Ит құрлы болмадым

(әзіл әңгіме)
Тал түсте ыңылдап өлеңімді айтып, көшеде келе жатыр едім, алдымнан еңгезердей төрт жігіт шықты.
— Ағасы,темекі бар ма?
— Темекі түгілі, насыбай да атпаймын, —дедім.
— Қатеғой…
— Неге?
— Причем насыбай?
— Болса берем ғой…
— Басты кетірмеші,қазір бетіңді каша қыламыз,— деді біреуі жұдырығын түйіп.
— Каша жемеймін.
— Қатты сөйлеп қоясыз, — деп,жағама жабыса кетті.
Төрт жігіт жерге жығып, төмпештеп жатыр. Ешкім айырмайды. Өткен-кеткендер ұялы телефондарына түсіріп, қызықтап тұр. Бар күшімді жиып, түрегелдім.Бір кісі айқайлады:
— Неге тұрып кеттің?
— Мыналар тепкілеп жатқан жоқ па?
— ым жақсы түсіріп, инстаграмға саламын ба десем,бәрін құрттыңыз. Өзің оңбаған адам екенсің,обалың жоқ, — деді.
— Ой,не интересный бой, — дейді бір бойжеткен қыз.
Иттер төбелесін тамашалап тұрғандай сөйлейді.Біреу таяқ жеп жатқанда қызықтап тұрғандарға таңғалдым.
Мұрным қанап қалды. Сүмірейіп үйге келдім. Полицияға арыздандым. Хабар болмады. Арада он күн өтті. Жерге жығылғанымды ұмыта бастадым. Бір күні аулада байлаулы тұрған итім қарғысынан босанып кетіпті. Дәл сол мен таяқ жеген жерде итімді сотқарлар соққыға жығыпты. Үйге полиция келді.
— Мына ит сіздікі ме?
— Иә,иә, байлауынан шешіліп кетіпті.
— Итіңізге неге қарамайсыз? Тентектер аяусыз таяқпен ұрыпты.
— Қап, байқамай қалыппын, — дедім. Итке бақылау жасамағаныма айыппұл салды. Кешке теледидарды қосып қалсам, жаңалықтардан менің итімді көрсетіп жатыр.
— Бүгін сұмдық оқиға болды. Тал түсте жазықсыз ит таяқ жеді. Иесі қайда қарап отыр? Мұндай адамдарды жауапқа тарту керек, — деп қояды.
Таңертең біреу телефон соқты.
— Сәлеметсіз бе, мен дүниежүзілік жануарлардың құқығын қорғау ұйымынан хабарласып тұрмын. Итіңізге немқұрайды қарап, көңіл бөлмегеніңіз үшін халықаралық сотқа тартыласыз, — деді.
Өткенде мен бұзақылардан зардап шеккенде ешкім іздеп келмеп еді. Итім құрлы болмадым-ау?..
Түске таман үйге бір топ адам сау етіп жетіп келді. Менің итімнің тұрмыс-тіршілігін тексеруге құрылған арнайы комиссия екен.
— Итке күніге қанша мезгіл тамақ бересіз?
— Бір рет.
— Өзіңіз?..
— Үш мезгіл ішем.
— Қатыгез екенсіз,— деді тексеруші.
Аулада тұрған иттің үйшігіне барды. Итім ұрғашы еді. Бауырында қыңсылап сегіз күшігі жатыр.
— Ужас,мына ит «көпбалалы» ғой, — деп, біреуі баж ете қалды.
— Бала емес, күшік,— дедім.
— Сонда сіз сегіз күшігі бар итті бір үйшікке ұялмай қалай ұстап отырсыз? Обал емес пе?
Жүрегіме қатты тиді.
— Енді төрт бөлмелі үйшік салып берейін бе? Өзім бес баламен бір бөлмелі үйде тұрып жатырмын ғой. Онда тұрған не бар?
— Айуан, бұл — хайуан. Ит — жеті қазынаның бірі. Сен кімсің? — деді толықша келген әйел дікілдеп.
Бетімді тіліп салды.
— Осы иттің иесімін.
— Осындай дамыған заманда көп күшікті итке зәбір беру ақылға сыймайды. Сізді ит асырау құқығынан айырамыз, — деп, комиссия әкімшілік хаттама толтырды.
Көп ұзамай полиция келіп, итімді күшіктерімен алып кетті. Қазір қаланың ортасында бір крутойдың ауласында бес бөлмелі үйшікте уақытша тұрып жатыр. Күшіктері бауырын көтергесін шетелдіктер алып кетеді екен. Дегенмен итімнің осыншама абыройына іштей қуандым…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН.
Ауыл айтқыштары
Жас кезімде Шалқар ауданының Мөңке би ауылында 12 жыл тұрып ем. Бидің ұрпағы Ержан деген кісі айтқыштың бірі еді. Үлкейе келе аурушаң болды. Ұзақ жыл науқастанып жүрді. Сөйтіп жүргенде ауылдағы біраз сау қатарлары одүниелік боп кетті. Нағашылы-жиенділерінен де көп адам кетіп қалды. Бірде жиендерінің бірі«Қалайсың, Ереке?» десе:
— Қалай екенін өзім де білмеймін, көп болды, ауруын мен ауырамын да, өлуін басқалар өледі, — депті.
* * *
Ержан ағамыз ертеректекеңес өкіметі орнап, «Билік советтерге берілсін!» деп ұрандатып тұрғанда ауылсовет басшысы болады.
«Тоқаш» аталып кеткен балдызымен бірге ат үстінде жол жүріп келе жатып қалжыңдасыпты. Жездесінің ащы тіліне шыдамаған еңгезердей тентек балдыз оны сабамақ болады. Ержан қаша жөнеледі. Астындағы ұшқыр ат үстіндегі адамды бұйым құрлы көрмей, суырылып шыға келеді.
Сиыр ферманы жанап өте бергенде алдынан аңқаулау келіндерінің бірі жүгіре шығып:
— Қайнаға-ау, орталыққа барсаң,қант ала келші, — деп, ақшасы мен
қалтасын ала ұмтылады.
Сонда қашып келе жатқан Ержан:
—Ой-бу-й-й, қарағым-ай, Ақтоқаштың мені қалай қарата қуатынын қайдан білейін, – депті.
* * *
Ержанның баласы марқұм Сабыр да әкесіне тартқан, әңгімесінің юморы басым адам еді. Бірде біздің үйдің бұзауы жоғалды. Табылмаған соң «мүмкін, осылай қарай кеткен шығар» деген оймен, іргедегі теміржол бекетіне келдім. Сабырға кездесіп, жоқ іздеп жүргенімді айттым.
— Бұзауың қызыл қасқа ма еді?— деді Сабыр.
— Иә.
— Құйрығының ұшы ақ па?
— Иә.
— Ноқтасы ала?
— Иә-иә. Тап сол!
— Бас жібі кендір ме еді?
— Кендір, кендір… Қайдан көрдің, қай жерде жүр?..
— Ә-ә-ә, сенікі екен ғой. Онда ол бұзауың былтырғы біздің
бұзау сияқты болды.
— Сенің бұзауың не істеп еді?— дедім, дегбірім қашқан мен.
— Пойыз басып кетіп еді…
Жұбаназар АСАНОВ.
— Соңғы кезде жер-жерде Қаңқа Қилыбаевпен кездесулер жиі болып жүр.
— Ұйымдастырушылар кімдер екен?
— Қаңқа Қилыбаевтың өзі ғой…
***
— Шығармаларыңызды кітапқа бермей тұрып газет-журналдарға жариялауыңыздың себебі неде?
— Алдын ала жөндеуден өтеді…
***
— Былтыр осы уақытта Пітуа Пәрменовті кәсіподақ төрағасы етіп тағайындап, ең негізгі мәселе — пәтер мәселесін қолға алуды талап еткенбіз.
— Жұмыс нәтиже берді ме?
— Бергенде қандай, бел шеше кіріскеннің арқасында білдей бір қызметкеріміз пәтерлі болып отыр.
— Ол кім?
— Пітуа Пәрменов…
***
— Бопаның папасы-ау, осы барымызға мотоцикл сатып алайық…
— Неге?
— Мотоциклдің байғазысына машина мінеміз…
Берік САДЫРОВ,
«Не десем екен?!» әзіл әңгімелер жинағынан.
ТУТАНХАМОН
Бір кісі антикварлық дүкенге кіріп, сөрелерді сұлықсыз қарап өтіп, енді сыртқа шығуға бет алғанда мына бір көріністі көзі шалады. Есік алдында мысық сүт ішіп жатыр екен, ал сүт құйылған ыдыс (адам сенгісіз!) —Тутанхамон. Біздің эрамызға дейінгі VІІ ғасыр!
Әлгі адам кейін қайтып келіп, сатушыға:
—Кешірерсіз, мен жалғызбасты адаммын, достарым жоқ.Маған мына мысығыңыз ұнап қалды. Осы мысықты маған берсеңіз, —деп өтінеді.
—Жоқ, жоқ, бұл мысықты балалар соншалықты жақсы көреді, бере алмаймын.
—Менің де жағдайымды түсінсеңізші, мысық маған серік болар еді. Мен сізге он доллар берейін…
— Жоқ, жоқ, сатылмайды!
Ақыры саудаласа келе, мысық 150 долларға сатылады. Әлгі кісі шығып бара жатып, есік алдында бұрылып:
—Сіздің мысығыңыз сірә осы ыдыстан ішуге әдеттенген болар. Ыңғайы солай болса, оны да бере салыңыз.
—Жоқ, жоқ.
— Мен ыдысыңызүшін 10 доллар берер ем…
— О не дегеніңіз? Бұл Тутанхамон ғой, біздіңэрамызғадейінгіVІІғасыр! Мен осылайша 87 мысықсаттым.
Нағашыбай БАЛМАХАНҰЛЫ.
…деген екен
Белгілі карикатурист-суретші Еркін Нұразханов ақын Сырбай Мәуленовке әлдебір уәде береді де,соңынан ол берген уәдесін орындамай, біраз уақытқа дейін ұмытып кетіпті. Сөйтіп жүргенде бірде Еркін көшеде Сырағаңа кезігіп қалыпты. Сонда Сырағаң Еркіннің қолынан шап беріп ұстай алып:
— Айналайын, Еркін балам,
Уәдеңмен көңіл алаң.
Сен бүйтіп алдай берсең,
Карикатураңды өзім салам, — деген екен.
Дайындаған Самат НАРЕГЕЕВ.



