Денсаулық

Тіс емдеу құны неге қымбат?

Еліміздегі стоматологиялық қызметтің құны қымбат. Тіпті тісті емдету мен салдыру былай тұрсын, жұлдыру бағасының өзі өскен. Алда-жалда тісіңіз ауырып, стоматологиялық орталыққа барсаңыз, бір тісті емдеу үшін 10 мың мен 30 мың теңге аралығында, ал жұлдыратын болсаңыз 7 мың мен 20 мың теңге аралығында ақшаңызды шығындауға дайын болыңыз. Біз осы орайда бірқатар тіс дәрігерлерімен тілдесіп, олардың пікірін білген едік…

Имплант салдыру қанша тұрады?

Тіс емдеу құны неге қымбат? Оған басты себеп — тіс емдеу барысында қолданылатын барлық құрал-жабдық пен материалдың шетелден әкелінуі дейді мамандар.

Ақтөбе қаласындағы эндодонтист дәрігер Нұрғали Маратовтың айтуынша, тісті алмастыратын имплантаттар Оңтүстік Корея, Израиль, АҚШ, Жапония сынды мемлекеттерден, пломбалық материалдар да Германиядан алынады. Тіпті жансыздандыратын екпенің өзін АҚШ пен Франциядан, Швециядан алып отырмыз. Ал оның бір ампуласының орташа құны — 15-20 мың теңге. Түптеп келгенде мұның бәрі стоматологиялық қызмет құнының шарықтауына әкеліп отыр.

— Қазір медицинада тіске имплант орнату кеңінен таралды. Бұл, негізінен, сүйекке бекітілетін бөлігі мен үстіне бұралатын тіс сауытынан тұрады. Шамамен бір тістің бағасы 120-140 мың теңгеден басталады.

Имплант салар алдында, ең алдымен, компьютерлік томография жасаймыз. Бұл жақ сүйектің қалыңдығын, жалпақтығын қарау үшін қажет. Соған байланысты импланттың өлшемін аламыз. Сүйектің астында нерв жүйесі болады. Имплант оған жетпей орналасуы керек. Сондай-ақ қанның ұюын бақылау және вирустық бактериалдық аурулары бар-жоғын анықтау үшін қан тапсырады. Әрине, ең алдымен, ауыз қуысының микрофлорасы таза болуы керек.

Қазір балалардың тістері өте нашар. Кішкентайынан сүт тістерінен айырыла бастайды. Әр тістің өзінің түсетін, орнына тұрақты тіс шығатын уақыты болады. Мысалы, қазір 6 жаста түсетін тістерді 2-3 жаста жұлдырып жатады. Ерте жастан жұлынса, тұрақты тістің шығуы кешеуілдейді. Олардың шығу уақыты бұзылғаннан кейін өзінің орнынан емес, басқа жерде қисайып шығады. Сондықтан тамақ шайнау қалыпты болмаса, тіс жегі пайда болады, — дейді Нұрғали Маратов.

Брекеттің пайдасы мен зияны

Тісті түзеймін десеңіз, брекетке жүгіну — ең оңай жол. Брекеттің бағасы оның түріне қарай бөлінеді. Ең қолжетімділері — металл брекеттер. Сапфирден жасалған мөлдір брекеттердің бағасы жоғары. Орта есеппен алғанда, брекет салдыру үшін қалтаңызда 60 мыңдай ақша болуы керек.

— Егер науқастың иммуннолгиялық, онкологиялық, психоневрологиялық аурулары болса, қан диабетімен ауырса, брекет қондыруға болмайды.

Брекеттің бірнеше түрі бар. Көп қолданылатыны — темірден жасалған түрі, ал металға аллергиясы бар адамдар алтыннан жасайды. Керамикадан, ақ түсті сапфирден жасалған брекеттер көзге аса көрінбейді. Сондай-ақ тістің ішкі жағына қойылатын брекеттер де бар. Салыстырып қарасақ, темірден жасалған брекет арқылы аз уақытта жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Брекет тістің эмалының бүлінуіне және босауына алып келуі мүмкін, — дейді Нұрғали Маратов.

ДӘРІГЕРДЕН КЕҢЕС:

Тіс саулығын сақтау үшін қатты тағамдарды жиі пайдалану керек. Мәселен, оларға жеміс-жидектер мен көкөністер жатады. Ішінде фосфор, калий, кальций, темір бар тағамдарды тұтынған дұрыс. Тек жұмсақ тағамдарды тұтынсақ, тіс өз функциясын дұрыс атқармайды. Соның салдарынан тіс жегісі пайда болады.

Сондай-ақ қанты көп тағамдар мен газды сусындардан кейін міндетті түрде тісті тазалау керек. Себебі тәтті тағамдар салдарынан микроорганизмдер тез дамиды.

Ауыз қуысының тазалығы — саулық кепілі

Қазір балалардың 80 пайызы тіс ауруынан зардап шегеді. Облыстық балалар стоматологиясы бас дәрігерінің орынбасары Роза Салихованың айтуынша,  былтыр 99137 бала тіс ауруымен дәрігер көмегіне жүгінген. Аталған емханада 18 жасқа дейінгі балалар мен жөсөспірімдерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін ем жүргізіледі.

Оның айтуынша, тістің қатты тіндерінің бұзылуына үш негізгі себеп алып келеді.

— Осы салада еңбек еткеніме 35 жылдан асты. Жыл сайын балалар арасында тіс ауруы көбейіп барады. Бүгінде емханаға, әсіресе 4 жастан асқан балалар жиі келеді. Көбісі тіс тазалығына неқұрайды қарайды. Ауыз қуысының гигиенасын таза ұстау керек. Бұған баланың ата-анасы да мән беруі тиіс. Қазір қант қосылған тағамдар да көбейіп кетті. Сондай-ақ біздің өңірде судың құрамында фтор аз. Осының барлығы балаларда тіс жегісінің пайда болуына әкеп соғады, — дейді дәрігер.

Ортодонтиялық көмек әртүрлі дәрежедегі жақтың дамуында ақаулары бар адамдарға қажет. МӘМС жүйесі арқылы ортодонтиялық көмектер тегін көрсетіледі. Бұл көмекті 6-12 жасқа дейінгі әлеуметтік қорғалатын отбасылардан шыққан балалар ала алады. Оған атаулы әлеуметтік көмек алатын отбаслылар да жатады.

Роза Салихованың айтуынша, 12-13 жастан бастап ауыз қуысындағы барлық тұрақты тістер шығып болғанда брекет салуға болады. Ауыз қуысының гигиенасын сақтамағаннан қызыл жиектің қабынуы пайда болады. Тісті дұрыс гигиеналық тазалау болмаса, тістің қызыл иек жегімен жалғасқан жерінде микроптар тұрып қалады. Бұл гингивит ауруына шалдықтырады. Мұндай ауру қазір жасөспірім балаларда жиі кезедеседі екен.

6 жастан бастап баланың ауыз қуысының саулығы тістің тазалығымен тікелей байланысты. Бала 7 жасқа толғанда тұрақты тістер пайда болып, уақытша тістер түсе бастайды. Ал 12 жаста тұрақты тістердің барлығы шығып болады. Осы уақытта тіс сау болмаса, ауыз қуысы бұзылады. Ал 15 жаста тұрақты тістердің түбірі қатаяды. Егер осы кезде жақтың тістесуі дұрыс болмаса, жақ сүйегі бұзылып, өспей қалуы мүмкін. Сондықтан баланы жылына екі рет тіс дәрігеріне қарату керек.

Ішетін тағамдарымызға да аса мән беру керек. Мәселен, 1 стакан колада 7-8 қасық қант болады. Бұл өте зиян. Құрамында белогы бар тағамдарды және ет жеген пайдалы, — дейді дәрігер.

10 жылға кепілдік беріледі

Еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде тіс емдеу орталықтары тапшы. Ал күн сайын бірнеше науқасты қабылдайтын ауылдағы бір-екі маманның барлық адамды бір мезетте қарауға уақыты жетпейтіні анық. Соның салдарынан ауыл тұрғындары қалаға сабылып, ем іздейді. Шамасы жеткен жандар тістерін жөндету үшін қолдағы барын береді. Ал емдеу құнын қалтасы көтермейтін науқастар амалдың жоқтығынан кері қайтуға мәжбүр.

Бүгінде елімізде несие рәсімдеп, не болмаса ақысын бөліп төлеу арқылы тіс емдеу қолға алынды. Мұның тиімділігін көріп отырған жандар да бар.

— Ақтөбе қаласынан 3 имплант тіс салғыздым. Алдымен барлық тістерімді рентгенге түсірді. 10 тіс емдетіп, 1 тісімді жұлдырттым. Бір имплант салдыру 100 мың теңгенің үстіне шықты. 10 жылға кепілдік берілді.

Қазір барлық жерде несиеге рәсімдеуге болады. Бұл бізге өте тиімді тәсіл. Ең бастысы — денсаулық қой, қалғаны табыла жатар, —  дейді Хромтау ауданының тұрғыны Қызғалдақ Тоқсамбаева.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Д.Нұрланқызы да осыдан үш жыл бұрын тісіне брекет салдырғанын айтады.

— Бала кезімде азу тісімді жұлдырттым. Одан тістердің бәрі қисайып, жылжи бастады. Астыңғы тістерімді біріктіру үшін брекет салдырдым. Ол кезде 45 мың теңгеге шықты. Ай сайын тексеріске барып тұрдым. Оның өзіне 10 мың теңгеден төледім. Мен үш жыл бойы брекетпен жүрдім. Нәтижесі жақсы, — дейді ол.

Тегін көмек кімдерге көрсетіледі?

Стоматологиялық көмектің шұғыл және жоспарлы түрде тегін көрсетілетін екі түрі бар. Шұғыл стоматологиялық көмек түрін 8 санатқа жататын адамдар ала алады. Олардың қатарында балалар, жүкті әйелдер, мүгедек балаға күтімді жүзеге асыратын жұмыс жасамайтын тұлғалар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын жұмыс жасамайтын тұлғалар, зейнетақы төлемдерін алушылар, соның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I   және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар бар. Ал жоспарлы көмек түрі жүкті әйелдер мен балаларға көрсетіледі. Стоматологиялық көмек алу үшін  емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгінуге болады. Бір ескеретіні, стоматологиялық қызмет көрсететін клиника сақтандыру қорының  әлеуеттік жеткізушісі, яғни қормен келісім жасаған болуы керек.

 Қазір барлық қалада жеке стоматологиялық кабинеттер жетерлік. Ал мемлекеттік медициналық емханаларда тіс дәрігерінің кабинеті жоқ. Өйткені медициналық қызметтің бұл түрі әлдеқашан жекеменшікке айналған.  Сондықтан қалтаға қол салғаннан басқа амал жоқ.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button