқа түстім. Әлима апамды соңғы рет көргенім сол жылы», — дейді.
Сәлима Ермекбайқызының: «Әлима апаның екі баласынан қалған тұқым бар ма?» — деген сұрағына Сағия апа: «Оны білмедік, Бөгенбай өлді деп хат келді ғой», — деп жауап берген»— дейді.
Ендеше, ақын апамызды «жастай өмірден озды» деген әңгіме бекер болды. Артында ұрпағы бары, Қоңырат жеріндегі некелескен адамы «бүкір шал Құрманбай» да,«дәулетті бай саудагер Отарқұл» да емес,«кішкене шекті күлік руынан Ниязбек» деп астын сызамыз».
Сондай-ақ 2018 жылғы Қоңырат жеріндегі іздестіруге тоқталайық. Бізге өзбек еліндегі Қарақалпақстан мен Ақтөбенің арасы — алыс жол, ал миллиондаған халықтыңішінен Әлима ападан қалған ұрпақты іздестіру бір мая шөпке түскен инені іздегенмен бірдей болып көрінетін. Дегенмен әр ниетке жоғарыдан назарын салып тұрған жебеуші бар деп ойлаймын. 2018жылықыс өтіп, жаз шыға қызмет орнымМаңғыстау жеріне ауысып,Қоңыратқа біртабан жақындадым. Маңғыстау бекетінен шығып, Бейнеу арқылы Нөкіске қатынайтын жолсеріктер — Жанұзақ Өтесінов пен Қуанышбай Елдібаевқа өтініш айтып, ақын апамыздың ұрпақтарын іздестіру жұмысына көмек сұрадым. Мамыр айының 12-сі күні Жанұзақ пен Қуанышбай Нөкіс бағытына жұмыс сапарымен жүріп кетті. Ішімізден «сәтін салғай» деп тіледік. Әлима ақын туралы тың деректер табылуы әбден мүмкін деген ой санамыздан бір кетпей қойды. Сәті түскенде, арада екі тәулік өткен соң, 14мамыр күні Жанұзақ бауырымыздан жақсы хабар келді. Онда «Қоңырат локомотив депосының техникалық бөлімінде қызмет жасайтын Ешниязов Сұлтанай Үргенішбайұлы деген 1955жылғы тумаңыз табылды» делінген. Әлима апаның Бөгенбай (1898-1968 жж.) дейтін баласынан үш қыз қалған екен, үлкені Сарбике 1928жылғы (1926 жылғы деп те айтады), қазір Қазақдарияда, ортаншы қызы Шолпан 1932 жылы туып, 2009 жылы өмірден өткен, ал кенжесі Ұлмекен1947жылғы, Мойнақта тұрады екен. Сұлтанай Ешниязов Шолпанның үлкен баласы болып шықты.
Мойнақта бейнетаспаға түсірілген әңгімедеҰлмекен апаНиязбек ата мен Әлима әжесінен 2 ер, 4 қыз балаболғанын айтады. Балаларының үлкені — Мамық, Жазық есімді қыздар. Тете екі ер бала —Бөгенбай, Сәлік, одан соң Қалбике, Сырғабике есімді қыздары бар екен. Олардың бәрі де бақилық болған. Қазір үлкендерден Жазықтың (1896-1936жж.) үлкен баласы Жылқыбай бар. Ол сол кезде 86 жаста (кейіннен 90 жаста екені анықталды), Шахаман деген жерде тұрады. Үрім-бұтағы көп, өзі кемпірімен Алматыдағы балаларына қонаққа кеткен екен. Кенже қызыСырғабикенің (1912-2005жж.) Ермек деген баласы Тақтакөпірде тұрады, оны Ұлмекен апа «1937жылғы болуы керек» дейді.
«Әлима әжеңіздің төркіндерінен бұрын-соңды хабар алып тұрушы ма едіңіздер?»— деген Жанұзақтың сауалына апа: «60-жылдары Қазақдарияда оқып жүргенімде, Қызылордадан ба, әлде Шалқардан ба:«Әлима апаның ұрпақтары бар ма?»— деп, іздеу қағазы келді, білем… Мойнақта біреулерден беріп жіберген. Онда мен жаспын, жауап қайтаратындай дәрежеде емес едім. Әлима әженің руы қабақ болуы керек. Мұны есіме сақтадым, ұмытқан жоқпын», — деді.
Әңгімеге Сарбике апаны да қосқан. Ол тосаңдау еститін болса керек, Ұлмекен апа дауысын шығарыңқырап мән-жайды баяндады:
— Елден Әлима әжемізді інілері іздестіріп жүр. Еске алып, 150 жылдығын өткізгілері келеді. Осы кісілерді мән-жайды анықтасын деп жіберіпті. Өтептің (толық аты — Өтепберген,90-ға жақындаған; аталастық жағынан Ниязбек жездемізге туыс болып келетін адам) баласы Ербол арқылы Сұлтанайға шығып, біздерді тауып алып отыр. Әженің інісі Мұздыбай деген бала Үлкен апаны сөйлетіп, суретке түсіріп әкел деп тапсырыпты…
Мұны естігенде Сарбике апа сенер-сенбесін білмей біраз абдырап қалады. Қаншама жылдардан кейін әжесін іздейтін адамдар шығадыдеп ойламаған ғой…
Жанұзақ сөзді жалғастырып, дауыстаңқырап:
— Әлима апаны көріп пе едіңіз? — дегенде, Үлкен апа көзінің жасына ерік берді.
— Көрдім, неге көрмейін, емшегін емген жоқпын ба?.. — деді.
Біраздан соң өз-өзіне келіп, сөзін бастады:
— Бөгенбай кемпірімен ана жақта (Қазақдарияда) қалатын… Біздер — әжем, көкем, мен үшеуміз Тоғызтөреге жайлауға кететін едік. Түйеміз болды, қой-ешкілеріміз болды. Әжем ұрыс жылдары қайтты, ал көкем ұрыстан кейін — мен 1947жылы осы үйге (келін боп) келгенімде ме, әлде бір жылдан соң ба — қайтты… Тоғызтөредегі қорымда төртеуі қатар жатыр ғой, — деді.
Төртеуі дегені — әжесі Әлима (1872-1944 жж.), атасы (көкесі) Ниязбек (1872-1947 жж.), әкесі Бөгенбай (1898-1968 жж.) мен оның інісі Сәлік (1902-1951 жж.).
Сарбике апаның жасы 90-нан асқан екен. Осы хабарларды есіткеннен кейін мен не де болса, ол кісімен тезірек жүздесуді мақұл көрдім. Мамыр айының 19-ында Қарақалпақстанға аттандым.
Ал 21 мамырда Қазақдария ауылында болған кездесу туралы айтсам: біз Үлкен апаның (Сарбике) үйіне келіп түскенімізде, есік алды толған адам қарсы алды. Бізді көптен білетіндей, хал-жағдайымызды сұрап, шүйіркелесіп, ілтипатпен үйге шақырды. Төрде отырған Үлкен апаның қолын алып, амандастым. «Көкем әжемнің теңі емес еді ғой», — деп, менің қолымды ұстаған күйі көңілі босап,біраз отырып қалды. Қаумалаған ағайын сабырға шақырып, басу айтты. Апаның үлкен қызы Рахима қалжыңдап: «Сіздердің қамшыларыңыз тиген болуы керек, осы 2-3 күн бойы жеңешем алаңдап, ұйықтай алмапты. Әжемнің інілеріне қонақасы береміз деп, біраз мазасызданыпты», — деп күліп қояды.
Сөз арасында: «Әжеңіз қандай адам еді?» — деп сұрадым. Үлкен апа дауысын жай ғана шығарып: «Несін айтасың!.. Елге қонақ келсе, бірінші біздің үйге түсетін. Ақылдасатын шаруалары болса, оны да біздің үймен ақылдасатын», — деді. «Иә, қонақ күте білетін, қазаны бар әулеттен шыққан Әлима апа емес пе еді?» — деген ой келеді маған.Дастарқаннан дәм алған соң Өтеп (Өтепберген) ақсақал бата қылды. Одан соң бейіттің басына барып қайтқанды жөн көрдік. Қазақдарияның күншығыс жағын бетке алып, жеңіл көлікпен жүріп кеттік. Ел аузында қалған (Әлима аруғабайланысты) аңыз әңгімелерді айтып келемін. Сәлден соң жанымда отырған Өтеп ақсақал тоқта дегендей иығымды басып:
— Мен бір әңгіме айтайын, тек сіз ренжімесеңіз, — деді маған бұрыла қарап.
— Әрине, аға, айтыңыз, бұл жерге сол шындықты білу үшін келдім ғой, – деймін.
— Онда былай, — деді сөзін жалғап. — Ақмамбет деген үлкен атамыздан екі ер бала болған. Үлкені Бегімбет мына әулие Қарақұм ишан мешітінде (Шахаман ауылының күнбатыс жағындағы Қарақалпақстанға белгілі мешіт) софы болған, інісі Бекпан (Ниязбектің әкесі) — қарапайым шаруа, аңшылықты кәсіп қылған адам. Әжеміздің әкесі бір бай кісі (Қабыл байды айтады) екен, Бекпан атамызбен киік аулап жүріп кездесіп, танысқан, келе-келе дос болып кетіпті. Бір күні бәйбішелері бала көтеріп, екеуі өзара уәделесіпті. «Егер бірімізде ұл, екіншімізде қыз бала болса, белқұда боламыз», — депті. Содан біз жақтан Ниязбек әкеміз, сіздер жақтан Әлима әжеміз дүниеге келіп, екі дос баталасыпты. Балалар есейіп, күндердің бір күні Бекпан атамыз уәде бойынша досының ауылына келеді. «Келінімізді алып кетеміз», — дейді. Оған бай да, бәйбіше де үндемейді. Ал ағайындары: «Қызымызды бере алмаймыз», — деп, кейін қайтарады. Содан болған жайды естіген ағасы Бегімбет: «Не болғанда да, алып қайтуымыз керек», — деп, Ниязбек әкеміздің қасына мықты, қарулы деген жігіттерді ертіп, екінші рет байдың ауылына барады. Бай тағы да бұрынғы жауабын береді. «Уәде — Құдайдың сөзі» екенін айтып, екі жақ дауласуға дейін барады… Әжемізді солай әкелген екен. Бірақ Әлима әжеміз Ниязбек атамызды менсінбеген. Әжеміздің артынан 5-6 салт атты қуғыншы шыққан екен, оларды Бегімбет атамыз тосып алып, сөзге шебер адамның не айтқаны белгісіз, әйтеуір,кейін қайтарыпты. Ал жарты жолға келгенде тағы бір қиындыққа ұшырайды: әжемізкейін қарай қашады. Оның мінген аты ұшқыр, жүйрік екен,біз жақта оған жете алатындай ат болмапты. Софы атамыз абдырап, біраз тұрып қалады. Бар тапқан амалы — Құдайға жалбарыну болса керек. Екі қолын жайып: «Енді елге қай бетіммен барамын?» — деп тұрғанда, әлгі көз ұшында зымырап бара жатқан ат кенеттен сүрініпқұлайды. Сондай қиындықтардан өтіп, елге жетіпті.
Ал ақынныңжоғарыдағы өлеңі былай деп келеді:
Жол шегіп Қоңыратқа Шыңнан астым,
Қалдың ғой обалына мендей жастың.
Күйеуге әкем берген көңіл толмай,
Сол үшін жарты жолдан кейін қаштым…
Сонымен, Қоңырат жерінде жүргізген жұмыстарымыз нәтижелі болды. Көптеген деректер табылып,ақын ұрпақтарының әр кездері түскен суретін алдық. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болдық. Сол жылдың қазан айында қайта барып, Бесқаланың Тоғызтөре қорымындағы ақын апамыздың бейітіне «Жарас мерген Пұсырманұлы» қоғамдық қорының атынан белгітас қойдым.
Сонымен бірге белгілі қазанғаптанушы, күйші, өнертану ғылымының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Абдулхамит Райымбергеновтен де біраз дерек алдық. Атақты Қазанғап күйші «Әлиманың бозжорғасы», «Бозторғай» атты еңбектерін ақын апамызға арнаған екен.Бұл күйлер нотаға түсіріліп, тарихы да жазылған. Абдулхамит Райымбергеновтің жеке архивінен Әлима Қабылқызының суретін алдық, оны да осы мақаламен бірге ұсынып отырмыз. Біздіңше, бүгінгі көп оқырман ақынның суретін бұрын-соңды баспа бетінен көрмеген болса керек. Қолдағы деректер бойынша, Әлима Қабылқызының өмір сүрген жылдарын 1872-1944 жылдар аралығы деп белгілеу керек. Ақын туралы деректер әлі де толыға түссе дейміз.
Мұздыбай СӘҢКІБАЕВ,
өлкетанушы.
Ақтөбе қаласы.



