Мәдениет

Үйге әрдайым аман қайтыңыздар!

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің ұжымы Алғыс айту күні қарсаңында күнделікті қызметінде үлкен жауапкершілік жүгін көтеріп жүрген мамандық иелерін арнайы құттықтады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметіне қарасты №2 өрт сөндіру бөлімінде мерекеге орай өткен салтанатты шарада Мәдениет үйінің артистері өнер көрсетті.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған құттықтау сөзінде:

— Әрине, әр мамандықтың да өз орны бар. Бірақ сіздер — адамға ең ауыр сәтте көмекке келетін мамандықтың иесісіздер. Сіздер өз бастарыңызды қауіп-қатерге тіге отырып, қиындыққа ұшыраған жандарға көмектесумен келесіздер. Қағылған дабылдан кейінгі қатерлі сәттерден соңүйге әрдайым аман-есенқайтуларыңызды тілейміз, — деді.

Өрт сөндіру-құтқару қызметінде 18 жылдан бері еңбек етіп жүрген Александр Писанный:

— Мектеп бітірген соң басқа емес, нақ осы салада еңбек етуді бала күнімнен мақсат тұттым. Өйткені менің әкем де осы салада еңбек етті. Мен оның киіміне, жұмысқа ерекше формамен кететініне ылғи қызығушы едім. Күнделікті немен айналысқаны, уақытты қалай өткізгені туралы сұрап, әңгімелерін тыңдауды ұнататынмын. Міне, енді әке жолын жалғап келемін, — дейді.

Салтанатты шарада бір топ үздік қызметкерге Алғыс хаттар табысталды.

Қалалық Мәдениет үйінің ұжымы Алғыс айту күніне орай адамдар көп жүретін орындарда, қоғамдық көлікте «Алғыс керуені» акциясын өткізбек.

Нұргүл АРЫНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button