Жарандыққа жарау

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымының докторы,
Қазақстанның құрметті журналисі
«Сабақты сөз де сәтімен» деген бар.Бейімбет Майлиннен басталып, Жиенғали Тілепбергеновпен жалғасқан ізденіс ауқымыбелгілі жерлесіміз, «Кедей» газетінің (қазіргі «Ақтөбе») редакторы Кенжеғали Абдуллин сынды көпке бейтаныстау қазақ қаламгерінің өзгешелеу өмірін оқшаулай көрсетіп, жаңа зерттеуге жол ашып еді.
Кеңестік кезеңде Кенжеғали Абдуллиннің сөз мұрасын мұрат тұтқан нақты зерттеуші-іздеушінің болмауы, ең бастысы — «Алашорда қозғалысына қатысушы», «халық жауы» деген кесірлі атақтары оның есімін, өнерін, азаматтық тұлғасын көп көзінен бүркемелеп, қоғамның қаға берісінде қалдыруға мәжбүр етті. Тәуелсіздік бесігінде тербелген туған елі осынау ұрангер ұлының келбетіне ғасырлар тоғысында ғана қайырылды.
Енді осы орайдың оңтайлы алгоритмі өмірнамадағы Кенжеғали тегінің әртүрлі жазылып жүргенінен басталуға тиіс. Бұл әркелкілік, негізінен, «Ғабдаллин», «Ғабдуллин», «Абдуллин», «Серғалин», «Сырғалин» түрінде кездеседі. Біз Кенжеғалидың көзі тірісінде жазылған ең соңғы құжатты — қылмыстық істі және өзі қол қойған құжаттардағы қолтаңбасын басшылыққа ала отырып, оның тегі бұдан былай «Ғабдуллин» емес, тұрақты түрде «Абдуллин» деп айқындалып жазылғаны дұрыс деп санаймыз.
Кенжеғали Абдуллин 1896 жылы Орынбор облысының Қуандық ауданындағы Әлімбет болысы (бұрын Ақтөбе уезіне қараған) аумағында дүниеге келген. 1937 жылы Кенжеғали Абдуллиннің кім екенін НКВД органына барынша ұғындырыпберген жазбада оның «Қазақтың қамы» өлеңдер жинағының басындағы араб қарпімен жазылған аты-жөні «Кенжегалий сын Габдуллы, сына Сергалия Алимбетовского» деген мағына беретіні атап көрсетілген.
Жалпы Кенжеғалидың ататегі туралы дерек тым тапшы, бірақ қолдағы мәліметтерді саралай келгенде оның дәулетті отбасынан шыққанын аңғаруға болады (Ру-аталық жағынан сүйегі осы өңірді мекендейтін байырғы танымал жұртқа жатуы мүмкін; егер газет оқырмандары ой-дерек қосып жатса, тәңір жарылқасын деген ғана тілек айтамыз).1937 жылғы тұтқын сауалнамасында, тергеу хаттамасында Кенжеғалидың әлеуметтік тегі «из бедняков» деп жазылса, НКВД-нің айыптау қорытындысында «бұрынғы молда» деп көрсетіледі.
Қылмыстық істегі «Айыпталушы Кенжеғали Абдуллиннің көрсетуі» деген құжаттан оған «Сіздің әкеңіз молда болды ма?» деген сұрақ қойылғанын көреміз. «Жоқ» деп жауап берген Кенжеғалиға: «Тергеу сіздің әкеңіздің бұрын молда болғанын анықтады, шындықты айтыңыз!» деп қайта сұрақ қойылады. Бұған Кенжеғали: «Менің әкем молда болған жоқ» деп нақты жауап беріпті.
Бұл арада тергеуші айыпталушының тағдырын дінмен де байланыстырып, тағы бір кінәлаудың қисынын келтіргісі келгені байқалады. Бірақ Кенжеғалидың кесімді жауабы одан әрі өрбітпей, мәселеге нүкте қойған тәрізді. «Тергеу анықтаған»«молда» мәселесі жоғарыда айтылған жазбаның: «Абдуллин Кенжегалий происходит из биев быв(шей) Алимбетовской волости Актюбинского уезда, ныне Оренбургской губернии» деген сөздерімен ұштасып жатқаны сезіледі.
КенжеғалиҚазан қаласындағы жаңа әдіспен оқытатын «Мұхаммадия» медресесінде білім алған. Кейбір құжатта бұл оқу орны «Ғалиев училищесі» деп те аталады.Құжаттарда оның медресеге қай жылы түскені көрсетілмейді, алайда тұтқын сауалнамасында, тергеу хаттамасында (1937) Қазан қаласындағы Ғалиев училищесін 1916 жылы бітіргені, орта білімі бар оқытушы екені жазылған. 1912-1914 жылдары Қазан қаласында қазақ тіліндегі алғашқы оқулық үлгілерін, өлеңдер жинағын шығарған қызметі Кенжеғалидың бұл медресеге белгілі бір біліми-шығармашылық дайындықпен келіп түскенінаңғартады.
Медреседен кейінгіөмір жолы турасында әлгі жазбада мынадай баяндаулар бар (қолжазба тілі бойынша): «Перед Февральской революцией учительствовал он в начальной частной школе «Сауле» («Луч»), организованной и содержавшейся на средства баев-капиталистов бывш. 2-ой Буртинской вол. Актюб. уезда (ныне террритория Оренбург.губ.) Бейсембая Тныштыкбаева и др. Школа была алашординская и Тныштыкбаев был алашординцем. В этой же школе он издавал в 1917 г. шапирографическим способом газету «Балапан», то же алашординскую. В Алашординской газете «Казак» помещал свои стихотворения… работал вместе с вышеназванным Б.Тныштыкбаевым в алашординском суде секретарем».
Кенжеғалимен тағдырлас, қуғын-сүргін жылдарының жылнамасында есімі қатталған Бейсембай (Бисембай) Тыныштықбаев әлеуметке біршама таныс; ол өз заманының ойы озық азаматтарының бірі болған.Алайда «Алашордашы Тыныштықбаев» жайында «Кенжеғалимен бірге халық сотында істеді» деген жанама мәліметтен басқа, өмір-ғұмырлық толымды деректер аз.
Отыз жетінші жылдың Кенжеғалиға қатысты тағы бір құжатында: «В период гражданской войны и после восстановления Советской власти в Казахстане был автором целого ряда контреволюционных националистических произведений, в которых он открыто агитировал на создание буржуазно-националистического государства в Казахстане на основе программных установок Алаш-орды» деген айғақсыз әрі жолсыз да жөнсіз айыптау кездеседі.
Кенжеғалидың төңкеріске дейінгі шығармашылығын өз мақсатына орайластырып, «буржуазиялық-ұлтшылдықты» таңып отырған НКВД айыптауының арқауы, әрине, «Қазақтың қамы» деп жырлаған, ұлтының өткені мен бүгінін һәм болашағын бағдарлаған ақынның алғашқы жинағына барып тіреледі.
Анығында Кенжеғали Абдуллиннің 1912-1914 жылдары Қазан қаласынан «Ислам негізі» атты аударма (татар тілінен) еңбегін, «Қазақ балаларына жәрдем» деген қазақша әліппені, «Өнеге яки нәмуне» деп аталатын дауыстап оқуға арналған оқу құралын, «Қазақша самоучитель» жинағын, сондай-ақ «Қазақтың қамы» және «Ұран» деген атпен екі өлеңдер жинағын жеке кітап етіп шығаруы — құбылыстық тұрғыда қаралатын жайт (Оның қазақша әліппесі 1923 жылға дейін Қазақстандағы кеңестік мектептерде де оқулық ретінде пайдаланылды).
Жалпы саны аз болса да (тоғыз), «Қазақтың қамы» жинағына, негізінен, ұзақ өлеңдер енгізілген. Беташардағы кітап атына сай келетін «Қазақтың қамы» өлеңінде ақынның күллі толғанысы халықтың сол таңдағы халіне («Болған соң қорқынышты қазақ халі…») бағышталған.
Уайымсыз біздің қазақ тоқ болған соң,
Білмейді алдын ғылымы жоқ болған соң.
Білгендер күні-түні қорқынышта,
Дүние жанып тұрған шоқ болған соң.
Бұл оттан сақтау керек әркім жанын,
Өкінер сақтанбаса соғып санын.
Білгенге қарсы келіп болсақ дұшпан,
Дүниенің көре алмайсыз жарық таңын, — дей келе, шоқтай жанып тұрған мынау алмағайып дүниеде — білген адамның пайдалы тілін алу, сол айтқанмен өнер табу, ұл мен қызды іске баулу, солардың бостандығы мен келешегі маңызды екенін білдіреді.
Бұл ғасыр басындағы ағартушылық идеяны ұстанған көптеген қалам иесіне тән қолтаңба болса-дағы, Кенжеғалидың тебіренісі қазақтың қамын алдымен «Ел қамын ойлайтұғын асылдар» ескеруі қажеттігіне барып тіреледі. Ол халықтың алдағы жаңаша тынысының кілтін дәл осыдан көреді. Алаш көшін бастаған арыстардың ізімен жүрген кейінгі жолы осы өлең мұратымен де үндесулі.
Өткен ғасыр басында әдеби-шығармашылық үдеріске елеулі әсер еткен еңбектің бірі —Сәбит Мұқанұлының «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деп аталатын зерттеуі еді. 1932 жылы жарық көрген бұл кітапта бірінші рет Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Омар Қарашұлы (Ғұмар Қараш), Мағжан Жұмабайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Сәбит Дөнентайұлы, Бернияз Күлейұлы, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытұлы өмірі мен шығармашылығы жайында кеңінен баяндалды. Күш алған кезеңнің риторикасына сай Сәбең бұл қаламгерлерді кеңестік билікке бас имеген, онымен идеялық күрестегі ұлтшылдық, байшылдық дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдері ретінде көрсетті.
Сәбит Мұқанов осы зерттеуінде Кенжеғали Абдуллиннің (кітапта Ғабдуллин, Ғабдолин, Қабдоллин нұсқасында кездеседі) екі жинағындағы екі өлеңінен мысал келтіреді. Оның біріншісі — «Ұран» жинағына қатысты:
«Саяси бетін ашқаннан кейін ұлтшылдардың басты ұрандары мыналар болды:
Өткенді дәріптеу:
Ұлтшылдар ең алғаш қолына қалам ала салысымен қазақтың отарға бағынбаған, өз алдына хандық құрған дәуірін дәріптей бастады:
«Ах, өттің, күшпен палуан шыққан күнім,
Алысып, бірін-бірі жыққан күнім.
Ақсақал ақыл айтса, аузын ашып,
«Ләппай» деп, жас жігіттер ыққан күнім.
Ах, өттің, мұнар болып жанған күнім,
Қылды қырыққа әділдікпен жарған күнім», — («Ұран», 6-бет) деп Кенжеғали Ғабдолин жазады».
Расында да,бұл — Кенжеғалидың «Ұран» жинағындағы сегіз бөліктен тұратын «Ах, күнім…» өлеңінен ықшамдап алынған алты жол еді. Ал Кенжеғалидың «Қазақтың қамы» атты алғашқы жинағынан алынған жыр жолдары Сәбит Мұқановтың осы зерттеуінде «ұлтшылдардың оқу, мәдениет жұмысын ұран ғып алуына» байланысты мысалға келтіріледі. Әуелі Міржақыптың «Оян, қазақ» жинағындағы бір өлеңін мысал еткен автор бұдан кейін Әбдікәрім Мәжитов есімді ақынның «Қазақ шәкірттеріне хиждажа» жинағынан жыр ұсынады. Үшінші болып Кенжеғалидың өлеңін тілге тиек етеді:
«Ей, жастар, біз жатпайық қарап текке,
Оқиық әр ғылымды талап шетке.
Оқуға бір жақсы үлгі біз де іздейік,
Көз салып газеттегі түрлі кепке…
Әр пәннен хат алайық, ғылым іздеп,
Халықтың қор болмайтын жолын іздеп.
Оқытып түрлі пәнде дін-дүниені,
Айтайық осылайша болыңыз деп», — («Қазақтың қамы», 10-бет) деп Кенжеғали Ғабдуллин жазады».
Бұл — Кенжеғалидың «Жиырмасыншы ғасырдың жастарына» деп аталатын қырық жолдай өлеңінен үзінді.
Сәбит Мұқановтың жазуынша, Қазақстандағы «байшыл, ұлтшыл жазушы, ақындар бас-аяғын жинағанда, 20-дан аса адам». Зерттеу нысанасы етіп олардың «бәрін бірдей алғамыз жоқ, көрнекті-көрнектілерін алдық» деп түсіндіреді бұдан әрі. «Мәметұлы Ахмет, Қабдоллин Кенжеғали, тағы сондай ұсақтауларын тастап кетіп, олардың кім болғанын, әдебиетте не қызметі болғанын көрсету үшін мысал есебінде бірнеше шығармаларын алып отырдық» деп жазады және.
Сәбеңнің Ахмет Мәметұлы (Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың әкесі) мен Кенжеғали Абдуллинді «ұсақтаулар» сапына қосып отырғаны сірә де олардың шығармашылығының кемшіндігін көрсетпесе керек; керісінше, екеуінің де кейіннен өнер жолын бастаған өлең өлкесінен алыстап, бірыңғай ағартушылық қызметпен айналысып, әдеби-шығармашылық үдеріске дендеп үн қоспаған «ұсақтығын» ұғындырғаны сыңайлы. Міне, біртуарлармен бір сапта болып, байшыл-ұлтшыл ақын-жазушылар«отрядына алынған» Кенжеғали Абдуллиннің ақындық қолтаңбасының кеңестік кезеңде көп көрінбеуінің түпкі сырын осы баяндаулармен орайластырып һәм сол дәуірдің жақсыны жат тұтқан дүрбелеңі арқылы ойға сіңіруге болады.
«Қазақтың қамы» шын мәнінде ел қамын ойлайтұғын ұлтжанды азаматтың ой-арманын, мақсат-тілегін қазақ өмірінің сол тұстағы ең бір өзекті мәселелерімен ұштастырды; ақын әлеуметтің орныққан хал-күйін өлең сөзбен өндірте баяндады. Автордың «темірқазық жастанған» ұстанымы: «елді мехнатқа салған надандықты жою, халықтың көзін ашу, жастарды білім-ғылымға үйрету, көшпелі ғұрыпты тастап, отырықшылыққа көшу, әйел затының теңдігін орнықтыру» болды. Бұл үшін дәулетті адамдарды, байларды мектеп салуға, мұғалім алуға, дін мен білімді бірлестіре дамытуға шақырды. Егер жұрт «жиналып, надандыққа дәру етсе», өзінің де «жарандыққа жарайтынын» ескерте өтті.
«Жаран» — көне сөз; әлеумет, жұртшылық, қауым деген ортақ мағынаны білдіреді; қазақ тіліндегі «уа, жарандар» деп қайырылудың астарынан осы көпшілікке сөз арнау аңғарылады. Түркі тілдес ағайын ішінен қырғыз бір туғандар «жаран» сөзін «азамат» тұлғасында пайдаланады, бізді «Казакстаннын жарандары» дейді, онысы — «Қазақстанның азаматтары» дегені.
Ақтөбенің көне «Кедей» газетінің редакторы болған алаш арысы Кенжеғали Абдуллин айналымға қосқан «жарандыққа жарау» —осы мағыналардың бәрін бойына сіңірген, бүгінгі сан түрлі сөздіктен табылмайтын, жиі қолданысқа түспеген, қанша қайнаса да сорпасы сарқылмайтын қазақы тіркес, соншалықты жанға жақын әрі түсінікті қолданыс. Жарандыққа жараудың тегінде елге қызмет ету жататыны белгілі. Жарандыққа жарағанға не жетсін!?



