Мереке

Ана құшағы

1 наурыз — Алғыс айту күні

Алтын асықтай бес ұлдан өрбіген немерелер шаңырағын шаттыққа кенелтіп, Райхан әженің мерейін тасытуда. Жұпар иісі бұрқыраған үйдің кішкентай патшалары құлдыраңдап келіп, бір-бірімен таласа-тармаса құшағына күмп беріп қойып кеткенде дүниенің өзге рахатын ұмыттырады.

Бұл күнде жетпіс үш жасты толтырған Райхан әжеміз өткенді жиі еске алады. Ақ желегі желбіреп, келін боп босаға аттаған сәттер де санасында сәулеленеді. Бес уақ намазын қаза қылмайтын, үстіне шатырдай аппақ ұзын жең көйлек киіп жүретін елге сыйлы молда ата атанған Құсайын ақсақалдың дастарқанға ұзақ бата қайыратыны да күні кеше сияқты еді.

Шүкір, ұлдары өмірден өз орындарын тапты. Өткен жылы атасы түсіне еніп жүргенін айтыпеді, ұлдары алыстағы атажұртқа апарып қайтты. Аталары Құсайын молданың, Қошақай деген елсіз жердегі нағашы аталары Қажығалидың қабірінің басына апарып,ақсарбас шалып, дұға бағыштауды да ұмытпады.

Ким ағамыз бен Райхан апамыздың бес ұлыбарын жоғарыда айттық. Бұлардың атакүлдігі, сонау ақшағылдар арасындағы Атырау облысының Азғыр өңірі атом сынақ алаңы ретінде танымал. Сол өңірдегі төрт түлік малды мыңғыртып айдаған іргелі «Сүйіндік», «Балқұдық» кеңшарлары малды өз төлі есебінен көбейтіп, Одаққа аты шыққан шаруашылықтар болған еді.

Шаңырақтың отағасы Ким Құсайынұлы — қақ-соқпен шаруасы жоқ, істің адамы. Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтының түлегі еді. Шаруашылық зоотехнигі, ферма меңгерушісі сияқты жауапты жұмыстарды мінсіз атқарды. Өзіне тете ағасы Кәкім де жоғары білімді мал маманы. Шағын ауылда бір үйден екі бірдей жоғары маман шығуы ол кездесирек кездесетін құбылыс.

АлРайхан Қажығалиқызы — Атырау медицина училищесін бітірген білікті маман. Аудан орталығынан — 300, облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан, көлік қатынасы да нашар, әсіресе күздің жауын-шашынды лайсаңында, қыстың ұйтқи соққан борандарында жолға шығу тіпті мүмкін емес ауылда медбике болып еңбек ету оңай емес еді. Райхан Қажығалиқызы шаруашылық басшыларынан жол талғамайтын техника сұрап алып, толғағы қатты талай жас келіншекті жолға алып шыққанын қалай ұмытар?

Осындай қарбалас тірлікпен жүргенде жылдар зымырап өтіп,ұлдары да ержетті. Әскери борышын өтеуге аттанған ұлдары Сәбит пен Рахметолла арнайы әскери құрамда болып, ауылға дайын полиция сержанты шенінде оралып, бірден Ақтөбе қаласына жұмысқа тұрды. Сөйтіп, бас көтерген екі ұл алыста қалған ата-аналарын Ақтөбе қаласына қоныс аударуға үгіттей бастады. Әке мен ана да бес ұлды жан-жаққа шашыратпай, бір жерге жинайық деген ниетпен,көштің бетін Ақтөбеге бұрды.

Ата-аналарының келісімін күтіп жүрген ұлдары да шұғыл іске кірісті. Өмір бойы мал маманы болып жұмыс істеген әкелері ақсыз отыра алмайды. Сондықтан мал ұстауға ыңғайлы қоныс іздейік деп ортақ ұйғарымға келген ағайындылар қаладан онша қашық емес жерде орналасқан Үшқұдық ауылынан қора-жайы бар үй сатып алды.

Бұл 1997 жылдың шіліңгір шілдесі еді.Содан бері де климаты қатаң Ақтөбені талай тау-тау қар басып, өзен-көлдер арнасынан тасып төгілді. Үкідей үлбіреген немерелердің алды бүгінде жоғары оқу орнын тәмамдап, қатарға қосылды. Ұлдарының алдыңғы үшеуін аяқтандырып үлгерген Ким әке2001 жылы өмірден озды. Содан бері де өмір ағыны тоқтаусыз алға жылжып келеді. Әкенің соңғы аманаты — кенже баласы да үйлі-баранды болып, немере сүйгізіп отыр. Райхан әже бұрынғы ата-баба салтымен сол кенже баланың қолында, келініне шай құйғызып ішіп отыр.

Хабар салмай бала-келіндері немерелерін ілестіріп, үлкен үйге жетіп келгенде Райхан ана қапелімде абыржып қалды. Сәл нәрсеге боталап тұратын нұрлы жанарын бұларға кезек-кезек аударып, «жайшылық па?» дегенді ұғындырды. Сол-ақ екен, балалары мен немерелері жапатармағай жамырап қоя берді:

— Анашым, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бізге осындай бақытты өмір сыйлағаныңыз үшін Сізге мәңгі қарыздармыз. Сол үшін арнап алғыс айтқалы келдік. 1 наурыз күнтізбеде «Алғыс айту» күні болып белгіленген, — десіп,гүл шоқтарын ұсынып, бетінен сүйіп жатты.

— Тәйірі, баламысың деген, сендерді дүниеге әкеліп, отқа, суға түсірмей, аман-есен өсіргенім үшін, қартайған шағымда алғыс дәметіп маған не көрініпті? — деп жадырай күлді.

Келесі сәтте:

— Келші, қара тентегім, маңдайыңнан сүйейін, сен де бүгін азамат болып,18 жасқа толып отырсың ғой, айналайын, — деп, немересі Рашидұлы Бекзатты мейірлене бауырына тартты.

«Балалы үй базар» дегендей, сәлден соң қара шаңырақтың түңлігі бақыттан желп-желп етіп тұрды.

            Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

            Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button