Білім

Абырой биігіндегі азамат

Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжі ұжымы бірнеше жыл аталған оқу орнын басқарған Ғабиден Ташенбаевты зейнеткерлік демалысқа салтанатты түрде шығарып салды.

Ғабиден Ұлықпанұлы 1979 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген бойда өзі туып-өскен Байғанин ауданындағы мектепте ұстаздық жолын бастады. Әр жылдары аудандық спорт комитетінің төрағасы, аудандық балалар спорт мектебінің директоры, №4 облыстық спорт мектебінде еркін күрес бөлімінің аға жаттықтырушысы болып еңбек етті. 1982 жылы Қазақ ССР-інің спорт шебері, 1993 жылы Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі атақтары беріліп, «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжінің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты.

— 2017 жылы облыс әкімінің бұйрығымен мектеп-интернат ретінде ашылды. Кейіннен колледж болды. Бұл спорт мектебін ашудағы басты мақсат — қазақ елінің спортына жарық жұлдыздар әкелу, ауылдағы спорт сүйер жастарымызға қолдау көрсету. Мұндай оқу орындар бізге қажет. Қазір балаларымыздың спорттағы жетістіктерін мақтанышпен айтамыз.  Еліміздің намысын қорғайтын болашақ чемпиондар өсіп келеді, — дейді Ғабиден Ташенбаев.

Салтанатты шара барысында ардагер ұстаздың спорт саласындағы замандастары, әріптестері мен шәкірттері сөз алып, жылы лебіздерін білдірді.

— Ғабиден Ұлықпанұлы менің ең алғашқы жаттықтырушым. Ағайдың спорт саласындағы еңбегі зор. Адал, талапшыл басшы болып, әріптестерінің арасында іскерлігімен танылды. Туған жері Байғанин ауданында спорт мектебінің салынуына мұрындық болды. Оның жас кезіндегі еңбегінің бір көрінісі, осы спорт мектебі еді. Әлі күнге дейін сол жерде ауыл балалары спортпен айналысып жүр. Көптеген аудандағы құрылыс шараларына өзінің мектебіндегі жігіттерді жұмылдыра білді. Аудан жастарын салауатты өмір салтына тәрбилеу жолында аянбай еңбек етіп, спортшылардың республикалық, халықаралық жарыстарда өнер көрсетуіне көп еңбек сіңірді.

Мектебіміздің ашылғанына 5 жыл болғанымен, жеткен жетістіктеріміз аз емес. Түлектеріміз Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия кубогының иегері атанды,— дейді мектеп директорының спорт ісі жөніндегі орынбасары Атымтай Нұрниязов.

Оқушылар аталған білім ордасында оқумен қатар, екі мезгіл жаттығу жасайды. Интернатта 5 мезгіл тамақтанып, оқу жаттығу жиындарына шығады. Мұның барлығы білім алушыларға зор мүмкіндік.

Қазір мұнда 270-тен астам оқушы тәрбиеленуде. Балалар 8 спорт түрі бойынша жаттығады. Атап айтсақ, еркін күрес, грек-рим күресі, бокс, таэквондо, футбол, үстел теннисі, ауыр атлетика және дзюдо. Әр спорт түрі бойынша емтихан тапсырады. Республикалық жарыстарда жеңімпаз болған оқушылар оқу орындарына тегін түсе алады.

Шара соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құрмет грамотасы, облыстық білім басқармасы басшысының және Алматы ауданы әкімінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табыс етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button