Әлеумет

Бірігіп жеңіске жетеміз!

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы еліміздің алдағы жылғы даму бағдарын анықтап беретін басты құжат екендігін өткен жылдардың тәжірибесі көрсетіп отыр.

2010 жыл Қазақстан үшін жаңалықтарға толы болды. Қазақстанның ЕЕҚҰ-ға төрағалық етуі жылдың басты саяси оқиғасына айналды. Әлемдік саяси аренада өзіндік орны бар бұл ұйымға төрағалық ету Қазақстанның беделін арттырып, алпауыт елдермен тереземізді теңестірді.

Экономика, білім беру, денсаулық сақтау секторларында айтарлықтай ілгерілеулер байқалып, еліміз дамудың жаңа сатысына көтерілді. Әлеуметтік бағдарламалар аясында қабылданған шаралар халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізуде.

Әсіресе, Жолдауда мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлінді. Елбасының: «2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға жеткізу, ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс», — деген сөздері тіл жанашырларының көкейінде көптен бері шешімін таппай жүрген мәселеге нүкте қойды.

Ендігі міндет — осы көрсеткіштерге қол жеткізу жолында аянбай жұмыс жасау.

Ақтөбе облысы соңғы жылдары мемлекеттік тілді дамытуда үлкен жетістіктерге жетті. Мемлекеттік тіл қоғам дамуының барлық саласында қолданылып келеді. Жыл сайын бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлініп, жоспарлы шаралар атқарылуда. Мемлекеттік тілді үйренуге қолайлы жағдайлар жасалуда.

Мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік тілде іс жүргізу жолға қойылды. Нормативтік-құқықтық актілер мемлекеттік тілде дайындалып, хат алмасу да  негізінен қазақ тілінде жүргізілуде. 2010 жылы облыс аумағында орналасқан барлық мемлекеттік мекемелердің шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі арасалмағының 90% құрауы осының айғағы.

Соңғы жылдары өзге ұлттардың да мемлекеттік тілге деген көзқарастары өзгерді. Олар балаларын мемлекеттік тілде тәлім беретін балабақшалар мен мектептерге беруде. Облыс аумағында ұйымдастырылып жүрген байқауларға қатысушылар саны көбейіп, өзге ұлттардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің артып отырғандығын көрсетті.

Әрине, бұл әлі де болса мемлекеттік тілді толығымен меңгердік деген сөз емес. Алдымызда атқарылатын жұмыстар көп. Мекемелердегі жағдай жоғары деңгейге жеткенімен, халық арасында мемлекеттік тілді насихаттауды жандандыру міндеті тұр.

Қазақта «Тәрбие бесіктен басталады» деген нақыл сөз бар. Біз балабақша, мектеп жасындағы жас буынды мемлекеттік тілге үйретпей, Жолдауда көрсетілген міндеттерге қол жеткізе алмаймыз. Ол үшін ең алдымен мектептерде білім беру сапасын арттыру қажеттілігі тұр. Осыған орай, облыс аумағында орналасқан мектеп басшыларынан, қазақ тілі пәнінің мұғалімдерінен Елбасының осы міндеттерін орындауға үлес қосуларын сұраймын.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасы да Елбасының Жолдауда көрсеткен міндеттерін орындауға өз үлесін қосып, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бұдан әрі де атсалысатын болады.

Нұрлан СҮЙІНБАЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің

Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button